ҚАУЛЫ
2026 жылғы 29 мамыр №6003-26-00-4к/429 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар - М.А.Қасымов, Г.М.Ыдырысова,
прокурор Л.Е. Жоламанованың қатысуымен
талап қоюшы «ХТГ-Транс Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ( бұдан әрі -ЖШС) жауапкер «Ырғыз аудандық қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемге (бұдан әрі - ММ) қорытындылар туралы хаттамаларды заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша әкімшілік іске қатысты қабылданған
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысына мүдделі тұлға «NomadPartners» ЖШС-ның берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«ХТГ-Транс Астана» ЖШС жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 мамырдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
«Ырғыз аудандық қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі өткізген №14217876-ОК1 және №14217553-ОК2 конкурстар бойынша қорытындылар туралы хаттамалар заңсыз деп танылған.
Кассациялық шағымда мүдделі тұлға «NomadPartners» ЖШС апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Тараптардан және мүдделі тұлға «NomadPartners» ЖШС-дан сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қатысу туралы өтінішхаттар келіп түсті. Бұл өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында қатысушылардың міндетті түрде жеке келуімен қарауға тағайындалған, бұл туралы процеске қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Аталған мән-жай кассациялық
сатыдағы сот отырысын өткізудің форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Алдыңғы сот сатыларында қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және өткізілу форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеді және келмеу себептерін сотқа хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі, олар тиісті түрде хабардар етілген жағдайда, сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Кассациялық шағымның дәлелдерін талқылап, іс материалдарын зерттегеннен кейін кассациялық сот мынадай қорытындыға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот мұндай бұзушылықтарға жол берген.
Іс материалдары бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы «Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша мына конкурстар өткізілген: -№14217876-ОК1 «KD IR-3 Құтикөл - Жарма - Құйлыс - Жайсаңбай» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 15-23 шақырым учаскесіндегі орташа жөндеу жұмыстарына техникалық қадағалау қызметтерін сатып алу бойынша конкурс;
- №14217553-ОК2 аталған автомобиль жолының 0-15 шақырым учаскесіндегі орташа жөндеу жұмыстарына техникалық қадағалау қызметтерін сатып алу бойынша конкурс.
Қорытындылар туралы 2025 жылғы 28 және 31 наурыздағы хаттамаларға сәйкес жеңімпаз болып «NomadPartners» ЖШС танылған, ал «ХТГ-Транс Астана» ЖШС екінші орын алған.
Талап қоюшының сотқа жүгінуіне «NomadPartners» ЖШС-ның техникалық қадағалау бойынша инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру құқығына аккредиттеу туралы куәлікті ұсынған, алайда сарапшылардың аттестаттарын қоса тіркемегеніне қарамастан конкурсқа жіберіліп, жеңімпаз деп танылуымен келіспеуі негіз болған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдай отырып, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-1-бабының 7-тармағына сәйкес бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі техникалық және технологиялық жағынан күрделі объектілерде техникалық қадағалауды аккредиттелген заңды тұлғалар жүзеге асыратынын негізге алған.
«NomadPartners» ЖШС-да қолданыстағы №KZ60VWC00240366 аккредиттеу туралы куәлік болғандықтан, сот оның қызметті жүзеге асыру құқығы мен белгіленген талаптарға сәйкестігі расталған деп таныған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімін жоя отырып, конкурстық құжаттамада «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-қосымшасының 347-тармағында көзделген «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау» рұқсатының (хабарламасының) болуы талап етілген, ал «NomadPartners» ЖШС тек аккредиттеу туралы куәлік ұсынған деген қорытындыға келген.
Сонымен қатар, сот жекелеген сарапшылар конкурс аяқталғаннан кейін жұмысқа қабылданғанын көрсетіп, мұны конкурстық өтінімнің заңнама талаптарына сәйкес келмеуінің дәлелі ретінде бағалаған.
Кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың қорытындыларын мына негіздер бойынша заңды және негізді деп тануға болмайды деп есептейді.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-1-бабының 7- тармағына сәйкес тиісті жауапкершілік деңгейіндегі техникалық қадағалауды орындау жөніндегі аттестатқа ие, құрамында кемінде үш сарапшысы бар аккредиттелген заңды тұлғалар бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі техникалық және технологиялық жағынан күрделі объектілерге техникалық қадағалауды жүзеге асырады.
