6001-21-00-6КП/54
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 13 қазан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья А.Қ. Қыдырбаева, судьялар Г.Ж. Әлмағамбетова, М.Т. Балкен,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға А[...] қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Қарағанды облысы Шахтинск қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен
А[...] (ALIPBAEVA ZAMIRA) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Қарағанды облысы Шахтинск қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысымен А[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 7-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы жазасы тағайындалған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды ұсынады.
Ұсынуды қолдаған прокурор Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға А[...] пікірлерін, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын
түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады. Іс бойынша мұндай негіздер бар.
Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматшасы А[...] 2015 жылғы 26 шілдеде Қазақстан Республикасына келіп, мерзімі аяқталғанына қарамастан кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 7-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.
Бірінші сатыдағы сот А[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.
«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген көшіп келушілерге соттың шығарып жіберу туралы шешімі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
2015 жылғы 6 ақпандағы № АА8720304 паспортқа сәйкес З.Р. А[...] азаматшасы болып табылады, 1992 жылғы 21 тамызда туған, ұлты - қазақ.
Неке қию туралы куәліктің іске тіркелген көшірмесіне сәйкес 2013 жылғы 21 маусымда А[...] мен Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын С[...] арасында неке тіркелген. Олардың екі баласы бар. Тіркелген құжаттарға сәйкес олар Қазақстан Республикасында туған.
Бала құқықтары туралы конвенцияның 2-5, 9, 10, 27-баптарына, Конституцияның 26, 27-баптарына, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңның 6, 12, 13, 15, 21, 25-баптарына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болуы тиіс.
Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 1) тармақшасында Қазақстан Республикасының азаматтығына Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылдануы мүмкін деп белгіленген. Соттың шығарып жіберу түрінде жаза тағайындауы Қазақстан Республикасы Конституциясының, Бала құқықтары туралы конвенцияның, Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының ережелерін тікелей бұзады. Сот тарапынан бұл заңды бұзу болып табылады.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 64-1-бабымен жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың маңызы болмашы болған кезде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген судья, орган (лауазымды адам) ауызша ескертумен шектеле отырып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамды әкімшілік жауаптылықтан босатуы мүмкін деп қарастырылған. Алайда сот жоғарыда аталып кеткен жағдайларға дурыс баға бермеген және қажетті құжаттарды сұратпаған.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 8-бабының 4-бөлігіне сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде заңды бұзуына жол берілмейді және заңда белгіленген жауаптылыққа, қабылданған актілердің жарамсыз деп танылуына және олардың күшінің жойылуына әкеп соғады.
Осыған байланысты іс бойынша қабылданған сот қаулысы бұзылып, бірінші саты сотына жаңа сот қарауына жіберілуге жатады. Істі жаңа сот қарауында заң бұзушылықтарды жойып, іс бойынша құжаттарды тексеріп, анықталған мән-жайларға сәйкес заңды және негізді қаулы қабылдау қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қарағанды облысы Шахтинск қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар Г. Әлмағамбетова М. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.