6001-22-00-6ап/243(2)
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 17 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов, судьялар Ш.Т.Даниярова, Д.А.Токмурзина болып, талап қоюшының өкілі К[...],
жауапкердің өкілі Н[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «MS2[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті) бұйрығының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 қарашадағы шешімі мен Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жауапкер Қазынашылық комитетінің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылғы 28 тамыздағы № 115678-08-21 бұйрығының (бұдан әрі - бұйрық) күшін жою туралы талап арызбен сотқа жүгінген.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен күшінде қалдырылған Н[...] қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 қарашадағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.
Серіктестік кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыруды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Н[...] халықаралық әуежайы» Акционерлік қоғамы (бұдан әрі - тапсырыс беруші) «Шыныға қатысты жұмыстарды» мемлекеттік сатып алу веб-порталына баға ұсынымы ретінде 4 737 863,09 теңгеге конкурс жариялаған.
2021 жылғы 17 тамызда ең төменгі баға 4 500 000 теңге ұсынысы бойынша серіктестік жеңімпаз деп танылған.
2021 жылғы 24 тамызда тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу вебпорталы арқылы талап қоюшыға келісімшартты қол қою үшін жолдаған.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабына, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.
Бұл жағдайда Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.
Серіктестік келісім шартқа заңда көзделген мерзімде, яғни 2021 жылғы 27 тамызға дейін қол қоймаған.
Осыған байланысты Қазынашылық комитетінің бұйрығымен серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.
Талап қоюшы шартқа қол қоймау себебін серіктестіктің басшысы К[...] науқастанып қалғандығынан болғанымен уәждеген. Оған дәлел ретінде 2021 жылдың 24-30 тамызы аралығында тамақ баспасымен (тонзилит) ауырғандығы жөнінде еңбекке жарамсыздық парағын ұсынған.
Төменгі саты соттары талапты қанағаттандырусыз қалдыру жөніндегі шешімін К[...] өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен ғаламтор арқылы кез-келген жерден 2021 жылғы тамыздың 24-нен 27-і аралығында шартқа қол қоюға мүмкіндігі болғанымен негіздеген.
Соттардың бұл тұжырымдары орынды болып табылады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 359-бабына сәйкес борышқор кiнәлi болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындамағаны және (немесе) тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауап бередi. Егер борышқор мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кiнәсiз деп танылады.
Мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы болған серіктестік стратегиялық маңызы бар халықаралық әуежай нысанына қызмет көрсету тиіс болғанын жете ескермей, заңда көзделген шартқа қол қою міндетіне жауапкершілікпен қарамаған.
Серіктестік басшысы шартқа қол қою үшін өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын, бірақ объективті, оның еркіне байланысты емес мән-жайларға байланысты оған қол қоя алмағанын, оның науқасы қол қоюға қаншалықты кедергі болғанын дәлелдемеген.
Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 қарашадағы шешімі мен Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. «MS2[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Д. Токмурзина
Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.