ҚАУЛЫ
2025 жылғы 21 ақпан №6001-24-00-6ап/1250 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар –Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшының өкілі Ж.Ж.Тустикбаев, жауапкердің өкілдері А.С.Оразалиев, Н.Т.Кеңес, мүдделі тұлғаның өкілдері А.Д.Абенованың, А.Б.Аманбай, А.Б.Тлепбаеваның қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының «Нұра» ауданы прокуратурасының жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне тақырыптық салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқаманы заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы қаулысына талап қоюшы Астана қаласының «Нұра» ауданы прокуратурасының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Астана қаласының «Нұра» ауданының прокуроры жеке кәсіпкерлер Еркебулан Асхатович Насиев, «AyaGroup» Алтынбек Серикович Койшигарин, «Leader group» Бақтияр Нұрболатұлы Әшімхан, Алия Асановна Кобельдесова, Айгерим Сержановна Артыкова, Гулдария Батырбекқызы Бегалиева, Кулия Кудайбергенова, Назгул Эмилбайкызы Сейткулова, Гулайна Алишеровна Джуматова, Досжан Архатұлы Бердибеков, Ақжол Бақытжанұлы Мырзақожа, Салтанат Саттаровна Маналова, Гульмира Оразбаевна Баембетова, Данара Сабитовна Исмаилова, Алтынкул Дайрабайқызы Исабай, Раушан Сатаевна Мусина, «Puff» Медет Маратұлы Сапарғали, «Cyberman» Ермек Кайырдоллаевич Жолдасбаев, ЖШС «Continental Limited Astana» (Континенталь Лимитед Астана) (әрі қарай - кәсіпкерлік субъектілері) 2023 жылғы 7 қыркүйектегі №30 тақырыптық салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқаманы заңсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылып, 2023 жылғы 7 қыркүйектегі №30 тақырыптық салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқаманы заңсыз деп тануға және күшін жоюға қаулы етілген. Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып талап қоюшының талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатылы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы өкілі кассациялық шағым уәждерімен келіскен пікірін, жауапкер және мүдделі тұлғаның өкілдерінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2023 жылғы 7 қыркүйекте «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Нұра» ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі (әрі қарай - Басқарма) сәйкестендіру құралдарының және есепке алу-бақылау маркаларының болуы және төлнұсқалығы, лицензияның болуы мәселесі туралы Тұран даңғылы-Сығанақ көшесі-Шыңғыс Айтматов көшесі-Қайым Мұхаметханов көшесі алаңындағы аумағында жекелеген мәселелер бойынша тақырыптық салықтық тексеру жүргізуге №30 нұсқама шығарылған, тексеру кезеңі 2023 жылғы 5 қыркүйектен бастап 31 желтоқсанға дейін, тексеру мерзімі «0» күн деп белгіленген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырғанда, нұсқама шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде микрокәсіпкерлікті тексеру жүргізуге тыйым салатын мораторийдің кезінде шығарылғанын, нұсқаманың мазмұны Салық кодексінің талаптарына сәйкес келмейтінін негізге алған.
Бірінші саты сотының бұл тұжырымымен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот алқасы сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды негізді басшылыққа алған. Дау айтылып отырған тексеру сәйкестендіру құралдарының және есепке алу-бақылау маркаларының болуы және төлнұсқалығы, лицензияның болуы мәселесі бойынша Салық кодексінің 142-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына сәйкес тағайындалған. Салық кодексінің 148-бабының 2-тармағының талабына сай тақырыптық тексерулерді тағайындау туралы нұсқамада осы Кодекстің 142-бабы 1- тармағының 12) – 18) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша тақырыптық тексерулер тағайындалған кезде аумақтың тексерiлетiн учаскесi, тексеру барысында анықтауға жататын мәселелер, сондай-ақ осы баптың 1- тармағы бірінші бөлігінің 3), 4), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген мәлiметтер көрсетілуге тиіс.
Салық кодексінің 148-бабы 1-тармағының көрсетілген тармақшаларында нұсқамада мынадай мәліметтер: 3) салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) не толық атауы; 4) сәйкестендіру нөмірі; 7) салықтық тексеруді жүргізу мерзімі; 8) тексерілетін кезең қамтылуға тиіс екендігі бекітілген.
Көрсетілген нормаға қарағанда Салық кодексінің 142-бабы 1- тармағының 17) тармақшасы бойынша тақырыптық тексеру тағайындалған кезде жоғарыда көрсетілген мәліметтер салықтық тексеру тағайындау туралы нұсқамада көрсетілмейді.
Осыған байланысты алқа дау айтылып отырған нұсқама Салық кодексінің 148-бабына сәйкес келеді деген қорытынды негізді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы Жарлығының (әрі қарай - №229 Жарлық) 2-1 тармағымен жоспардан тыс тексеру жүргізуге тыйым салынбаған.
Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы істегі құжаттарға сәйкес келеді.
Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттың негіздемелері даулы сот актісінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Астана қаласының «Нұра» ауданы прокуратурасының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ.Әлжанов
Судьялар Ж.Ермағамбетова
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.