6003-25-00-2к/5189
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 28 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
талап қоюшының өкілі Ш[...], жауапкер К[...] өкілдері Қ[...], С[...], жауапкер А[...] өкілі Қ[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Қонаев қаласының әкімінің жауапкерлер «Қонаев қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй иснпекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, А[...], К[...] пәтерді жекешелендіру туралы, сатып алу - сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Алматы облысының Қонаев қалалық сотының 2025 жылғы 21 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
2023 жылғы 9 қазандағы «Қонаев қаласының тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-ММ) мен А[...] арасында жасалған №3316614175 тұрғын үйді жекешелендіру шарты және 2023 жылғы 29 қарашадағы А[...] пен К[...] арасында жасалған пәтерді сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген. Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылған. Іс бойынша талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында апелляциялық сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Апеляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Апеляциялық сот, сот шешімінің күші жойылуға, талап қою қанағаттандырудан бас тарту жатады деген қорытындыға келген. Өйткені, А[...] мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй беруге мұқтаж адамдардың есебінен шығарылмаған, тұрғын үй комиссия отырысының 2020 жылғы 20 қаңтардағы А[...] Алматы облысы, Қапшағай (қазіргі Қонаев) қаласы, 4 ықшам ауданы, [...] үй, [...] пәтер (бұдан әрі-дауды пәтер) мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлікті беру жайлы №84 хаттамалық шешімінің, 2023 жылғы 29 тамыздағы «Қапшағай қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-сі мен А[...] арасында жасалған тұрғын үйді жалға беру туралы және 2023 жылғы 9 қазандағы тұрғын үй комиссиясының №[...] пәтерді жекешелендіруге рұқсат беру туралы хаттамалық шешімінің күші жойылмаған деп негіздеген.
Алайда, апеляциялық соттың бұл тұжырымдары келесі себептермен негізсіз.
Іс құжаттарына қарағанда, 2014 жылғы 18 маусымдағы «Қапшағай қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің мәліметтерінде А[...] 2014 жылы «толық емес отбасылар» санатына енгізіліп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй беруге мұқтаж адамдардың есебіне 495-ші болып кезекке қойылған. Тұрғын үй комиссиясы отырысының 2020 жылғы 20 қаңтардағы №84 хаттамалық шешімімен А[...] дауды пәтер берілген. 2021 жылдың 11 қаңтарында заңды күшіне енген 2020 жылғы 4 желтоқсандағы Қапшағай қалалық сотының шешімімен П[...] атына тіркелген даулы пәтер иесіз қалған мүлік деп танылып, коммуналдық меншікке өткен.
2023 жылғы 29 тамызда «Қапшағай қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ мен А[...] арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалып, даулы пәтер А[...] жалға берілген.
2023 жылғы 9 қазандағы тұрғын үй комиссиясының №3316616988 хаттамалық шешім негізінде «Қапшағай қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ мен А[...] арасында тұрғын үйді жекешелендіру туралы №3316614175 шарт жасалып, А[...] даулы пәтер жалпы бірлескен меншікке беріліп, 2023 жылдың 9 қарашасына дейін тұрғын үйдің қалдық құны 213 636,90 теңгені төлеу міндеттелген.
А[...] даулы пәтерді өз меншігіне тіркеп, 2023 жылдың 29 қарашасында К[...] сатып алу - сату шартының негізінде 12 000 000 теңгеге сатқан.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 192бабының 1, 3, 3-1-тармақтарына сәйкес, мемлекеттiк меншiк республикалық
және коммуналдық меншiк түрiнде көрiнедi. Коммуналдық меншiк жергiлiктi қазынадан және заң құжаттарына сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлген мүлiктен тұрады.
Коммуналдық меншiк жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзін-өзі басқару деңгейлерi бойынша: облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың; аудандық (облыстық маңызы бар қала); аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі) болып бөлінеді.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 31-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) әкімдік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заң актілеріне сәйкес аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) коммуналдық меншікті басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 68-бабының 11)-тармақшасында (2020 жылғы 11 қаңтардағы редакция) халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына толық емес отбасылар жатады деп көрсетілген.
