Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/334 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/334

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 28 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Есдаулетов, С.С.Абдигалимов,

талап қоюшы Ж[...], оның өкілі К[...],

жауапкер өкілдері Б[...], Ш[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы аудандық білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бұйрықтарды заңсыз деп тану және күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, жалақы және моральдық зиян өндіру туралы талап қоюы бойынша Ойыл аудандық сотының 2025 жылғы 13 қазандағы жеке ұйғарымы мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы ұйғарымына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Ж[...] сотқа талап қоюмен жүгініп, онда өзіне қатысты 2025 жылғы 5 ақпандағы №95-Ө, 2025 жылғы 17 ақпандағы №135-Ө тәртіптік жазалар туралы және 2025 жылғы 25 сәуірдегі №11-ЖҚ еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтарды заңсыз деп танып, күшін жоюды, бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған барлық уақыты үшін жалақы, сауықтыру жәрдемақысы мен моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Ойыл аудандық сотының 2025 жылғы 13 қазандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. 2025 жылғы 25 сәуірдегі №11-ЖҚ бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылған, талап қоюшы бұрынғы қызметіне қайта орналастырылып, жалақысы мен моральдық зиянның өтемақысы өндірілген, қалған талаптар қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бұған қоса жеке ұйғарыммен сот мекеме басшысы тарапынан еңбек заңнамасының талаптарын бұзу фактілері орын алғанын көрсетіп, оларды жою және болдырмау мақсатында жоғары тұрған органға хабарлаған. Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылып, жауапкердің жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Кассациялық шағымда жауапкер соттар жеке ұйғарым шығару кезінде процестік нормаларды бұзғанын, жеке ұйғарымда нақты қандай нормативтік құқықтық актілердің талаптары бұзылғаны көрсетілмегенін, соттардың әрекеттері судья әдебінің талаптарына қайшы келетінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда ғана кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Іс бойынша соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

АПК-нің 270-бабының 1-бөлігіне сәйкес, заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істі қарау барысында жауапкер тарапынан Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ЕК) талаптары сақталмағанын дұрыс анықтаған.

Атап айтқанда, ЕК-нің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сәйкес еңбек шартын бұзу үшін жұмыскердің тәртіптік жазасы бола отырып, еңбек міндеттерін қайталап орындамау фактісі дәлелденуге тиіс. Алайда соттар талап қоюшының әрекеттерінде теріс қылықтың қайталану белгісі жоқ екенін негізді түрде анықтаған, себебі еңбек шартын бұзуға негіз болған әрекет алдыңғы тәртіптік жазалар қолданылғанға дейін орын алған.

Сонымен қатар, ЕК-нің 65-бабының 2-тармағына сәйкес тәртіптік жаза қолданар алдында жұмыскерден міндетті түрде жазбаша түсініктеме алынуға тиіс. Іс құжаттарымен мұндай талаптың сақталмағаны расталған.

Бұдан бөлек, ЕК-нің 66-бабының 1-тармағына сәйкес тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір ай ішінде қолданылуы қажет. Соттар бұл мерзімнің бұзылғанын да дұрыс көрсеткен.

Осы мән-жайлар жұмыс берушінің әрекеттерінде еңбек заңнамасының талаптарын бұзу фактілері бар екенін дәлелдейді.

«Соттардың азаматтық істер бойынша жеке ұйғарымдар шығару практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы №1 нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес жеке ұйғарымда заң бұзушылықтардың мәні мен себептері көрсетілуге тиіс.

Даулы жеке ұйғарымда еңбек заңнамасының нақты нормалары бұзылғаны көрсетілген, сондықтан оның мазмұны заң талаптарына қайшы келмейді.

Кассациялық шағымдағы жеке ұйғарымда нақты нормалар көрсетілмеген деген уәждер негізсіз, себебі сот актілерінде Еңбек кодексінің 52, 65, 66-баптарының талаптары бұзылғаны толық талданып, дәлелденген. Сондай-ақ, судья әдебі нормалары бұзылды деген уәждер дәлелденбеген және іс құжаттарымен расталмайды, сондықтан олар сот актілерінің заңдылығына әсер етпейді.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мән-жайларын жанжақты, толық және объективті зерттеп, заң талаптарына сәйкес негізді тұжырымға келген.

Сондықтан дау айтылған сот актілерін өзгертуге немесе күшін жоюға негіздер жоқ.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облысы Ойыл аудандық сотының 2025 жылғы 13 қазандағы жеке ұйғарымы мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Ормаханов

Судьялар

А.Есдаулетов

С.Абдигалимов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.