6001-21-00-3г/2675
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 14 маусым
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы Л[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты)» ММ-ге өкімді заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының 2020 жылғы 29 желтоқсандағы шешімін, Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты)» ММ-нің өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
Л[...] «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты)» ММ-нің (бұдан әрі – Департамент) 2020 жылғы 06 қазандағы № 6001-20-7-9/696 өкімін заңсыз деп тану, Түркістан облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы лауазымына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 295 823 теңге жалақы өндіру туралы талабымен сотқа жүгінген.
Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының 2020 жылғы 29 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған:
Департаменттің Л[...] жұмыстан босату туралы 2020 жылғы 06 қазандағы № 6001-20-7-9/696 өкімі өзгертіліп, ол Түркістан облысы соттар әкімшісінің басшысы лауазымынан 2020 жылғы 19 қазаннан бастап босатылған деп танылған;
Департаменттен Л[...] пайдасына 2020 жылғы 28 қыркүйектен 2020 жылғы 17 қазанға дейінгі уақыт үшін 215 325 теңге жалақы өндірілген;
шешімнің жалақы өндіру туралы бөлігі дереу орындауға жолданған.
Талап қою арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген, шешімнің Департаменттен Л[...] пайдасына 215 325 теңге жалақы өндіру туралы бөлігінің күші жойылған. Бірінші сатыдағы сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхат беруші жергілікті соттардың Л[...] талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымдарымен келіспей, олардың істің мәнжайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормалары дұрыс
қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерін өзгертіп, талап қою арызды толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша анықталғандай, Департаменттің 2008 жылғы 30 шілдедегі өкімімен Л[...] Түркістан облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы лауазымына тағайындалған.
2020 жылғы 21 сәуір – 30 маусым, 03 тамыз – 17 қазан аралықтарында Л[...] еңбекке жарамсыздық парақтарында болып, оған J36, J41.1, N11, М65.8, N41.0, М65.8 қодты диагноздар қойылған.
Л[...] қойылған диагноздар Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1033 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі – № 1033 бұйрық) екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың тізбесіне жатпайды.
2020 жылғы 18 қарашада күші жойылған, алайда даулы қатынастар туындаған кезде күшінде болған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 183 бұйрығымен «Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және анықтамасын беру қағидаларының» 11-бөлігіне сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық парағы мереке және демалыс күндерін қоса алғанда, еңбекке жарамдылығын қалпына келтірудің бүкіл кезеңі бойына беріледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодекс) 52-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына сай, егер ауру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке қабілетсіздіктің неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан екі айдан астам уақыт жұмысқа шықпаған жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.
Департаменттің 2020 жылғы 06 қазандағы өкімімен ішкі қауіпсіздік бөлімі мен Департаменттің басшысы орынбасарының тиісінше 2020 жылғы 13 шілде мен 06 қазандағы қызметтік жазбалары негізінде Еңбек кодексінің 52-бабы 1- тармағының 20) тармақшасына сәйкес Л[...] еңбек қатынастары тоқтатылған.
Есіл аудандық соты талап қою арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдап, Еңбек кодексінің 53-бабының 8-тармағына сай Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 20) тармақшасымен көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзуға жұмыскер еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парағын ұсынғаннан кейін жол берілетінін, 2020 жылғы 21 сәуірден 30 маусым аралығында еңбекке жарамсыздық парағында болып, 01 шілдеде жұмысқа кіріскен Л[...] тиісті парақ ұсынылғаннан кейін еңбек шартын бұзу мәселесі шешілмей, ол 03 тамызға дейін лауазымдық міндеттерін орындауды жалғастырғанын, сонымен бірге талап қоюшының 2020 жылғы 03 тамыздан 17 қазан аралығында екі айдан астам уақыт еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан жұмысқа шықпауы еңбек қатынастары Департаменттің бастамасымен бұзылғаны негізді екенін, алайда даулы өкім еңбекке жарамсыздық парағы жабылған және жұмысқа кірісуге белгіленген күннен, яғни 2020 жылғы 19 қазаннан бастап шығарылуға тиіс екенін көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот Л[...] 2020 жылғы 03 тамызда ашылған еңбекке жарамсыздық парағы 26 қыркүйекте (сенбі күні) жабылып, 2020 жылғы 28 қыркүйектен 16 қазанға дейін бұрынғы диагнозбен қайта ашылып, ол амбулаториялық ем қабылдағанын көрсетіп, оның пайдасына Департаменттен 2020 жылғы 26 қыркүйектен 17 қазанға дейінгі уақыт үшін жалақы өндірген.
Нұр-Сұлтан қалалық соты бірінші сатыдағы соттың Л[...] бұрынғы жұмысына қайта орналастыруға негіз жоқ екені, даулы өкімге өзгеріс енгізу туралы тұжырымдары материалдық заң талаптарына сәйкес келетінін, алайда талап қоюшының 2020 жылғы 26 қыркүйектен 17 қазанға дейін еңбекке жарамсыз болуына байланысты оның пайдасына жалақы өндірілуге жатпайтынын көрсеткен. Осы негізбен Есіл аудандық сотының шешімі өзгертіліп, аталған бөлігінің күші жойылып, қалған бөлігі күшінде қалдырылған.
Департамент өтінішхатында Еңбек кодексінің 54-бабының 1-тармағына және «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 06 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 11-тармағына сілтеме жасап, жұмыскерді еңбекке уақытша қабілетсіздігі кезеңінде жұмыстан босатудың ерекше негізі көзделгенін ескеруді сұраған.
Л[...] медициналық ұйыммен еңбекке жарамсыздық парақтарын ашуға негіз болған диагноздары № 1033 бұйрығымен бекітілген неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне кірмейтінін көрсеткен.
Өтінішхатта Л[...] 2020 жылғы 21 сәуір мен 30 маусым аралығында жетпіс бір күн бойы жұмыста болмау фактісі бойынша Департаментпен даулы өкімді қабылдауға негіз болғаны ескерілмегені, 01 шілдеде жұмысқа кіріскен күні оның еңбекке жарамсыздық парағы алынғаны, қызметтік хат жазылғаны, Денсаулық сақтау министрлігіне сұраныс жолданып, тергеп-тексеру шаралары жүргізілгені, аталған шаралар жүргізу барысында талап қоюшы қайта еңбекке жарамсыздық парағы негізінде жұмысқа шықпағаны көрсетілген.
Жергілікті соттардың Л[...] жұмыстан босатудың негізгі себеп салдарына тиісті баға бермей, оның екі ай қатарынан 2020 жылғы 21 сәуір – 30 маусым және тағы екі ай қатарынан 03 тамыз – 05 қазан аралығында жұмыс орнында болмағанына және де жалпы жұмыс берушінің жұмыскердің еңбекке қабілетсіздігі парағы жабу күнін күту міндеті заң талаптарымен көзделмегеніне назар аударған.
Куә Ж[...] өз жауабында Л[...] 2020 жылғы 03 тамыз – 05 қазан аралығында да жұмыста болмағанын, ол жөнінде табельге тиісті белгі қойылғанын, еңбекке жарамсыздық парағында болған қызметкер жұмысқа шығып, тиісті құжатты табыс еткен жағдайда қосымша табель жасалатынын, алайда талап қоюшы жұмысқа шықпауына байланысты оған қатысты аталған
құжат дайындалмағанын атап өткен. Өтінішхатта жоғарыда аталған жағдайға жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілмегені көрсетілген.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының 2020 жылғы 29 желтоқсандағы шешімін, Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты)» ММ-нің өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Е.Исмаилов
Көшірмесі дұрыс.Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.