КСАД РК - Постановление от 30.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/699 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 30 қыркүйек 6003-25-00-4к/699 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева

талап қоюшы С.Оспанов, жауапкер Е.Б.Болтаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Съезбек Абдрахманович Оспановтың жауапкер жеке сот орындаушы Еркебулан Бекайдарович Болтаевтың әрекетсіздіігін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 2 сәуірдегі шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 мамырдағы қаулысына түскен талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талабымен сотқа жауапкерге қарсы талап арыз түсірген.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 2 сәуірдегі шешімімен С.А.Оспановтың талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған. Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтіндігін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот, талап қоюшы мен жауапкердің пікірлерін тындап, кассациялық шағымының және оған қарсы пікірдің уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс материалдарына сәйкес, жеке сот орындаушысы Е.Б.Болтаевтың (бұдан әрі – ЖСО) 2018 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысымен борышкер С.А.Оспановтан өндіріп алушы Э.М.Билялованың пайдасына 2004 жылғы 30 сәуірде туылған А.С.Абрахмановты және 2013 жылғы 31 мамырда туылған А.С.Оспановты кәмелет жасына толғанға дейін асырап-бағу үшін ай сайын жалақысынан және өзгеде табысынан 1/3 мөлшерінде алимент өндіру туралы №1877/18-31-1462 атқарушылық іс-жүргізу өндірісі қозғалған.

Оған негіз болған Жамбыл облысының Тараз қаласы сотының 2018 жылғы 5 желтоқсандағы №3110-18-00-2/17293 бұйрығы.

ЖСО Е.Б.Болтаев 2019 жылғы 14 қазанда атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы қаулы шығарған.

Сонымен қатар, борышкерге бұрын берілген лицензиялардың, рұқсаттар мен арнайы құқықтардың қолданылуын тоқтата тұру туралы ЖСО сотқа ұсыныс жіберген.

Тараз қалалық сотының 2020 жылғы 5 тамыздағы ұйғарымымен ЖСО-ның ұсынысы қанағаттандырылып, борышкер С.А.Оспановтың 181552 сериялы көлік жүргізу куәлігін қолдануды уақытша тоқтату туралы ұйғарым шығарылған.

Алайда, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 мамырдағы ұйғарымымен жоғарыда аталған ұйғарымының күші жойылған.

Бұдан тыс, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сол жылғы 22 мамырдағы ұйғарымымен жоғарыда аталған ұйғарымға түзету енгізіліп, материал жаңа қарауға жіберілген.

Заңды күшіне енген, Тараз қалалық сотының 2024 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымымен жеке сот орындаушысының ұсынысы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 34бабына сәйкес, сот орындаушысы осы Заңның 39-бабында көзделген орындау мерзімі өткеннен кейін, ал алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша берешек жиналып қалған жағдайда борышкерге лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтар беруге уақытша тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкерге бұрын берілген лицензиялардың, рұқсаттар мен арнайы құқықтардың қолданылуын тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс жібереді. Сот ұсынысты Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды. Сот орындаушысының ұсынысын қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымының көшірмелері борышкерге және орындау үшін тиісті уәкілетті органдарға жіберіледі.

Сот орындаушысының осы бапқа сәйкес жіберілген ұсынысын қараудың нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымын борышкер мен барлық лицензиарлар және рұқсаттар беруге уәкілетті өзге де мемлекеттік органдар орындауға міндетті.

Сот орындаушысы атқарушылық құжат талаптары орындалған немесе лицензияларды, рұқсаттар мен арнайы құқықтарды беру және олардың қолданылуы саласындағы уақытша шектеудің күшін жоюға негіздер туындаған күннен кейінгі күннен кешіктірмей осы шектеуді алып тастау туралы қаулы шығарады. Көрсетілген қаулының көшірмелері борышкерге, өндіріп алушыға және орындау үшін тиісті уәкілетті органдарға дереу жіберіледі.

Аталған жағдайда, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың даулы сот орындаушының әрекеттерінде заң талаптарының бұзылуы – анықталған жоқ деген уәждері негізді, себебі атқарушылық іс жүргізу материалдарына сәйкес жоғарғы аталған сот ұйғарымдары жеке сот орындаушысы Е.Болтаевқа орындау үшін түспегендігі анықталған.

Сондықтан, сот ұйғарымының көшірмелерін жауапкерге орындау үшін тиісті уәкілетті органдарға жібермеген деген талап қоюшының уәждері дүрыс емес.

Себебі, АПК-нің 249-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сот ұйғарымының көшірмесін борышкер мен өндіріп алушыға үш жұмыс күні ішінде жіберу көзделген, ал жеке сот орындаушыға жіберу міндеті аталған Заңмен көзделмеген.

Сонымен қатар, Заңның 34-бабына сайкес сот орындаушының ұсынысын қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымының көшірмелерін орындау үшін тиісті уәкілетті органдарға жіберу міндеті сот актісін шығарған сотқа жүктелген.

Осыған байланысты, талап қоюдың қанағаттандыруға еш себеп жоқтығы сот актілерінде нақты көрсетілген.

Талап қоюшының кассациялық шағымында келтірілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал кассатордың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды. Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің және апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп кассациялық шағымды қанағаттандыруға заңды негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлімінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 2 сәуірдегі шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Съезбек Абдрахманович Оспановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.