Аталған норманың мазмұнынан бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілерде техникалық қадағалау қызметін жүзеге асыру субъектісі аккредиттелген заңды тұлға болып табылатыны туындайды.
Мұндай заңды тұлғаның құқықтық мәртебесі уәкілетті мемлекеттік орган беретін аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 23 қарашадағы №709 бұйрығымен бекітілген техникалық қадағалау жөніндегі инжинирингтік қызметтер көрсететін ұйымдарды аккредиттеу қағидалары мен рұқсат беру талаптарының 3-тармағына сәйкес аккредиттеу туралы куәлік аккредиттеу субъектісінің тиісті жауапкершілік деңгейіндегі
объектілерде техникалық қадағалау жөніндегі инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру құзыретін куәландырады.
№709 Қағиданың 13-15-тармақтарында аккредиттеуді алудың міндетті шарты ретінде ұйымның құрамында тиісті мамандану бойынша кемінде үш аттестатталған сарапшының, сондай-ақ аккредиттелген зертхананың, материалдық-техникалық базаның және нормативтік құжаттаманың болуы белгіленген.
Демек, аккредиттеу туралы куәліктің берілуі уәкілетті мемлекеттік органның рұқсат беруге бақылауды жүргізгенін және заңды тұлғаның белгіленген рұқсат беру талаптарына сәйкестігін растағанын білдіреді.
Іс материалдары бойынша конкурстық өтінім берілген күніне де, конкурс қорытындылары шығарылған күніне де «NomadPartners» ЖШСның аккредиттеу туралы куәлігі қолданыста болған.
Бұл мән-жайға тараптар дау айтпаған.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектейтін, негізсіз қиындататын немесе шарт бойынша міндеттемелерді орындау қажеттілігінен тікелей туындамайтын біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы №687 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 72-тармағында сатып алу нысанасы бірінші немесе екінші санаттағы рұқсаттың болуын талап ететін жұмыстар немесе қызметтер болған жағдайда материалдық және еңбек ресурстарына қатысты біліктілік талаптары қойылмайтыны көзделген.
Аталған норманың мәні бойынша еңбек және материалдық ресурстардың тексерілуі рұқсат беру рәсімі шеңберінде жүргізілгендіктен, мемлекеттік сатып алу барысында бұл мән-жайларды қайтадан растау талап етілмейді.
Апелляциялық сатыдағы сот іс жүзінде әлеуетті өнім берушіге еңбек ресурстарын қосымша растау міндетін жүктеген, алайда мұндай міндет заңнамада және конкурстық құжаттамада көзделмеген.
Апелляциялық сатыдағы соттың өтінім құрамында сарапшылар аттестаттарының болмауы «NomadPartners» ЖШС-ның Заңның 34-1-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес келмейтінін білдіреді деген қорытындысын да дұрыс деп тануға болмайды.
Қолданыстағы аккредиттеудің болуы заңды тұлғаның оны алу үшін негіз болған талаптарға сәйкестігі туралы құқықтық презумпцияны қалыптастырады.
Аккредиттеу жарамсыз деп танылғанға дейін немесе уәкілетті орган рұқсат беру талаптарына сәйкессіздік фактісін анықтағанға дейін заңды тұлға өзіне куәлік берілген қызметті жүзеге асыруға құқылы.
Өзгеше түсіндіру мемлекеттік сатып алудың әрбір рәсімі шеңберінде рұқсат беру бақылауын іс жүзінде қайталауды білдірер еді, бұл рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнаманың мақсаттарына қайшы келеді.
Осындай мән-жайларда бірінші сатыдағы соттың шешімі істің нақты мән-жайларына және заң талаптарына сәйкес келеді, ал апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған және қате қорытындыларға келген.
Баяндалғанның негізінде апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшін жоюға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдыруға жатады. Кассациялық шағым қанағаттандырылуға тиіс.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысының күші жойылсын, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 мамырдағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «NomadPartners» ЖШС-ның кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев
Судьялар М. Қасымов
Г. Ыдырысова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.