ҚАУЛЫ
2026 жылғы 20 мамыр 6003-26-00-4к/770 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев
судьялар –Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,
талап қоюшылар Г.Т. Маликовтың, М.Н. Жалпетекованың және олардың өкілі Н.А. Байгазиевтың қатысуыларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар Совет Ерманович Изембаевтың, Гани Тилеутаевич Маликовтың, Маржан Нурмашқызы Жалпетекованың, Кулшат Жамалбековна Билибаеваның жауапкерлер Тараз қаласы әкіміне, «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі -КММ) іс-әрекеттерді заңсыз деп танып, заң бұзушылықтарды жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшылар өкілінің келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешімін талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз, талап қоюшылардың өкілі Н.А.Байгазиевтың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшылардың өкілінің кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкер «Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасы» КММ-нің, мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» РММ-нің өкілдерінен Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы туралы өтініштер келіп түсті.
Алайда, бұл өтінішхаттар қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы
өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы тұлғалар алдын-ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшылар өкілінің кассациялық шағым уәждерімен келіскен пікірін тындап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Төменгі сатыдағы соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Тараз қаласының №2 сотының 2019 жылғы 19 сәуірдегі үкімімен сотталушы И.Т. Бекежанов Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 361-бабының 4-бөлігінің 3) тармағында, 369-бабының 1-бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Қылмыстық іс бойынша И.Т.Бекежанов отыз жер учаскесін заңсыз жеке тұлғаларға рәсімдегендігі анықталған, олардың ішінде осы әкімшілік іс бойынша талап қоюшылар С.Е. Изембаев, Г.Т. Маликов, М.Н. Жалпетекова және К.Ж. Билибаева да бар.
Талап қоюшы С.Е. Изембаев бойынша:
Тараз қалалық сотының 2019 жылғы 25 маусымдағы шешімімен С.Е.Изембаев пен «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММнің арасында Тараз қаласы Барысхан алқабы № 280 (Алматы көшесі № 2«Г» учаскесі), кадастрлық нөмірі № 06-097040-1140, көлемі 0,0793 га., жер учаскесін жалға беру туралы 2017 жылғы 7 қарашада жасалған № 117 шарт жарамсыз деп танылған және жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Тараз қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 2 наурыздағы қаулысымен талап қоюшының тұрғын үйі орналасқан жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Талап қоюшы Г.Т. Маликов бойынша:
Тараз қалалық сотының 2019 жылғы 12 шілдедегі шешімімен Г.Т. Маликов пен «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-нің арасында Тараз қаласы Барысхан алқабы № 281 (Алматы көшесі № 2«В» учаскесі) мекен-жайында орналасқан, көлемі 0,0788 га., жер учаскесін жалға беру туралы 2017 жылы 7 қарашада жасалған № 121 шарт жарамсыз деп танылған және жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Тараз қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 2 наурыздағы қаулысымен талап қоюшының тұрғын үйі орналасқан жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Талап қоюшы М.Н. Жалпетекова бойынша:
Тараз қалалық сотының 2018 жылғы 3 наурыздағы шешімімен М.Н. Жалпетекова мен «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММнің арасында Тараз қаласы Барысхан алқабы № 4«А» (қазіргі Қызыл қайнар көшесі № 8«А») мекен-жайда орналасқан, көлемі 0,0800 га., жер учаскесін жалға беру туралы 2017 жылғы 15 маусымдағы № 53 шарт жарамсыз деп танылып, жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Шешімде Тараз қаласы прокурорының наразылығымен Тараз қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 11 желтоқсандағы № 921 қаулысымен Н.М. Жалпетековаға аталған жер учаскесін беру туралы әкімдіктің 2017 жылғы 12 маусымдағы № 458 қаулысының күші жойылғандығы көрсетілген.
