ВС РК - Определение от 25.01.2022 по делу 6001-21-00-3гп/532 (Гражданское)

6001-21-00-3гп-532

2022 жылғы 25 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасының м.а. Н.К.Шәріпов,

судьялар Б.Р.Ералиева, Н.Қ.Сұлтановтың,

талап қоюшының өкілі С[...],

жауапкердің өкілдері Д[...], О[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобилді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент), жауапкер «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Қоғам) «Қызылорда өндірістік филиалының тауарлық газды газ таратушы жүйелері арқылы тасымалдау қызметіне тарифті және тарифтік сметаны 2020-2025 жылдарға ұзақ мерзімді кезеңге бекіту туралы» 2019 жылғы 22 қарашадағы № 44НҚ бұйрығын (бұдан әрі - Бұйрық) мәжбүрлеп орындату туралы талап қою арызымен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 маусымдағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымына Департаменттің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,

Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 маусымдағы ұйғарымымен талап қою арызды қабылдаудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымымен сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Департамент өтінішхатында істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қоғам талап қоюшының өтінішхатына жолдаған пікірінде жергілікті соттардың сот актілерін күшінде қалдырып, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Сот алқасы іс бойынша талап қоюшы Департаменттің өкілдері Д[...], О[...] өтінішхатты қолдаған түсініктерін, жауапкер Қоғамның өкілі С[...] өтінішхатқа қарсы пікірін, өтінішхат уәждерін және оған Қоғамның келтірген пікірін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.

Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер жоқ деп санайды.

Жергілікті соттар, талап қою арызын қабылдаудан бас тарту туралы тұжырымын тарифті бекіту туралы Бұйрық мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі уәкілетті органның ден қою шараларына жатпайтынымен негіздеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Департаменттің Бұйрығымен Қоғамның тауарлық газды газ таратушы жүйелері арқылы тасымалдау қызметіне тарифті 2020-2025 жылдарға мың текше метрге қосымша құн салығынсыз 5 941,31 теңге мөлшерінде ұзақ мерзімді кезеңге бекітілген (2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген).

Қоғам Бұйрықпен бекітілген тарифтің мөлшерін қолданбаған.

Сол себепті Департамент сотқа Бұйрықты мәжбүрлеп орындату туралы талап қою арызымен жүгінген.

«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 30-бабының 1-тармағына сай табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

Табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган мынадай ден қою шараларын қолданады:

  1. әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды; 2) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқама шығарады;

  2. материалдарды құқық қорғау және өзге де органдарға береді.

Заңның 31-бабының 2-тармағына сәйкес , табиғи монополия субъектiсi Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқаманы орындамаған жағдайда, уәкiлеттi орган сотқа табиғи монополия субъектiсiн нұсқамада көрсетiлген әрекеттердi жасауға мәжбүрлеу туралы талап арызбен жүгінеді.

Сол себепті жергілікті соттар тарифті бекіту туралы бұйрық мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі уәкілетті органның ден қою шараларына жатпайды деген қорытындыға дұрыс келіп, талап қою арызын қабылдаудан заңды бас тартқан.

Сондықтан сот алқасы, АПК-нің 427-бабында көрсетілген сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ деген қорытындыға келіп, Департаменттің өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 маусымдағы ұйғарымы, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н.К.Шәріпов

Судьялар

Б.Р.Ералиева Н.Қ.Сұлтанов

Көшірмесі дұрыс: Судья Б.Р.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.