ҚАУЛЫ
2024 жылғы 25 шілде 6001-24-00-6ап/388 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Б.Т.Нажмиденов болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Гулжан Абдугаппаровна Абдрахманованың жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне (бұдан әрі – Әкім), «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-не (бұдан әрі – Басқарма), Шымкент қаласының жер комиссиясына (бұдан әрі – Жер комиссиясы) 2023 жылғы 5 мамырдағы №14/69 хаттамалық шешімін, Шымкент қаласы әкімінің (бұдан әрі – Әкім) 2023 жылғы 11 мамырдағы №1108 қаулысын заңсыз деп тану, қолайлы әкімшілік акті қабылдауды міндеттеу, жер комиссиясының қызмет көрсетуге келісім беруден бас тартуын, жер комиссиясы мүшелерінің қорытындысын алдынала дайындау әрекетін, жер комиссия отырысына қатыстырмау әрекетін, хаттаманың шешімін ұсынбау әрекетін, хабарлама ұсыну әрекетін, қала құрылыстық қорытындысының мәлімдемесін, ұсыныс айту, жер комиссиясының қорытындысын алдын-ала жазып қою әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 тамыздағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюлармен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2023 жылғы 25 тамыздағы шешімімен жер комиссиясының 2023 жылғы 5 мамырдағы №14/69 хаттамалық шешімін (бұдан әрі - жер комиссиясының шешімі) , Әкімнің 2023 жылғы 11 мамырдағы №1108 қаулысын заңсыз деп тану, күшін жою, қолайлы әкімшілік акті қабылдауды міндеттеу туралы талап қою бөліктерін қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – апелляциялық сот) 2023 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген. Шешімнің бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылып, жер комиссиясының шешімінің және Әкім қаулысының Г.А.Абдрахмановаға қатысты бөліктері заңсыз танылып, күші жойылған. Апелляциялық соттың қаулысына кассациялық шағым берілмеген.
Бұдан басқа, МАӘС-ның 2023 жылғы 25 тамыздағы ұйғарымымен жер комиссиясының қызмет көрсетуге келісім беруден бас тартуын, жер комиссиясы мүшелерінің қорытындысын алдын-ала дайындау әрекетін, жер комиссия отырысына қатыстырмау әрекетін, хаттаманың шешімін ұсынбау әрекетін, хабарлама ұсыну әрекетін, қала құрылыстық қорытындысының мәлімдемесін, ұсыныс айту, жер комиссиясының қорытындысын алдын-ала жазып қою әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қою бөлігі әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен қайтарылған.
Апелляциялық соттың 2023 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында талап қоюлардың осы бөліктерін қайтару жайлы сот ұйғарымдарымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істің бұл бөлігін бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Жауапкерлер Әкім пен Басқарманың өкілі істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптар өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәждерін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) дәлелді деп санамайды.
Басқа сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасының отырысына
келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жоғарыда айтылғандай апелляциялық соттың қаулысымен негізгі талаптар, яғни жер комиссиясының шешімінің және Әкім қаулысының Г.А.Абдрахмановаға қатысты бөліктері заңсыз танылып, күші жойылған.
Жергілікті соттар негізгі талап қоюдан туындайтын басқа талаптарды қайтарғанда олар сотпен іс қарау барысында баға берілетін дәлелдемелер болып табылады, бөлек талап ретінде қаралуға жатпайды деген дұрыс тұжырым жасаған.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 тамыздағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Гулжан Абдугаппаровна Абдрахманованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ғ. Әлжанов
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.