ҚАУЛЫ № 4к/151
19 тамыз 2025 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев,
судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
талап қоюшы Т.Д.Құндақбаев, жауапкердің өкілі А.А.Ақтілеудің тікелей қатысуларымен,
ашық сот мәжілісінде Тимур Дауысбекұлы Құндақбаевтың (әрі қарайталап қоюшы) «Бас әскери прокуратурасы» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - жауапкер) дәлелді бас тартуды заңсыз деп тану, қызмет еткен барлық уақытына тұрғын үйге мұқтаж деп тануға және қолайлы акт қабылдауға мәжбүрлеу туралы талап қою арызы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 қарашадағы шешіміне, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа талап арыз түсіріп, онда жауапкерге қарсы жоғарыдағы талаптармен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 қарашадағы шешімімен және оны өзгеріссіз қалдырған Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен аталған талап қою толығымен қанағаттандырылусыз қалдырылған.
Төменгі сатыдағы соттардың шешімдерімен келіспеген талап қоюшы кассациялық шағым түсіріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Істі қарауға қатысқан кассациялық шағым берген талап қоюшының және жауапкер өкілінің пікірлерін тыңдап, даудың мән-жайын зерттеп, шағымның және оған қарсы пікірдің уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК-нің) 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК-нің 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз еткен.
Туындаған дауды қарау барысында, олар оған қатысты Қазақстан Республикасында қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде бағалаған.
Қаралып отырған жағдайда, төменгі сатыдағы соттар өздерінің осы іспен шығарған актілерінде, талап қоюшы мен жауапкердің кейбір уәждеріне қатысты тиісті құқықтық баға бере білген және ол бағамен кассациялық сот та келіседі, сондықтан олар туралы қазіргі қаулыда қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.
Іс бойынша анықталғанындай, талап қоюшы 1992-2021 жылдар аралығында жауапкердің қармағында әскери қызмет атқарып, сол қызметте болудың шекті жасына жетуіне байланысты 01 ақпандағы №7 ж/қ бұйрықпен әскери прокуратура органдарынан және әскери қызметтен запасқа шығарылған. Бұл тұста оның әскери қызметтегі еңбек өтілі, күнтізбелік есеппен - 30 жыл 11 ай 11 күнді, жеңілдікпен - 32 жыл 6 ай 17 күнді құраған. Отбасында өзі, әйелі және үш баласы бар, жауапкерге тиесілі тұрғын үй комиссиясының 2010 жылғы 04 мамырдағы №4 хаттамасы бойынша оған Астана қаласы, Жеңіс даңғылы, №39 үйдегі мекенжай бойынша жатақханадан бөлме берілген. Ал, 2012 жылғы 08 ақпанда талап қоюшы өзін тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізіміне енгізу туралы баянат беріп, сол жылдың 07 маусымдағы тұрғын үй комиссиясының №2 хаттамасымен оның бұл баянаты қанағаттандырылған.
Арада төрт жыл өткенде, 2016 жылғы 26 шілдеде талап қоюшы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамымен сатып алу-сату шартын жасап, сол бойынша Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, №30 үй, №137 пәтерді ипотекалық несие арқылы сатып алған, бұл берешегін ол 2021 жылғы 25 ақпанда толықтай өтеген. Осы тұрғын үйді сатып алуына байланысты талап қоюшы кезінде алған жатақханадағы №4 бөлменің кілтін 2016 жылғы 01 қыркүйекте тапсырған.
Алайда, талап қоюшы, жауапкердің тұрғын үй комиссиясының 2016 жылғы 15 қыркүйектегі №9 хаттамасының негізінде қызметтік тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен және әскери прокуратура органдары әскери қызметшілерінің бірыңғай кезектілік тізімінен алынып тасталған.
Кейіннен, 2024 жылғы 07 мамырда ол біржолғы тұрғын үй төлемдерін төлеуді сұрап баянат берген және оған негіз ретінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілгенін келтірген. Бұл баянатқа жауапкер сол жылғы 29 мамырда жауап беріп, 2018 жылғы 12 ақпандағы №49 қаулысымен бекітілген әскери қызметшілерді қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін, тағайындауын, қайта есептелуін, жүзеге асырылуын, тоқтатылуын, тоқтата тұруын және қайта басталуын реттейтін Қағидалардың 14-тармағына сәйкес құжаттарды сұратқан.
