6001-24-00-6ап/1141, (2)
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 14 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар – Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
талап қоюшы Е.Н.Дилдабаевтың,
жауапкер өкілі Ш.М.Мейрамбайдың,
мүдделі тұлға өкілдері Р.А.Айкимбаевтың, Г.Ш.Рахметованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Ерсултан Нурмаханович Дилдабаевтың жауапкер «Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» (бұдан әрі – Басқарма) мемлекеттік мекемесіне 2023 жылғы 21 шілдедегі №466 нұсқаманың күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 30 қарашадағы шешіміне, жеке ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 ақпандағы қаулысы мен ұйғарымына талап қоюшы мен жауапкердің келтірілген кассациялық шағымдармен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 30 қарашадағы шешімімен талап ішінара қанағаттандырылған. Сот шешімімен құрамында ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығын техникалық тексеру саласындағы тиісті аттестатталған мамандары бар мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып, техникалық зерттеп-қарауды орындау және қайта құру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары орындалған іргетастар мен еден плиталарын нығайтуды жүзеге асыру туралы нұсқама бөлігінің күші жойылған.
Талап қоюдың басқа бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Істі қарау нәтижесінде бірінші сатылы сотпен заңдылықты бұзу фактісі бойынша жеке ұйғарым қабылданған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 ақпандағы қаулысы және ұйғарымымен бірінші сатылы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерін өзгертіп, талап қоюды толық көлемінде қанағаттандыруды сұраған.
Кассациялық шағымда жауапкер қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күштерін жоюды сұраған.
Сот отырысында қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымдардың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда Е.Н.Дилдабаев Астана қаласы, Есіл ауданы, «Нұрсая-2» тұрғын үй кешені, Достық көшесі, 13 үйдің (20-кіреберіс), 42А тұрғын емес үй-жайдың (кадастрлық номері 21:320:114:1011:13:ВП42/1) иесі болып табылады, 2020 жылғы 26 қарашада меншік құқығы тіркелген.
2022 жылғы 8 желтоқсандағы Астана қаласының Есіл аудандық сотының заңды күшіне енген ұйғарымымен талап қоюшы Е.Н.Дилдабаевтың талап қою арызы бойынша қозғалған азаматтық ісі бойынша медиация келісімі бекітілген.
Оның шарттарына сәйкес жауапкер «Достық 13 Астана 2007» меншік иелер бірлестігі талап қоюшы Е.Н.Дилдабаевқа Достық көшесі, 13 үй, 42/1 ҚСЖ мекен-жайында орналасқан өзінің тұрғын емес үй-жайына өтетін техникалық құжатта көрсетілген жерден, Мәңгілік ел көшесі жағындағы кіру тобынан (қазіргі уақытта Гүлдер салоны жанында, Арканың оң жағында орналасқан) есікті өз күшімен ашып, баспалдақ жасап, кіріп шығып пайдалануға, электр желісіне, су құбырларына, кәрізге қосылуына кедергі келтірмеуге міндеттелген.
2023 жылғы 12 шілдеде Б.Иманғалиевтің Е.Н.Дилдабаевқа қатысты «Сәулеттік, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) талаптарын бұзу мәселесі бойынша келтірген шағымының негізінде Басқармамен жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесі бойынша Е.Н.Дилдабаевқа тиесілі аталған тұрғын емес үй-жайда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілгені анықталған.
Өз кезегінде, аталған жұмыстарды жүргізу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың басталғаны туралы хабар жібермей, құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастағаны анықталған.
Осылайша Басқарма Е.Н.Дилдабаевтың тарапынан сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтерде және өзге де нормативтік-құқықтық актілерде көзделген талаптарды бұзған деген тұжырымға келген.
Атап айтқанда, аталған тұрғын емес үй-жайдың үстінде орналасқан желдеткіш (вентиляциялық) камерада қалыңдығы 200 мм темірбетонды еден плитасында саңылауы 14 мм арматурамен және 250 мм қадамнан тұратын темірбетон еден плитасын бұрғылау көмегімен кесіп, тесік жасалған (өлшемі 130-132 см-ден 205 см-ге дейінгі тіктөртбұрыш түрінде).
Желдеткіш (вентиляциялық) камера кондоминиум объектісінің жалпы меншігі болып табылады (онда жалпыүйлік жылу инженерлік жүйелер орналасқан).
