ВС РК - Постановление от 04.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1475 (Административное)

№6001-24-00-6ап/1475 №6001-24-00-6ап/1475 (2)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 4 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б.Дүйсенбаев, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

талап қоюшының өкілдері Т.Б.Тленшиннің, А.Ж.Зеевтің,

жауапкердің өкілдері Д.Б.Жанысбектің, М.Муздыбекованың

қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) жауапкер «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2023 жылғы 12 қазандағы №27 бұзушылықты жою туралы нұсқаманың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 сәуірдегі қаулысына жауапкердің және мүдделі тұлғаның өкілі Б.К.Махмудовтың келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған. «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің талап қоюшыға қатысты шығарған 2023 жылғы 12 қазандағы № 27 бұзушылықты жою туралы нұсқамасының күші жойылған.

Осы соттың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы Департаменттің «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне жауапкердің 2023 жылғы 12 қазандағы № 27 тексеру нәтижелері туралы актісінің күшін жою туралы талап қою бөлігі қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Арызданушылар кассациялық шағымдарында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымдарының уәждерімен тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, заңды күшіне енген Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2022 жылғы 26 қазандағы шешімімен Департаменттің Шымкент қаласы Қаратау аудандық кірістер басқармасы басшысының орынбасары Б.Тлесбайға қатысты 2022 жылғы 26 шілдедегі №20-Т «мемлекеттік лауазымын төмендету» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Б.Тлесбайды Шымкент қаласы Қаратау аудандық кірістер басқармасы (бұдан әрі - Басқарма) басшысының орынбасары қызметіне қайта орналастырылуға шешім етілген.

Департамент басшысының 2023 жылғы 14 ақпандағы №35-ж бұйрығымен Б.Тлесбай Басқарма басшысының орынбасары лауазымына 2023 жылғы 14 ақпаннан бастап қайта орналастырылған.

Департаменттің 2023 жылғы 6 наурыздағы №3-ҚТ бұйрығымен Б.Тлесбайға қатысты қызметтік тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, 2023 жылғы 14 наурыздағы қорытындыға сәйкес Б.Тлесбайдың 2022 жылғы 17 қазаннан бастап 2023 жылдың 13 ақпанын қоса есептегенге дейін ұзақ уақыт, дәлелді себепсіз жұмысқа шықпағаны анықталып, құжаттар тәртіптік комиссияның қарауына ұсынылған. Департаменттің тәртіптік комиссиясының 2023 жылғы 18 шілдедегі №7 хаттамалық шешімімен (бұдан әрі - тәртіптік комиссия шешімі) және оның негізінде қабылданған Департамент басшысының 2023 жылғы 28 тамыздағы №205-ж бұйрығымен Б.Тлесбай 2022 жылдың 17 қазанынан бастап 2023 жылдың 13 ақпанды қоса есептегенге дейін дәлелді себепсіз жұмыста болмай, еңбек тәртібін өрескел бұзып, өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Басқарма басшысының орынбасары лауазымынан босатылып, 2023 жылдың 28 тамызынан бастап жұмыстан шығарылған.

2023 жылдың 18 қыркүйегінде Б.Тлесбай жауапкерге оған тәртіптік жаза қолдану, Басқарма басшысының орынбасары лауазымынан босату туралы шешімдерін қабылдау бойынша Департаменттің іс-әрекетін жан-жақты, объективті қарап, тәртіптік комиссия төрағасы мен мүшелерінің және қызметтік тексеру жүргізген қызметкерлердің жауапкершіліктерін қарастыру жөнінде шағыммен жүгінген.

Осы шағым негізінде жауапкердің 2023 жылғы 2 қазандағы №27 актісімен Департаментке тексеру тағайындалған.

Тексеру нәтижелері бойынша акт және заң бұзушылықты жою жөнінде даулы нұсқама қабылданған.

Бұл нұсқамамен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырып, тексеру нәтижесі бойынша шешім мен бұйрық жауапкермен заң талаптарын бұзу арқылы қабылданғаны туралы тұжырымға келген.

Себебі, Департаменттің 2022 жылғы 21 қарашадағы №МКБ-Қ-0426/5531 шығыс хатқа сәйкес Б.Тлесбайдан 2022 жылдың осы, яғни 2022 жылдың 21 қарашасына дейін тиісті тәртіпте рәсімделген еңбекке жарамсыздығы туралы парақтарын 2023 жылдың 25 қарашасына дейін беру сұратылған.

Аталған сұратуға 2023 жылғы 24 қарашада Б.Тлесбай қазіргі таңда еңбекке жарамсыз болғандықтан, ем қабылдап жатқаны, ол жөнінде жауапты мамандарға хабарланғаны жөнінде жазбаша мәлімдеме берген. Бірақ 2022 жылдың 17 қазанынан бастап 2023 жылдың 13 ақпанды қоса есептегенге дейінгі аралыққа еңбекке жарамсыздық парақтарын ұсынбаған.

Осыған қоса, жауапкер даулы нұсқаманы қабылдау барысында Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодекстің 152-бабы 6-тармағы 6-7) тармақшаларының талаптарын тиісті түрде орындамаған, себебі нұсқамада анықталған бұзушылықтардың тізбесі, олардың мәні мен мағынасы нақты анықталып және көрсетіліп жазылмаған.

Осыған байланысты соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымы дұрыс жасалған.

Кассациялық шағымдар өзінің мазмұны мен мәні пікірде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымдарда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің және мүдделі тұлғаның өкілі Б.К.Махмудовтың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г. Дүйсенбаев Судьялар Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.