№6003-25-00-2к/5269 (2)
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 14 сәуір
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,
судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова,
прокурор Н.А.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілі Ж.М.Мамырдың, жауапкер Келес ауданы Қошқарата ауылдық округінің әкімінің өкілі М.С.Бейсенқұловтың, үшінші тұлғаның өкілі Н.А.Искаковтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Департамент) жауапкерлер Кулаш Карабаевна Кайыпбаеваға, Галымжан Калжанович Сапарбаевке, Улжалгас Ергашевна Муратбековаға, Келес ауданының Қошқарата ауылдық округінің әкіміне шешімдерді, мәмілені жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкерлер К.К.Кайыпбаева мен У.Е.Муратбекованың өкілінің Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Қошқарата ауылдық округі әкімінің 1998 жылғы 26 желтоқсандағы №50 шешімінің У.Муратбековаға және К.Кайыпбаеваға қатысты бөлігі, 2022 жылғы 17 маусымдағы №90 У.Муратбековаға қатысты, 2022 жылғы 17 маусымдағы №91 К.Кайыпбаеваға қатысты шешімдері жарамсыз деп танылған.
2022 жылғы 17 тамыздағы У.Муратбекованың Г.Сапарбаевқа жер учаскесін сыйға тарту келісім шарты жарамсыз деп танылған.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкерлер К.К.Кайыпбаева мен У.Е.Муратбекованың өкілі кассациялық шағымында төменгі сатыдағы соттар істің мән-жайын дұрыс айқындамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 267бабының 1-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі- Жер кодексі) 44-2-бабының 4-тармағының 2,3,6 тармақшаларының талаптарына сәйкес, жер учаскесін беру мынадай тәртіппен жүргізіледі: қала құрылысы құжатына сәйкес сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша берудің мүмкін екенін (мүмкін емес екенін) айқындау; жер учаскесін бөліп беру схемасын қалыптастыру және келісу; жергілікті жерде жер учаскесінің шекараларын белгілеу.
Жер кодексінің 43-бабының 7-1 тармағына сәйкес, облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергілікті атқарушы органының және кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінің жобасында: жер учаскесінің орналасқан жері; жер учаскесінің нысаналы мақсаты; жер санаты; жер учаскесінің алаңы; жерге құқық түрі, ауыртпалықтар, сервитуттар; жер комиссиясы хаттамалық шешімінің нөмірі мен күні; жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларының нөмірі мен бекітілген күні; жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілетін жер учаскесі телімінің түрі; жер учаскесі төлемақыға берілетін жағдайда жер учаскесін немесе жер пайдалану құқығын сатып алу бағасы; жер учаскесін
сатып алу-сату шарттары мен жалға алу шарттарын жасасу мерзімдері; жер учаскесінің бөлінетіндігі (бөлінбейтіндігі) туралы мәліметтер; жер учаскесін берумен байланысты өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.
Жер кодексінің 44-1 бабының 1- тармағына сәйкес, кенттің, ауылдың жерінен жер учаскесін беруді облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органы, кенттің, ауылдың әкімі осы Кодексте белгіленген өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады және ол мынадай тәртіппен жүргізіледі: 1) жер учаскесіне тиісті құқық беру туралы өтінішті қарауға қабылдау; 2) жер учаскесін алдына ала таңдау; 2-1) сәулет-жоспарлау тапсырмасын, инженерлік желілерге қосуға арналған техникалық шарттарды және топографияны жасау; 3) мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы не келісу органдарында осы жүйелер болмаған кезде қағаз жеткізгіштерде жер учаскесін алдын ала таңдауды келісу; 4) жеркадастрлық жоспар жасау; 5) облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергiлiктi атқарушы органының және кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер-кадастрлық жоспарды қоса бере отырып, жер учаскесiне жер пайдалану құқығын беру туралы шешiм қабылдауы; 6) уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу; 7) жергілікті жерде жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу.
Іс құжаттарына қарағанда, Сарыағаш ауданы, Қошқарата ауыл округі әкімінің 1998 жылғы 26 желтоқөсандағы №50 шешімімен жауапкер У.Е.Муратбековаға үй салу үшін 0,15 га жер бекітіліп берілген.
Келес ауданы, Қошқарата ауыл округі әкімінің 2022 жылғы 17 маусымдағы №90 шешімімен 1998 жылғы 26 желтоқсандағы №50 шешіміндегі «Муратбекова Улжалгас» деген сөздер «Муратбекова Улжалғас Эргашевна» деген сөздермен ауыстырылған; У.Э.Муратбекованың пайдалануындағы тұрғын үй құрылысы үшін 0,1000 га (1000 ш.м және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін 0,0500 га (500 ш.м.) жер учаскесі, жалпы алаңы 0,1500 га (1500 ш.м) жеке меншік құқығымен бекітіліп берілсін деген сөздермен; «Қошқарата ауылы» деген сөздер «Қошқарата елді мекені» деген сөздермен өзгеріс енгізілген.