Келесі баянатын талап қоюшы 2024 жылғы 06 маусымда жазып, онда жиырма және одан да көп жыл еңбек еткендігін, пәтерді бұрын ипотекаға сатып алғандығын айтып, қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына енгізілген өзгерістерді ескере отырып, біржолғы тұрғын үй төлемдерін сұраған. Сол жылдың 21 маусымында алған жауапта, тұрғын үй заңнамасына 2022 жылғы 15 сәуірде енгізілген өзгерістер тек қолданысқа енгізілгеннен кейін ғана туындаған құқықтық қатынастарға қолданылатындығын, сондықтан біржолғы тұрғын үй төлемдерін талап қоюшыға тағайындау мүмкін еместігі айтылған.
2024 жылғы 12 шілдеде талап қоюшы жауапкерге осы мазмұндағы өтінішпен қайта жүгінген, оған 30 шілдеде жоғарыдағыдай жауап алған.
Талап қоюшы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына да шағым берген, онысына 2024 жылғы 28 тамызда жауап келіп, тұрғын үйге мұқтаж деп тану үшін ешбір негіз жоқтығы жөнінде хабарланған.
Мұндай жағдайда жергілікті соттар төмендегідей тұжырымға келген.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 15 сәуірдегі №114-VII ҚРЗ Заңының (бұдан әрі - Өзгерістер енгізу туралы заң) 10)-тармақшасы бойынша, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 101-2 бабының 5-тармағы мына мәтінде келтірілген:
«Әскери қызметшілер әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқартылуына байланысты, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, өздеріне қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңдері үшін:
- бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдері;
- бұрын Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген немесе әрбір қызмет өткеру орны бойынша меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрған кезеңдері шегеріле отырып, арнаулы мемлекеттік органдарға, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қызметке кірген күннен бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үй төлемдерін алады.
Бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы есепке алынбайды».
Мұндай жағдайда соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 4-бабының 1-тармағына сілтеме жасауы орынды. Яғни, азаматтық заң құжаттарының керi күшi болмайды, олар өздерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң құжаттарының заңдық күшi өздерi күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастарға, бұл тек қана оларда тiкелей көзделген реттерде қолданылады.
Бұдан тыс ескеретін жағдай, Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының (бұдан әрі - Құқықтық актілер туралы заң) 11бабының 1 және 2 тармақтарына сәйкес, егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады. Қолданысқа енгізілген нормативтiк құқықтық актiлердi қолдану үшiн қандай да болсын қосымша нұсқаулар талап етiлмейдi.
Ал осы Құқықтық актілер туралы заңының 43-бабында нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайтындығы көзделген.
Қаралып отырған жағдайда, Заңының 101-2-бабының 5-тармағының редакциясы 2022 жылғы 15 сәуірде қолданысқа енгізілген, сондықтан талап қоюшының уәждеріне негіз бола алмайды. Оның үстіне талап қоюшыны қызметтік тұрғын үй алуға мұқтаждар есебінен және әскери прокуратура органдарының бірыңғай кезектіліктен алып тастау туралы 2016 жылғы 15 қыркүйектегі №9 тұрғын үй комиссиясының хаттамасы күшін жоймаған. Талап қоюшы әскери прокуратура органдарынан және әскери қызметтен босатылғанда тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрмаған, ал тұрғын үй төлемдері тек қана тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметкерлерге ғана төленеді.
Жоғарыдағылардың негізінде, кассациялық сот іс бойынша шығарылған шешімдер ӘРПК-нің 155-бабының талаптарына сәйкес келеді, олар нақты мән-жайлар мен әділеттілік принципіне сүйене отырып қабылданған деп санайды.
Айтылған мән-жайларды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды және негізді деп тауып, оларды бұзуға немесе өзгертуге ешбір дәлелдемелер анықталмады деп табады. Кассациялық шағымның уәждері бұрында төменгі соттардың зертеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болған. Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен қазіргі кезде кассациялық сотқа ұсынылмады.
Осы себепті, іс бойынша шығарылған сот актілері өзгеріссіз, ал талап қоюшының кассациялық шағымы - қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 қарашадағы шешімі, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.