Толық емес отбасының ұғымы осы Заңның 2-бабының 26) тармақшасында көрсетілген, онда «толық емес отбасы - балаларды (баланы) ата-ананың біреуі, оның ішінде ажырасқан, жесір ата-ана тәрбиелейтін отбасы» делінген.
2013 жылы А[...] пен Б[...] арасында заңды неке бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған балалары анасының қарауында қалдырған. Демек, А[...] бала тәрбиелейтін жесір ата-ана, яғни толық емес отбасы болып табылмайды.
Істің мұндай тұрғысында бірінші сатыдағы соттың даулы пәтер А[...] бастапқыда заң нормалары бұзыла отырып берілген, өйткені ол «толық емес отбасы» санатымен мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй беруге мұқтаж адамдар санатына жатпаған, бірақ, есепке заңсыз енгізіліп, осының негізінде тұрғын үй комиссиясымен қате шешім қабылданған деген қорытындысы негізді.
Осылайша жол берілген бұзушылықтар А[...] тұрғын үйді жекешелендіру шартын жасауға алып келген.
Бірінші сатыдағы соттың талап қоюшының жауапкерлерге келтірген пәтерді жекешелендіру туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы негізді және қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымы заңды. АК-тің 157-1-бабының 2-тармағына сәйкес, жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық
актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді.
А[...] пен К[...] арасындағы 2023 жылы 29 қарашада жасалған сатып алу - сату шарты да жарамсыз болып табылуға жатады. Өйткені, шартты жасауға негіз болған пәтерді жекешелендіру туралы шарты жасалған кезінен бастап жарамсыз болғандықтан, кейінгі шартта жарамсыз болып табылады.
АК-нің 267-бабының 1-тармағына сәйкес егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.
Апелляциялық соттың 2023 жылғы 9 қазандағы тұрғын үй комиссиясының №[...] пәтерді жекешелендіруге рұқсат беру туралы хаттамалық шешімінің негізінде жекешелендіру шарты жасалған, ал бұл хаттамалық шешімнің күші жойылмаған деген қорытындысы негізсіз, өйткені жекешелендіруге рұқсат беру туралы хаттамалық шешім орындалуына байланысты даулануға жатпайды.
Сонымен бірге, апелляциялық сатыдағы соттың Тұрғын үй комиссиясы отырысының 2020 жылғы 20 қаңтардағы №84 хаттамалық шешімінде Заңының (2020 жылғы қаңтардағы редакциясы) 67-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына, 68-бабының 11) тармақшасына, 71-бабының 1-тармағына, 74бабының 2-тармағына сілтемелер жасала отырып қабылданған деген тұжырымын негізді деп тануға болмайды, себебі, көрсетілген сілтемелер толық емес отбасына қатысты болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 13 тармағына сай, саналы сақтықты, адалдықты, байқампаздықты көрсеткен адал сатып алушының мүдделері, егер меншік иесі мүлікті меншік иесі немесе меншік иесі иеленуге берген адам жоғалтқанын, не біреуінен немесе екіншісінен ұрланғанын немесе олардың ерік-жігерінен басқа жолмен жойылғанын сотта дәлелдемесе ғана қорғалуға тиіс.
К[...] сатып алу - сату шартын жасаған кезде саналы сақтықты, адалдықты, байқампаздықты көрсетпеген, А[...] 2023 жылдың 9 қазанда даулы пәтерді жекешелендіріп, 1 ай 20 күннен кейін, яғни 2023 жылдың 29 қарашасында оған сатқан.
Жоғарыда аталған анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот бірінші сатыдағы соттың пәтерді жекешелендіру барысында заң нормалары бұзылғандықтан Әкімнің даулы пәтерді жекешелендіру туралы және сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандыруға жатады деген тұжырымын негізді деп санайды.
Апелляциялық сот тарапынан материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауы орын алған.
Сондықтан кассациялық сот, апелляциялық сот қаулысының күші жойылуға, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қазандағы қаулысының күші жойылсын.
Алматы облысы Қонаев қалалық сотының 2025 жылғы 21 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.