2022 жылғы 17 маусымда Келес ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімімен жер учаскесінің мекенжайы Қошқарата ауылдық округі, Қошқарата ауылы Алданазаров көшесі, жер телімі 21А деп нақтыланған. (бұдан әрі - №1 даулы жер телімі).
2022 жылғы 4 шілдеде аталған жер учаскесіне кадастрлық №19-326-076144 санды сәйкестендіру құжаты рәсімделген.
2022 жылғы 17 тамызда №1 даулы жер учаскесін сыйға тарту келісім шарт негізінде У.Е.Муратбекова Г.К.Сапарбаевқа сыйға тартқан.
Сарыағаш ауданы, Қошқарата ауыл округі әкімінің 1998 жылғы 26
желтоқсандағы №50 шешімімен жауапкер К.Кайыпбаеваға да үй салу үшін 0,15 га жер бекітіліп берілген.
Келес ауданы, Қошқарата ауыл округі әкімінің 2022 жылғы 17 маусымдағы №91 шешімімен 1998 жылғы 26 желтоқсандағы №50 шешіміндегі «Кайыпбаева Кулаш» деген сөздер «Кайыпбаева Кулаш Карабаевна» деген сөздермен ауыстырылған; К.К.Кайыпбаеваның «тұрғын үй құрылысы үшін 0,1000 га (1000 ш.м және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін 0,0500 га (500 ш.м.) жер учаскесі, жалпы алаңы 0,1500 га (1500 ш.м) жеке меншік құқығымен бекітіліп берілсін деген сөздермен; «Қошқарата ауылы» деген сөздер «Қошқарата елді мекені» деген сөздермен өзгеріс енгізілген.
2022 жылғы 17 маусымда Келес ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімімен жер учаскесінің мекенжайы Қошқарата ауылдық округі, Қошқарата ауылы Алданазаров көшесі, жер телімі 22В деп нақтыланған (бұдан әрі - №2 даулы жер телімі).
2022 жылғы 4 шілдеде аталған жер учаскесіне кадастрлық №19-326-076145 сәйкестендіру құжаты рәсімделген.
2013 жылғы 24 желтоқсанда Келес аудандық маслихатының №25-201-V шешімімен бекітілген Қошқарата ауылдық округі, Қошқарата елді мекенінің құрылыс салу мен даму схемасына (оңайлатылған бас жоспарына) сәйкес, №1 және №2 даулы жер учаскелерінің орналасқан аумағында жазғы футбол алаңшасы қаралған.
2025 жылғы 17 сәуірдегі Келес ауданы жер қатынастар бөлімінің маманы Б.Тұрдыбаев, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы А.Әзімбай, Қошқараата ауылдық округі әкімдігінің жер инспекторы М.Бейсеқұлов, Келес аудандық әкімдігінің инфрақұрылым мәселелері бойынша бөлімшесінің инспекторы Д.Шакимов, Келес аудандық жер кадастры бөлімі инспекторы Н.Искаков жасаған акті мен сызбаға сәйкес, жауапкерлер У.Е.Муратбекова мен К.Кайыпбаеваның даулы жер учаскелері 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Келес аудандық маслихатының №25-201-V шешімімен бекітілген Қошқарата ауылдық округі, Қошқарата елді мекенінің құрылыс салу мен даму схемасына (оңайлатылған бас жоспарына) сәйкес қарастырылған футбол алаңшасына арналған жер учаскесінде орналасқан.
Істі қарау барысында жауапкерлер У.Муратбекова мен К.Кайыпбаеваға тұрғын үй салу үшін даулы жер учаскелерін беру туралы 1998 жылғы 26 желтоқсандағы №50 шешім шыққан уақытта, даулы жер телімдерінің мақсаты тұрғын үй салуға арналмағаны, егін егу үшін суармалы жер санатында болғаны өз дәлелін тапқан.
Бірінші сатыдағы сот аталған әкім шешімінде жер телімінің бөлінетіндігі немесе бөлінбейтіндігіне, сызбасы, мекенжайы көрсетілмегеніне, жауапкерлер У.Муратбекова мен К.Кайыпбаева шешім шыққан уақыттан шешімнің талаптарын орындамастан аудандық сәулет және тұрғын үй құрылыс бөлімінен керекті құжаттарын дайындап беру сұралмағанына, осы уақытқа дейін жер телімдерін пайдаланбағанына дұрыс назар аударған.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырғанда даулы жер учаскелеріне 2022 жылы сәйкестендіру құжаттарын ресімдеуде 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Келес аудандық маслихатының №25-201-V шешімімен бекітілген Қошқарата ауылдық округі, Қошқарата елді мекенінің құрылыс салу мен даму схемасына (оңайлатылған бас жоспарына) сәйкес, футбол алаңшасы қаралған жер телімдеріне орналастырылғанын орынды негізге алған.
Істің мұндай тұрғысында бірінші сатыдағы соттың жауапкерлерге даулы жер учаскелері табысталған кезде жер заңнамасының талаптары сақталмағандығы туралы тұжырымдары негізді болып саналады.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Жауапкерлердің өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкерлердің өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкерлердің өкілі А.А.Жанысбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.