ҚАУЛЫ
2023 жылғы 23 ақпан 6001-22-00-6ап/2265,(2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
талап қоюшы «АСШ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) өкілі – Б[...],
мүдделі тұлғалар:
«Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының (АҚ) өкілі – Б[...],
«АЭ[...]» ЖШС-нің өкілі – И[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «АСШ[...]» ЖШС-нің жауапкер «Өзенмұнайгаз» АҚ-на 2022 жылғы 21 маусымдағы қорытындыларды қайта қарау хаттамасын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 тамыздағы шешіміне, Маңғыстау облыстық әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысына жауапкердің және мүдделі тұлға «АЭ[...]» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
2022 жылғы 21 маусымдағы №707801-7093903 қорытындыларды қайта қарау хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы және мүдделі тұлға «АЭ[...]» ЖШС-нің өкілдері кассациялық шағымдарында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтіндерін көрсетіп, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) мәжілісіне қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ. Бұл жағдай істі олардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Мүдделі тұлға «АЭ[...]» ЖШС-нің өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы «АСШ[...]» ЖШС-нің және мүдделі тұлға «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның ұйымдастыруымен 2022 жылғы 26 сәуірде №8-1У, 2605565 санды «4-МГӨБ 10-БКНС айдау жүйесін қайта құрылымдау нысанын техникалық қадағалау» және №7-1У, 2605564 санды «4-МГӨБ 10-БКНС айдау жүйесін қайта құрылымдау нысанын техникалық қадағалау» нысандары бойынша ашық тендер тәсілі арқылы №707801 элетронды сатып алу өткізген.
2022 жылғы 31 мамырдағы №707801-775491 қорытынды хаттамаларына сәйкес «АСШ[...]» ЖШС-і жеңімпаз деп танылған.
«АЭ[...]» ЖШС-гі мен «МИЛ[...]» ЖШС-гі конкурстық комиссияның қорытындысымен келіспей, уәкілетті орган «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на шағым жолдаған.
2022 жылғы 3 маусымда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ы тарапынан №1663322558 хабарламамен ұйымдастырушыға келісімшарт жасақтау жұмыстарын тоқтатуға нұсқама берілген. Нұсқама негізінде тендер нәтижесін қайта қарау туралы шешім қабылданып, 2022 жылғы 21 маусымдағы №707801-7093903 қорытындыларды қайта қарау хаттамасымен «АЭ[...]» ЖШС жеңімпаз болып танылған.
Талап қоюшы қорытындыларды қайта қарау хаттамасымен келіспей сотқа талап қою арызын берген.
Жергілікті соттардың талап қою арызын қанағаттандыруы негізді болып табылады.
Талап қоюшы 2017, 2018 жылғы жұмыс тәжірибесін жөнелтпе құжаттардың, жеткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің қабылдау-тапсырылуын растайтын тиісті актілерді сканерленген түрде веб-порталға енгізу арқылы қағаз нысанда, 2019, 2020, 2021 жылдарға сатып алу веб-порталы шарттарының дерекқорынан алынған ақпарат негізінде растаған.
Жергілікті сатыдағы соттармен сатып алу веб-порталы шарттарының дерекқоры, электронды депозитарий 2019 жылы енгізілгені, яғни «Самұрық- Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның электронды сатып алуы, Zakup.sk.kz веб-порталы 2019 жылы іске қосылғаны анықталған.
Серіктестіктің 2019 жылға дейін де «Самұрық-Қазына» ұлттық әлауқат қоры» АҚ-ның ұйымдарына «техникалық қадағалау бойынша инженерлік қызметтерді» көрсету саласында қызмет көрсетуші болып табылатындығын тараптар да жоққа шығармайды.
Соттардың талап қоюды қанағаттандыру негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 тамыздағы шешімі, Маңғыстау облыстық әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының және мүдделі тұлға «АЭ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.