Талап қоюшы К.Ж. Билибаева бойынша:
Тараз қалалық сотының 2018 жылғы 20 наурыздағы шешімімен К.Ж. Билибаева мен «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-нің арасында Тараз қаласы М. Койшыбеков көшесі № 85«А» мекен-жайда орналасқан, көлемі 0,1000 га., жер учаскесін жалға беру туралы 2017 жылғы 18 мамырдағы № 40 шарт жарамсыз деп танылып, жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Шешімде Тараз қаласы прокурорының наразылығымен Тараз қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 11 желтоқсандағы №921 қаулысымен К.Ж. Билибаеваға аталған жер учаскесін беру туралы әкімдіктің 2017 жылғы 15 мамырдағы № 368 қаулысының күші жойылғандығы көрсетілген.
Тараз қаласы әкімінің талабын қанағаттандырған соттың шешімдері Тараз қаласының № 2 сотымен сотталған И.Т. Бекежановқа қатысты қаралған қылмыстық іс бойынша 2019 жылғы 19 сәуірде шығарылған үкімге негізделген.
2025 жылғы 5 ақпанда Н.А. Байгазиев талап қоюшылардың әрқайсысының атынан жеке-жеке олардың жеке меншігіндегі тұрғын үйлерінің жер учаскелерін жалға беру немесе меншік құқығын беру туралы өтініштерді Тараз қаласының әкіміне «е-otinish» арқылы жолдаған.
2023 жылғы 5 сәуірдегі «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда «жер комиссиясы» институты алынып тасталған.
Осыған орай, Тараз қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №5100 қаулысымен «Жер учаскелеріне құқық беру жөніндегі комиссиясының құрамын бекіту туралы» әкімдіктің 2022 жылғы 20 қыркүйектегі № 5018 қаулысының күші жойылған, яғни жер комиссиясы таратылып, жұмысын тоқтатқан.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабының 4-тармағына сәйкес Республикалық маңызы бар қала, Астана, облыстық және аудандық маңызы бар қала шегіндегі жерден жер учаскесін беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығымен Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидалар (бұдан әрі - Қағида) бекітілген.
Осы Қағиданың 10-қосымшасының 4-тармағына сай жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішті, құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру Мемлекеттік корпорация арқылы не портал арқылы жүзеге асырылады.
Алайда, талап қоюшылардың атынан берілген өтініштер «е-otinish» ақпараттық жүйесі арқылы түскен, сондықтан бұл өтініштерге аталған Қағиданың талаптары қолданылмайды.
Аталған өтініштер «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-мен Ережесінің 15-тармағына сай қаралып, тиісінше жауап берілген.
Берілген жауаптарда өтініш иелерінің жер учаскелері заңсыз иеленуден сот шешімдерімен мемлекет меншігіне қайтарылғандығы көрсетілген.
Осыдан кейін талап қоюшылар С.Е. Изембаев, Г.Т. Маликов, М.Н. Жалпетекова 2025 жылғы 18 наурызында, К.Ж. Билибаева 20 наурызында Жамбыл облысының әкімдігіне «е-otinish» ақпараттық жүйесі арқылы өтініштер берген.
Әкімдік өтініштерді «Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастар басқармасы» КММ-не 2025 жылғы наурыз айының 18, 19, 27 күндері қарауға жолдаған.
Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастар басқармасы» КММ-сі өтініштерді ӘРПК-нің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өтініштерді берген талап қоюшылардың өкілі Н.А Байгазиевпен тыңдауды ұялы телефон арқылы жүргізіп қараған, тыңдау хаттамасы жүргізілген. Өтініштерді қарау бойынша жауаптар 2025 жылы 1 сәуірінде берілген.
Талап қоюшылардың жауапкерлер олардың өтініштерін әкімшілік рәсімді бұза отырып қарады деген тұжырымдары сотпен дәлелсіз деп танылған. Сондай-ақ, талап қоюшылардың Конституциялық құқықтары мен
Жер Кодексінің 52-бабының нормалары бұзылды деген уәждерін төмен тұрған соттар негізсіз деп тапқан.
Кассациялық шағымның уәждерінің мазмұны бірінші және апелляциялық сатыдағы сотта келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Кассациялық сот, аталған жер учаскелері талап қоюшыларға заңсыз берілгендігі сот актілерімен негізделеді деген төмен тұрған соттардың тұжырымдарымен келіседі.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот, сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, талап қоюшылар өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшылар өкілі Н.Байгазиевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.