№ 6001-24-00-3г/5570(2)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 17-желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы С.А.Әбдірахманов талап қоюшы Зайсан қаласының әкімі - Зайсан ауданы «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы Анарбек Жакупбекович Дутбаевтың жауапкерлер Тылек Курмангалиевич Курмангалиевке, Асхат Токтарханович Смагуловқа ар-намыс пен қадір-қасиетті және іскерлік беделді (жұмыскерлік атақты) қорғау туралы талап қоюмен қозғалған электрондық форматтағы азаматтық ісі бойынша қабылданған Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 12-қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы Зайсан қаласының әкімі А.Ж.Дутбаевтың өкілі М.Заинованың өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, онда жауапкерлердің талап қоюшының және мемлекеттік мекеменің ар-намысы мен абыройына, оның іскерлік беделіне кір келтіретін шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер таратқанымен негіздеген.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық сотының 2024 жылдың 19маусымдағы шешімімен талап қоюшы Зайсан қаласының әкімі - Зайсан ауданы «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы А.Ж.Дутбаевтың талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
Т.К.Курмангалиевтің «Facebook», «WhatsApp» әлеуметтік тораптарында таратқан мәліметтері шындыққа сәйкес келмейтін, Зайсан ауданы «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі заңды тұлғаның ар-намысы мен абыройына және iскерлiк беделдiлiгiне кір келтіретін мәліметтер деп танылған.
Аталған мәліметтерді шешім заңды күшіне енген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде теріске шығаруды жариялау міндеттелген.
Талап қоюдың А.Т.Смагулов пен Т.К.Курмангалиевтің «Facebook», «TikTok» әлеуметтік тораптарында, «WhatsApp» әлеуметтік торабының «Әңгіме болсын», «Зайсаным менің, жайсаңым менің» топтарында таратқан мәліметтері Зайсан қаласының әкімі Зайсан ауданы «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы А.Ж.Дутбаевтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне және іскерлік беделділігіне лауазымды/жеке тұлға ретінде кір келтіретін мәліметтер деп тану және оларды теріске шығаруды жариялауды міндеттеу бөлігінде қанағаттандырудан бас тартылған.
Сот шығындары туралы сұрақ шешілген.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 2024 жылғы 12-қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, талап қоюды толықтай қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың қабылдаған апелляциялық сатыдағы сот актісімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Апелляциялық сатыдағы соттың жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.
Іс материалынан көрінгендей, дара кәсіпкер И.М.Далабаевқа «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің меншігіндегі «Бульдозер Б10М 0111-1Е» маркалы, мемлекеттік тіркеу номері Ғ099 AND тракторын заңсыз жалға берілген деген айыппен А.Т.Смагулов пен Т.К.Курмангалиев өздерінің «Facebook», «TikTok», «WhatsApp» әлеуметтік тораптарында екеуі бірге түсірген біртұтас бейнежазбаны жариялаған.
Талап қоюшы өзінің және өзі басшылық ететін мемлекеттік мекеменің ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін шындыққа жанаспайтын мәліметтерді жауапкерлердің таратқанын уәждеп, аталған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейтін деп танып, жауапкерлерді осы мәліметтерді теріске шығаруды әлеуметтік тораптарда жариялауға міндеттеуді сұраған.
Бірінші сатыдағы сотпен, Зайсан аудандық прокуратурасының Зайсан ауданы мәслихатының депутаттары Т.К.Курмангалиев пен А.Т.Смагуловтың депутаттық сауалдарына берген жауап хаттарында, жалға беру бойынша тиісті құжаттарға талдау жасау нәтижесінде заң бұзушылық деректері анықталмауына байланысты прокурорлық ден қою актісін енгізуге негіз жоқ екені көрсетілгені анықталған. Сондықтан, жауапкерлердің Зайсан қалалық әкімдігінің бульдозерды жеке кәсіпкерге заңсыз жалға беруі сыбайлас жемқорлықпен байланысты деген уәждерін негізсіз деп түйіндеген.
Дегенмен, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келіспеген. Азаматтық істі қарау барысында апелляциялық сатыдағы сот іс материалына тіркелген құжаттарды зерделей отырып, «Зайсан қаласы әкімдігі» заңды тұлға ретінде жауапкерлерге іскерлік беделді қорғау туралы (дербес) жеке талап қоюымен жүгінбеген деген қорытындыға келген. Ал, бірінші сатыдағы сот шешім қабылдау кезінде, АПК-нің 225 бабының 2-бөлігінің талаптарын бұзған деген негіздермен шешімнің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығару туралы түйінге келген.
Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспей, олардың істі бір жақты қарағанын уәждеген.
Арызданушы кассациялық өтінішхатта, апелляциялық сатыдағы соттың бірінші сатыдағы сотпен істі қарау барысында процессуалдық нормалар бұзылған деген қорытындысы негізсіз деп есептейді. Өйткені, соттың бұл тұжырымы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 35-бабының 1) – тармақшасына қайшы келетінін көрсеткен. Онда, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында тиiстi аудандық (қалалық) әкiмдіктің лауазымды адамы болып табылады және мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынастарда оның атынан сенiмхатсыз өкiлдiк ететіні нақты көрсетілген деген негіздер көрсетілген.
Сонымен қатар, бұл апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы Заңның 1-бабының 2-тармақшасында әкім аппараты – жергілікті атқарушы органның (ол құрылған жағдайда), әкімнің қызметін қамтамасыз ететін және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме деген ұғымға қайшы деп есептейді.
Бұл заңның талаптарын бұза отырып, «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің атынан талап арызбен жүгінуге құқығы жоқ деп шешімге келе отырып, тиісті емес талап қоюшы деп санаған.
Сондай-ақ, талап қою Зайсан қаласы әкімі А.Ж.Дутбаевтың атынан берілгенімен, сот актісінде сот-филологиялық сараптама жүргізуге кеткен шығындар А.Ж.Дутбаевтан жеке тұлға ретінде өндірілгені көрсетілген. Ал, апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымы АПК-нің 109-бабының талаптарына сәйкес келмейтінін, өйткені А.Ж.Дутбаев өзінің жеке басының құқықтарын немесе жеке мүдделерін қорғап, сотқа жүгінбегенін көрсеткен. Керісінше, талап қоюда өзінің лауазымды тұлға ретінде және де өзі басқарып отырған «Зайсан қаласының әкімінің аппараты» ММ-нің іскерлік беделін қорғауды сұраған.
Жоғарыда аталған мән-жайлар сот отырысы барысында зерттеліп, толығымен дәлелденгенімен, бірақ оған апелляциялық сатыдағы сотпен дұрыс баға берілмегенін өтінішхатта келтірілген. Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 12-қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы
Зайсан қаласының әкімі А.Ж.Дутбаевтың өкілі М.Заинованың өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья С. Әбдірахманов Көшірме дұрыс. Судья С. Әбдірахманов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.