ҚАУЛЫ
2025 жылғы 11 қараша №6003-25-00-2к/1556 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.К.Тлеубаева, прокурор О.С.Пернеевтің,
талап қоюшының өкілі А.Айдарханқызының, жауапкерлер М.А.Альжановтың өкілі Ш.А.Жолдасованың, Сарыағаш ауданы әкімінің өкілі Ж.Қ.Әліқұлдың, «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Б.Н.Жандардың, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі М.Ш.Мырзамуратовтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер Меирхан Арипхожаевич Альжановқа, Сарыағаш ауданы әкіміне, «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, нотариус Айгерим Жолдасовна Калыкуловаға, нотариус Зұлпыхар Нұрланұлы Рахматуллаевқа, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына әкімдіктің қаулысын және жер учаскесін жалға беру шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер өкілінің Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Сарыағаш аудандық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2007 жылғы 10 қаңтардағы №80 қаулысы және Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі мен М.Альжановтың арасында жасалынған 2023 жылғы 30 мамырдағы №2827 жер учаскесін жалға беру шарты жарамсыз деп танылған.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкер М.Альжановтың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкер М.Альжановтың өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттармен материалдық және процестік заң нормаларын елеулі түрде бұзылғанын, Департаменттің мұндай талап қоюды сотқа беруге құзыреті болмағанын, аудан әкімдігінің қаулысын жарамсыз деп тану туралы талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуы тиіс болғанын, сондай-ақ, даулы жер учаскесінде жауапкер М.Альжанов шаруа қожалығын жүргізіп жатқандықтан оған берілген
талап қою экономикалық соттың қарауына жататындығын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін және прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының 64бабының 1-тармағының 1) тармақшасына және 2-тармағына сай, жеке-дара қолданылатын құқықтық акт Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамаға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуі тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауы тиіс.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 267бабының 1-тармағында егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылатыны көрсетілген.
20-бабының 1-тармағына сай Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.
Жер кодексінің 100-бабында жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлердiң арасында қайта бөлу мақсатымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мен босалқы жер есебiнен арнайы жер қоры құрылатыны қарастырылған.
Іс құжаттарымен Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2007 жылғы 10 қаңтардағы №80 қаулысымен Арипхожа Альжановқа Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылдық
округі аумағындағы арнайы жер қорынан 200,0 га жайылым жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін 49 жылға ұзақ мерзімге уақытша пайдалануға жалға берілгені анықталған.
Осы қаулы негізінде кадастрлық №19-296-017-034 сәйкестендіру құжаты рәсімделген. А.Альжанов 2014 жылы қайтыс болған. Заң бойынша мұраға құқық туралы 2016 жылғы 21 қаңтардағы №196 куәлігі негізінде оған тиесілі болған жер учаскесі ұлы Альхожа Арипхожаевич Альжановқа рәсімделген.
Мұра негізінде қабылданған 200,0 га (кадастрлық №19-296-017-034) жер теліміне Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі мен А.Альжанов арасында 2018 жылғы 15 қазанда №759 жалға беру шарты жасалынған.
Департаментпен Сарыағаш ауданы, Жонарық ауылы, Қайыпжан ата көшесі №8 үй тұрғыны С.Аблаевтың арызы негізінде тексеру жүргізіліп, Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2007 жылғы 10 қаңтардағы №80 қаулысының күшін жою туралы шешім қабылдау жөнінде 2022 жылы 14 шілдеде №25 нұсқама берілген.
2022 жылғы 8 шілдедегі №31 тексеру актісінде Сарыағаш ауданының әкімі Н.Жолдасов 2007 жылғы 10 қаңтардағы №80 қаулысымен А.Алжановқа шаруа қожалығына өтеулі уақытша пайдалануға ауданның арнайы жер қорынан 200,0 га жайылымдық жер учаскесін бергенде Жер кодексінің 100-бабының талаптары өрескел бұза отырып табысталғаны, «Дербісек» өндірістік кооперативі жер учаскесінен ерікті түрде бас тартпағаны, аталған жер учаскесі ауданның арнайы жер қорының құрамына Сарыағаш ауданы әкімдігінің қаулысымен енгізілмегендігі анықталып, заңсыз қабылданған әкімнің 2007 жылғы 10 қаңтардағы №80 қаулысы мен одан кейінгі жасалынған мәмілелерді бұзу туралы нұсқама берілген.
Сарыағаш аудандық сотының 2022 жылғы 2 наурыздағы №5154-21-002/2251 шешімімен нотариус А.Келесбаевпен куәландырылып, №196 тізілімде тіркелген 2016 жылғы 21 қаңтардағы заң бойынша мұраға құқық туралы куәліктің күші жойылып, 2014 жылғы 20 қаңтарда қайтыс болған Арипхожа Алжановқа тиесілі болған Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Дербісек ауыл округі, 017 квартал, 034 учаскесі мекен жайында орналасқан жалпы алаңы 200,000 га кадастрлық №19-296-017-034 жер учаскесіне мұра қабылдаушы ретінде Меирхан Арипхожаевич Альжановтың мұраны қабылдау мерзімі қалпына келтірілген.
