ВС РК - Постановление от 21.04.2016 по делу 6001-16-00-6АП/34 (Об административном правонарушении)

№ 6ап-34-16

Қ А У Л Ы

2016 жылғы 21 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.Қ. Қыдырбаева,

судьялар Ж.Б. Ермағамбетова, Н.Ө. Жолдасбеков,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған И[...] қатысуымен кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2015 жылғы 15 қазандағы, Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 3 қарашадағы және Атырау облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 23 қарашадағы қаулыларына келтірілген наразылығымен келіп түскен И[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 610-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2015 жылғы 15 қазандағы қаулысымен И[...] ӘҚБтК-тің 610-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындалған.

Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 3 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгерізсіз, И[...] апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Атырау облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 23 қарашадағы қаулысымен жоғарыдағы соттардың актілері өзгерізсіз, И[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша қабылданған соттардың қаулыларымен келіспей, олардың күшін жойып, И[...] әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі қысқартуды сұраған.

Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған И[...] пікірін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген тұжырымға келді.

ӘҚБтК-тің 840-бабына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар:

  1. судьяның, органның (лауазымды адманың) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыда жазылған істің нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, наразылықты қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі;

  2. әкімшілік жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы;

  3. осы Кодекстің процестік нормаларының елеулі түрде бұзылуы;

  4. қаулымен қолданылған әкімшілік жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына немесе заңды тұлғаның мүліктік жағдайына сәйкес келмеуі негіздер болып табылады.

Аталған істе бұндай негіздер жоқ.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес 2015 жылғы 19 қыркүйекте сағат 23:10 шамасында И[...] «Mitsubishi [...]» маркалы – мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автокөлігін Атырау Еркінқала тас жолымен басқарып келе жатып, «Руслан» мейрамханасының тұсында солға бұрылу кезінде тоқтап, жолдың тиісті жолағына уақытылы ыңгайланбай, бір бағытта сол жағынан басып озып келе жатқан Ө[...] басқаруындағы «Mazda 626» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автокөлігіне жол бермей соқтығысқан. Соқтығыс екпінімен «Mazda 626» маркалы автокөлік жолдың жиегіндегі көше жарықтандыру бағанасына соқтығыс жасап, нәтижесінде материалдық шығын орын алған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 қарашадағы №1196 қаулысымен бекітілген Жол жүру қағидаларының (бұдан әрі-Қағида) 8.6тармағында шеңберлі жүріс ұйымдастырылған жол қиылысына шыққан кезде бұрылыс жасау жағдайларын қоспағанда, оңға, солға немесе кері бұрылу алдында жүргізуші осы бағытта жүруге арналған жолдың жүру бөлігінде және жолақта тиісті шеткі орынға алдын ала ауысады делінген. Осыған орай А.И[...] 8.6-тармағының талаптарын сақтамағаны үшін уәкілетті орган оның әрекетін ӘҚБтК-тің 610-бабының 1-бөлігімен саралаған.

И[...] кінәсі, іс құжаттарымен, атап айтқанда сериясы 06 №181592 санды 2015 жылғы 27 қыркүйекте жол қозғалысы ережесінің талаптарын бұзғаны жөнінде жасақталған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, И[...] ең алғашқы берген түсініктемесімен, жәбірленушінің және оның заңды өкілінің, жол-патрульдік полиция инспекторларының, сот сараптама институтының аға сарапшысының түсініктемесімен және жол көлік оқиғасының сызбасымен толықтай дәлелденген.

Атырау облысы бойынша сот сараптама институтының аға сарапшысы М[...] сот отырысында, әкімішілк құқық бұзушылық туралы хаттамадағы мән-жайларды толығымен қуаттап, 19 қыркүйек 2015 жылы сағат 23:10 шамасында «Mitsubishi [...]» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автокөлігі Атырау-Еркінқала тас жолымен өзіне белгіленген жолдың ортанғы бөлігінде тоқтап, бұрылу белгісін жағып тиісті жолына уақытылы ыңғайланбай бір бағытта басып озып келе жатқан «Mazda 626» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автокөлігіне соқтығыс жасағандығы жөнінде түсінік берген.

Атырау қалалық жол-патрульдік полиция басқармасының кезекшісі И[...] әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамадағы мән-жайларды толығымен қуаттап, 19 қыркүйек 2015 жылы сағат 23:10 шамасында «Mitsubishi [...]» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автокөлігі Атырау-Еркінқала тас жолымен жүргізе отырып, «Руслан» мейрамханасы тұсында өзіне белгіленген жолдың ортанғы бөлігінде тоқтап, солға бұрылу кезінде, тиісті жолға уақытылы ыңғайланбай бір бағытта басып озып келе жатқан «Mazda 626» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автокөлігіне жол бермей, соқтығыс жасаған. Соқтығыс екпінімен «Mazda 626» автокөлігі жолдың жиегіндегі көше жарықтандыру бағанасына соқтығысқаны жөнінде түсінік берген.

Демек, құқық бұзушы И[...] қатысты 2015 жылғы 27 қыркүйектегі сериясы 06 № 181592 санды әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама заңды жасақталған. Хаттаманы жасақтау кезінде процессуалдық заң нормалары сақталған.

Сонымен қатар, жол көлік оқиғасының сызбасы куәлардың және көлік құралын жүргізушілерінің қатысуларымен дұрыс сызылған. Бұндай жағдайда, мамандандырылған сот алқасы И[...] әрекеті ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп есептейді, себебі ол жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген ережелерін көлік құралдарының бүлінуіне әкеп соқтыратындай дәрежеде материалдық залал келтіріп бұзған.

Сондықтан, А.И[...] 8.6-тармағын сақтамады деген жергілікті соттардың тұжырымдары күмән туғызады деген прокурордың наразылықта келтірген уәждері негізсіз болып табылады.

Мамандандырылған сот алқасы жол-көлік окиғасы кезінде Ө[...] кәмелет жасына толмағандықтан оның автокөлікті басқаруға мұлдем құқығы болмаған деген уәждерімен толық келіседі. Бұл әрекеті үшін Ө[...] және оның заңды өкілі Т[...] уәкілетті органның қаулыларымен ӘҚБтК-те көрсетілген тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қабылданған қаулылар дауланбаған және заңды күшіне енген.

Бұндай жағдайда, наразылықты қанағаттандыруға еш бір құқықтық негіздер болмағандықтан, И[...] қатысты қабылданған жергілікті соттардың қаулылары күшінде қалдыруға жатады. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

И[...] қатысты Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2015 жылғы 15 қазандағы қаулысы, Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 3 қарашадағы қаулысы және Атырау облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 23 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

А. Қыдырбаева

Ж. Ермағамбетова

Н. Жолдасбеков

Көшірмесі дұрыс. Судья

Н. Жолдасбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.