Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2785 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 4 желтоқсан №6003-25-00-2к/2785 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Н.Қуандықұлының және жауапкер Т.Т.Бугенбаеваның бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Банк) жауапкерлер Исламгали Карманович Ахметовқа және Турганкуль Турмаганбетовна Бугенбаеваға қарыз сомасын және қарызды кепілге салынған жылжымайтын мүліктен өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер қарызды қайтармай жүргенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерлерден Банктің пайдасына ортақтасқан түрде 14 780 806 теңге қарызы және үлестік тәртіпте 443 424 теңге мемлекеттік баж өндірілген, талаптың қарызды кепілге салынған жылжымайтын мүліктен өндіру туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Банк кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерін өзгертіп, талапты толығымен қанағаттаандыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен осындай бұзушылықтарға жол берілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 317бабының 1-тармағында борышкер кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған кезде кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiндігі белгіленсе, осы баптың 2-тармағында кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн жағдайлары нақтыланған.

Тиісінше, АК-нің 272-бабына сәйкес міндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс.

Анықталғаны, 2022 жылғы 26 мамырда Банк (қарыз беруші) пен жауапкер И.К.Ахметов (қарыз алушы) арасында №KZA/2022/F/L/009172 Қосылу шартына өтініш (бұдан әрі - Шарт) жасалып, оған сәйкес соңғыға 13 811 000 теңге несие берілген, мақсаты - кезек күттірмейтін мұқтаждықтарға жұмсалатын қаражат.

Шарт бойынша қарыз алушының міндеттемелерін орындауының қамсыздандыруы ретінде Банкпен 2022 жылғы 26 мамырдағы №KZA/2022/W/P/00368 жылжымайтын мүлікті кепілге беру шартына сәйкес жауапкер Т.Т.Бугенбаеваның меншігіндегі Қызылорда қаласы, Арай шағын ауданы, Хорасан Ата көшесі, №67 мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үй мен жер учаскесі түріндегі мүлік (бұдан әрі - жылжымайтын мүлік) кепілге алынған.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 26 мамырдағы KZA/2022/W/P/00369 кепіл шартына сәйкес жауапкер Т.Т.Бугенбаеваның жеке тұлға ретінде кепілдігі алынған.

2024 жылғы 3 мамырдағы №ПР/1 «Global Capital» жауапкершілігі шектелуі серіктестігімен жүргізілген бағалау есебіне сәйкес кепіл мүлкінің нарықтық құны 33 694 253 теңгені құраған.

2024 жылғы 3 қазанға Шарт бойынша жауапкер И.К.Ахметовтың Банк алдында берешегі 14 983 859 теңге құрайды, оның ішінде негізгі борышы 12 673 489 теңге, мерзімінен кешіктірілген негізгі борышы 866 887 теңге, мерзімінен кешіктірілген сыйақы 1 112 869 теңге, дебиторлық қарызы 105 000 теңге, өсімпұл 225 614 теңге.

Бұл ретте соттар жауапкерлер өздеріне жүктелген несиелік міндеттемелерін тиісті түрде орындамауына байланысты олардан қарыз сомасы өндірілуге жатады деген дұрыс қорытындыға келген.

Соттар талаптың қарызды кепілге салынған жылжымайтын мүліктен өндіру туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі шешімдерін жылжымайтын мүлік жауапкерлердің жалғыз баспанасы, олар ол үйде отбасымен бірге тұрады, қарыз сомасын өтеуден бас тартпайды, жылжымайтын мүлік кепiл берушiнiң иелiгiнен шығып кетпеген және жоғалмаған, сол себепті жауапкерлерге несие қарызын өз бетінше өтеуге мүмкіндік беру қажет деп негіздеген.

Кассациялық сот жергілікті соттардың аталған тұжырымдарын іс құжаттарына және материалдық құқық нормаларына сәйкес келмейді деп санайды.

Себебі, соттардың аталған тұжырымдары талаптың бұл бөлігін қанағаттандырудан бас тартуға негіз бола алмайды және ондай негіздер азаматтық заңнамамен көзделмеген.

Жауапкер И.К.Ахметов тарапынан қарызды ерікті түрде қайтару міндеттемесі ұзақ уақыт бойы тиісті түрде орындалмауда, бүгінгі күні берешек сомасы 14 983 859 теңге, аталған берешек соманы несие алушыдан мәжбүрлеп өндіру мүмкін емес.

Кепілге салынған мүліктің нарықтық құны 33 694 253 теңге, берешек сомамен салыстырғанда қарыздың мөлшері кепіл мүлкінің нарықтық құнының 10 пайызынан жоғары және міндеттеме алты айдан астам орындалмаған.

Кассациялық сот аталған мән-жайларды, Шарт және заң талаптарын басшылыққа алып, несие алушы Банк алдында қалыптасқан қарыз сомасын өтемегенін, кепіл берушінің міндеттемені орындаудан босатуға негіз болып табылатын мән-жайлар анықталмағанын ескеріп, Банктің қарызды кепілге салынған жылжымайтын мүліктен өндіру туралы талабы негізді деген қорытындыға келді.

Істің мұндай тұрғысында соттардың сот актілері өзгертіліп, талап толық көлемде қанағаттандырылуға, жауапкерлерден Банктің пайдасына үлестік тәртіпте бірінші сатыдағы сотқа талап қоюмен жүгінгені үшін төленген барлығы 445 270 теңге және кассациялық шағым бергені үшін төленген 222 695 теңге мемлекеттік баж өндірілуге, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысы өзгертілсін.

Сот актілерінің талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамы жауапкерлер Исламгали Карманович Ахметовқа және Турганкуль Турмаганбетовна Бугенбаеваға банк қарызын кепілге салынған жылжымайтын мүліктен өндіру туралы бөліктерінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылсын.

Жауапкерлер Исламгали Карманович Ахметовтың және Турганкуль Турмаганбетовна Бугенбаеваның 2022 жылғы 26 мамырдағы №KZA/2022/F/L/009172 Қосылу шарты бойынша барлығы 14 983 859 (он төрт миллион тоғыз жүз сексен үш мың сегіз жүз елу тоғыз) теңге қарызын кепіл беруші Бугенбаева Турганкуль Турмаганбетовнаның меншік құқығы негізінде тиесілі Қызылорда қаласы, Арай шағын ауданы, Хорасан Ата көшесі, №67 үй мекен-жайы бойынша орналасқан, жалпы ауданы 140,7 шаршы метр, тұрғын ауданы 68,2 шаршы метр, тұрғын бөлменің саны 4, қайталама нарықтағы тұрғын үй (коттедж), жалпы ауданы 29,3 шаршы метр, тұрғын ауданы 17,0 шаршы метр, тұрғын бөлменің саны 1, уақытша тұрғылықты жердің ауданы

0,06 га (кадастрлық нөмірі: 10-156-031-2076), жылжымайтын мүліктен бастапқы сату бағасын 33 694 253 (отыз үш миллион алты жүз тоқсан төрт мың екі жүз елу үш) теңге деп белгілеп, өндірілсін.

Жауапкерлер Исламгали Карманович Ахметовтен және Турганкуль Турмаганбетовна Бугенбаевадан талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының пайдасына үлестік тәртіпте бірінші сатыдағы сотқа талап қоюмен жүгінгені үшін төленген барлығы 445 270 (төрт жүз қырық бес мың екі жүз жетпіс) теңге және кассациялық шағым бергені үшін төленген 222 695 (екі жүз жиырма екі мың алты жүз тоқсан бес) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.

Талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.