Түркістан облысының Сарыағаш аудандық сотының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №5154-22-00-2/1460 шешімімен талап қоюшы «Сарыағаш ауданының әкімдігі» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Меирхан Арипхожаевич Альжановқа Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2007 жылғы 10 қаңтардағы №80 қаулының күшін жою, 2022 жылғы 7 қыркүйектегі заң бойынша мұраға құқық
туралы куәлігін жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған (сот шешімінде талап қоюшының талап қою құқығы болмағанымен негіздеген).
2023 жылғы 30 мамырда Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі мен М.Альжановтың арасында №2827 жер учаскесін жалға беру шарты жасалынған.
Бірінші сатыдағы сот Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2007 жылғы 10 қаңтардағы №80 қаулысымен А.Альжановқа шаруа қожалығын жүргізу үшін ауданның арнайы жер қорынан 200,0 жайылымдық жер учаскесін жалға берген кезде Жер кодексінің талаптарын өрескел бұза отырып табыстаған деген тұжырымға келіп, талапты дұрыс қанағаттандырған. Өйткені, жергілікті атқарушы орган аталған даулы жер учаскесі ауданның арнайы жер қорының құрамына Сарыағаш ауданы әкімдігінің қаулысымен енгізілмегеніне және оның «Дербісек» өндірістік кооперативінің, кейіннен «Салтанат» өндірістік кооперативтің иелігіне өткендігіне еш назарға алмаған. Нәтижесінде А.Альжановқа жер учаскесін табыстау кезінде Жер кодексінің 100-бабының талаптары сақталмаған.
Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасарының жауапкер өкілінің 2025 жылғы 28 қазандағы сұрауына берген жауапхатында Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2007 жылғы 10 қаңтардағы № 80 қаулысы негізінде Арипқожа Альжановқа берілген 200,0 га жер учаскесіне 2012 жылдың 6 қыркүйегінде №3624 жер учаскесін жалдау келісім шарты жасалынғаны туралы көрсетілгенімен, бөлім мұрағатында қазіргі таңда бұл келісім шарттың түп нұсқасы сақталмағаны анықталған.
Сондықтан АПК-нің 64-бабына сай бұл аталған хат іске қатысты дәлелдеме ретінде қабылдауға жатпайды. Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 83 бабының және Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының 65-бабының 2- тармағында көрсетілген талаптары бойынша дауланылып отырған аудан әкімінің қаулысы орындалмаған болып саналынып, оның қолданылуы тоқтатылмайды.
АК-нің 158-бабының 1-тармағында мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін екені қарастырылған.
АК-нің 157-1 бабының 2-тармағында жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе
немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейтіні айқындалған.
Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2007 жылғы 10 қаңтардағы №80 қаулысымен даулы жер учаскесі А.Альжановқа бастапқы кезде заңсыз берілгендіктен бірінші сатыдағы сот 2023 жылғы 30 мамырда Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі мен М.Альжановтың арасында жасалынған №2827 жер учаскесін жалға беру шартын орынды жарамсыз деп тапқан.
Кассациялық сот жауапкер өкілінің шағымындағы көрсеткен уәждерін негізсіз деп табады.
Жер кодексінің 147-бабының 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері жердің пайдаланылуы мен қорғалуына, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды жүргізеді.
Жер кодексінің 148-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген залалды өтеу, мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан және игерілмеген не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою, жер учаскелерін беруге, нысаналы мақсатын өзгертуге, алып қоюға, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою, сондай-ақ жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда оларды орындау және жеке тұлғалардан, лауазымды адамдар мен заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу мәселелері бойынша сотқа талап қоюды дайындауға және беруге құқылы.
АК-нің 157-бабының 2, 3-тармақтарына сай мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.
Мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.
Талап қоюшы Департамент - жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.
Сондықтан Департаменттің мұндай талап қоюды жалпы юрисдициядағы сотқа беруге құзыреті болған.
Сонымен қатар, кассациялық сот жауапкер өкілінің бұл азаматтық іс экономикалық соттың қарауына жататындығы туралы уәжімен келіспейді. Өйткені, іс құжаттарынан жауапкер М.А.Альжанов даулы жер учаскесін жеке тұлға - мұрагер ретінде қабылдаған. Демек, азаматтық іс АПК-нің 26-бабының талаптарына сай соттылығы бойынша Сарыағаш аудандық сотында дұрыс қаралынған.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Аталған негіздерге байланысты кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева А.Тлеубаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.