ВС РК - Постановление от 17.02.2020 по делу 6001-19-00-3Г/8539 (Гражданское)

6001-19-00-3г/8539

2020 жылғы 17 ақпан

Қ А У Л Ы

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы И[...],

арыз беруші С[...] қаласының әкімдігіне, «Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) келтірген есептен шығару туралы бұйрығын және тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге міндеттеу туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2019 жылғы 1 шілдедегі шешімін және Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы Басқарманың келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Арыз беруші Р[...] сотқа жоғарыда көрсетілген арызбен жүгінген.

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2019 жылғы 1 шілдедегі шешімін және Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 24 қыркүйектегі шешімімен арыз берушінің арызы қанағаттандырылған.

Сот шешімімен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тұрғын үй комиссиясының 2018 жылдың 21 желтоқсандағы хаттамасының Р[...] қатысты бөлігі, Басқарманың 2018 жылдың 29 желтоқсандағы №02-41/291 бұйрығының Р[...] қатысты бөлігі заңсыз деп танылған.

Басқармаға бұзылған құқықтарды бір ай ішінде қалпына келтіру міндеттелген.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта Басқарма соттар істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, арызын толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Іс құжаттарымен анықталғандай, Р[...] 2010 жылдың 17 наурызынан бастап мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне «Халықтың әлуметтік тұрғыдан әлсіз тобы» - «оралман» санаты бойынша 7 адамнан тұратын отбасы құрамымен кезекке тұрған.

Сонымен бірге, арызға Р[...] 2010 жылы 27 қаңтарда Қазақстан Республикасының азаматы ретінде берілген жеке куәлігінің көшірмесін тіркеген.

Кейіннен 2018 жылғы 21 желтоқсандағы №19 хаттамалық шешіміне және Басқарманың 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 02-41/291 бұйрығына сәйкес Р[...] «оралман» мәртебесін жоғалтуына байланысты кезектен шығарылған. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 73-бабының 1-бөлігі 1-тармақшасына сәйкес азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаж жандар есебінен алып тастау тек қана мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру негіздері жойылған жағдайда ғана мүмкін. Өтінішхатта «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес оралман мәртебесі Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін тоқтатылатындығы көрсетілген. Сол сияқты өтінішхатта Р[...] Қазақстан Республикасының азаматтығын алғандығын ескере отырып, Астана қаласының әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясы өз алдына қолданыстағы заң нормаларында көзделмеген іс-әрекеттерге баруына, яғни қандай да болмасын мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға артықшылық көрсетуге құқығы жоқ екендігі айтылған.

Жергілікті соттармен жоғарыда айтылған мән-жайлар, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың талаптары ескерілмеген.

Өтінішхат иесінің осы азаматтық дауды реттейтін материалдық және процестік заңнамаларды сот дұрыс қолданбады деген уәждері ескерілуге және тексерілуге жатады.

Судья өтінішхат берушінің көрсетілген уәждері сот актісін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

«Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2019 жылғы 1 шілдедегі шешімін және Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья

И[...]

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.