ВС РК - Постановление от 20.12.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1679 (Административное)

6001-23-00-6ап/1679

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 20 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Б.Т. Нажмиденов болып, талап қоюшы Ж[...], жауапкер өкілдері Қ[...], Қ[...], мүдделі тұлға Собалақовтың қатысуларымен,

талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер - Ақтөбе облысының әкіміне, Түркістан облысының әкіміне, Түркістан облысы Арыс қаласының әкіміне, мүдделі тұлғалар - «Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Түркістан облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Арыс қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне, «ҚС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне әкімдердің әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп танып, тұрғын үйдің жаңадан құрылыс жұмыстарын жүргізуді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 2022 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 мамырдағы қаулысына жауапкер Ақтөбе облысы әкімінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 2022 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен талап арыз толығымен қанағаттандырылған.

Ақтөбе облысы әкіміне Түркістан облысы, [...] мекен-жайда орналасқан тұрғын үй пайдалануға жарамсыз болуына байланысты тұрғын үйдің жаңадан құрылыс жұмыстарын алты ай мерзім ішінде жүргізу міндеттелген.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, жауапкер өкілі Қ[...], К[...] кассациялық шағымды қолдаған уәждерін, талап қоюшы Ж[...], мүдделі тұлға Собалақовтың пікірлерін тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2019 жылғы 24 маусымдағы Арыс қаласы №44859 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында орын алған жарылыс салдарынан талап қоюшы Ж[...] Түркістан облысы, [...] мекен жайда орналасқан тұрғын үйіне зақым келтірілген.

Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы №387 Заңының 18-бабына сәйкес төтенше жағдайды енгiзуге негiз болған мән-жайлардың салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға тұрғын үй-жайлар берiледi, материалдық зиянның орны толтырылады, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен және шекте қажетті көмек берiледi.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің төрағалық етуімен өткізілген мәжілістің хаттамасына сәйкес, Арыс қаласының қалпына келтірілуге жататын объектілері секторларға бөлініп, бекітілген. Осы мақсатта үкіметтің төтенше жағдайлар резервінен бөлінген қаржы есебінен №12 секторда орналасқан зақымданған ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізу Ақтөбе облысының әкімдігіне тапсырылған. Талап қоюшының тұрғын үйі №[...] сектор аумағында орналасқан.

Талап қоюшының тұрғын үйін ағымдағы жөндеуден өткізу үшін ақау актісі 2019 жылы 7 тамызда «Арыс қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысымен бекітілген.

Аталған ақау актісі бойынша жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме «СИК[...]» («ҚС[...]») ЖШС жүргізген. Алайда, «СИК[...]» ЖШС тек шатырды ауыстыруымен, яғни тұрғын үйді пайдалануға болатындай етіп, толық көлемінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбей, тұрғын үйдің шатырын ауыстырумен шектелген.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, сот-құрылыс сараптамасын тағайындап, талап қоюшының тұрғын үйі Арыс қаласында орын алған жарылыс салдарынан зардап шегіп, оның негізгі тірек құрылымдарына және қабырғаларына зақым келіп, үй апаттық жағдайға түскен, онда тұратын талап қоюшы мен оның жанұя мүшелерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді деген тұжырымға келіп, Ақтөбе облысы әкімінің іс-әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп танып, жаңадан құрылыс жұмыстарын жүргізуге міндеттеген.

Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкердің сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 2022 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Ақтөбе облысының әкімі Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Ш.Т. Даниярова

Б.Т. Нажмиденов

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.