КСАД РК - Постановление от 11.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/1773 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 11 желтоқсан №6003-25-00-4к/1773 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші - судья Д. Әбдіғалиев,

судьялар Г. Ыдырысова, Д. Нұрлыбаева болып, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Тазалық-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкерлер Маңғыстау облысының әкімі аппаратына және Маңғыстау облысының әкімі аппаратының ішкі аудит қызметіне

2025 жылғы 25 ақпандағы № 18-Ө санды ішкі аудит нәтижелері туралы есепті заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымдарына талап қоюшының кассациялық шағыммен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Серіктестік жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот іс құжаттарын және шағымның уәждерін зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Іс материалдарынан анықталғандай, аудиторлық іс-шара «Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Бөлім) қатысты жүргізіліп, ішкі аудит нәтижелері туралы есеп жасалған. Аудиторлық іс-шара нәтижесінде Маңғыстау облысы әкімінің бұзушылықтарды жою және ұсынымдарды қарастыру туралы өкімі қабылданып ( бұдан әрі - Өкім), Бөлімге және Жаңаөзен қаласының әкіміне орындау үшін жолданған.

Өз кезегінде, Бөлім өкімді орындау мақсатында ішкі аудит нәтижелері туралы даулы есепті Серіктестікке жолдаған.

Жергілікті соттар талап қоюды қайтарғанда даудың жария-құқықтық қатынастардан туындамағанын, сондықтан әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтынын негізге алған.

ӘРПК-нің 5-бабында көрсетілгендей, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастардағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру болып табылады.

Осы Кодекстің 4-бабының бірінші бөлігінің 33) тармақшасында келтірілген түсіндірмеге сәйкес талап қоюшы ретінде өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға түсіндірілген.

Жария-құқықтық қатынастар құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің билікті өкілеттерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.

Талап қоюшы даулап отырған жауапкердің аудиторлық есебі әкімшілік акт болып танылмайды, себебі оның Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды, құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін бұзбайды, сондықтан талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні бойынша талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен, сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен бірдей.

Бұл дәлелдемелерге соттар тиісті құқықтық баға берген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған. Мұндай жағдайда кассациялық шағымда жаңа дәлелдер келтірілмегенін ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, кассациялық сот дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан, сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының «Тазалық-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.