ҚАУЛЫ
2023 жылғы 11 сәуір 6001-22-00-6ап/2245 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкерлер «Қазығұрт ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Қазығұрт аудандық тіркеу және жер кадастры бөліміне жалға беру келісім-шартын жасауды және мемлекеттік акт беруді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 наурыздағы шешіміне, Түркістан облыстық 2022 жылғы 3 тамыздағы шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы М[...], кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап қоюшының және мүдделі тұлға Қазығұрт ауданы әкімінің өкілдері ешқандай уәж көрсетпей, істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған және алдын ала сот хабарлама жіберілген болатын. Сондықтан, тараптардың сотқа келмеуі туралы уәждерін сот дәлелді деп санамайды.
Жауапкерлер және басқа мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады. Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2003 жылғы 3 қыркүйектегі №264 қаулысымен «М[...]» ЖШС-не 100 га жер (кадастрлық №19-[...]) 49 жылға жалға берілген. 2008 жылғы 6 тамыздағы сот шешімімен «М[...]» ЖШС (Серіктестік) банкрот деп танылып, таратылған.
Серіктестіктің директоры М[...] 2012 жылғы 29 наурызда қайтыс болған. Оның мұрагерлеріне нотариус 2017 жылғы 6 қыркүйекте Серіктестіктің құқық белгілейтін құжаттарын алуға мүліктік емес құқық туралы куәлік және 2017 жылғы 13 қыркүйекте Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2003 жылғы 3 қыркүйектегі №264 қаулысын және басқа да Серіктестіктің құқық белгілейтін құжаттарын алуға, оларды тіркеуге және кадастрлық №19289-052-1128 жер учаскесін сатып алуға мүліктік емес құқыққа куәлік берген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда жер учаскесі марқұм М[...] емес «М[...]» ЖШС-не берілгенін, бұл Серіктестік банкрот деп танылып таратылып кеткенін, қазіргі уақытта «М[...]» ЖШС-ның атына тіркелген жер учаскесі мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректер базасынан алынып тасталғанын ескерген.
Сот алқасы талап қоюшының даулы жер учаскесіне құқығы туындамаған деген соттардың тұжырымдарымен келіседі.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 наурыздағы шешімі, Түркістан облыстық 2022 жылғы 3 тамыздағы шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.