Тұрғын емес үй-жайдың бүкіл ауданы бойынша еденнің бетон төсемі бөлшектелгені және бөлменің биіктігін арттыру үшін 30-40 см топырақ қазылғаны анықталған.
Бағандарды байланыстыратын төменгі темірбетонды іргетас таспалары бөлшектелген (қазіргі таңда қалпына келтірілген).
Осы тексерудің қорытындысы бойынша Басқарма Е.Н.Дилдабаевқа қатысты 2023 жылғы 21 шілдедегі №466 заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама (бұдан әрі – нұсқама) берген.
Нұсқама мына тармақтардан тұрады: 1) құрамында ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығын техникалық тексеру саласындағы тиісті аттестатталған мамандары бар мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып, техникалық зерттеп-қарауды орындау; 2) қайта құру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары орындалған іргетастар мен еден плиталарын нығайтуды жүзеге асыру; 3) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалынан уәкілетті органға берілген 2012 жылғы 5 наурыздағы техникалық паспортқа сәйкес объектіні бастапқы түріне келтіру. Нұсқаманының орындалу мерзіміне күнтізбелік 30 күн бекітілген. Өз кезегінде Е.Н.Дилдабаевқа қатысты тексеру нәтижесі бойынша бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалған.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысымен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың басталғаны туралы Басқармаға хабар жібермей, құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастағаны үшін Е.Н.Дилдабаев Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 463-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан басқа, 2023 жылғы 21 шілдеде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтерде және өзге де нормативтік-құқықтық актілерде көзделген талаптарды бұзғаны үшін Е.Н.Дилдабаевқа қатысты ӘҚБтК-нің 322-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы Басқармамен хаттама толтырылған.
Сол күні объектiлердi және олардың кешендерін, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасыз не сараптама жүргізу талап етілетін, белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау (жобалаусметалық) құжаттамасы бойынша құрлыс салуды (реконструкциялау, реставрациялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу) бұзғаны үшін Е.Н.Дилдабаевқа қатысты ӘҚБтК-нің 316бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы Басқармамен хаттама толтырылған.
Бұл ретте, «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалынан алынған техникалық паспортында аталған тұрғын емес үй-жайға (жертөлеге) түсу үшін арнайы тесік және баспалдақ маршы көрсетілмеген. Сонымен сотта Е.Н.Дилдабаевтың тұрғын емес үй-жайда құрылысмонтаждау жұмыстарын жүргізгені, аталған жұмыстарды жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың басталғаны туралы хабар жібермей, құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастағаны анықталып, іс материалдарындағы дәлелдемелермен, оның ішінде куәлардың айғақтарымен расталды.
Демек, Е.Н.Дилдабаев «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 14) тармақшасының, «Сәулеттік, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабы 12-тармағының, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген Құрылыс саласында құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының 23-тармағының талаптарын бұзған.
Е.Н.Дилдабаевтің жоғарыда көрсетілген құрылыс жұмыстарын уәкілетті органға хабар бермей бастауы, құрылыс саласындағы ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерін бұзғанын айқындайды. ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігімен сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартатындығы қарастырылған.
Өз кезегінде жергілікті соттар даулы нұсқама заңды болып табылады деген дұрыс тұжырымға келген. Өйткені, ол сала заңнамасы аясында және Басқарманың өкілеттіктері шеңберінде қабылданған. ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігімен әкімшілік рәсімдердің жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға алып келетіндігі бекітілген. ӘРПК-нің 11-бабының бірінші бөліне сай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті. ӘРПК-нің 14-бабына сәйкес әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынады.
Осы заңнама нормалары тұрғысында және даулы нұсқаманың қабылдау барысында Басқарма әкімшілік қадағалауды жүзеге асыру шегінен шығуына орай талап қоюдың қанағаттандырылған бөлі, яғни сотпен нұсқаманың бірінші бөлігі заңсыз деп танылуы, негізді болып табылады.
Басқармамен әкімшілік рәсім аясында бұзушылықтарға жол берілген фактісі бойынша бірінші сатылы сотпен қабылданған жеке ұйғарым АПК-нің 270-бабының талаптарына сәйкес келеді.
Осыған орай, сот алқасы сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, соттармен заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген деп санайды.
Дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 30 қарашадағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 ақпандағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Ерсултан Нурмаханович Дилдабаевтың, жауапкер «Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММнің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Ж. Ермагамбетова Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.