ВС РК - Постановление от 03.02.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2517 (Административное)

6001-22-00-6ап/2517

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 3 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Қайыпжан Н.Ү., судьялар - Дуйсенбаев Г.Б., Нажмиденов Б.Т.,

талап қоюшы «ҚА[...]» ӨК-нің өкілі С[...], М[...], И[...],

мүдделі тұлға ««НК[...]»» ЖШС-нің өкілі Т[...]

қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «ҚА[...]» өндірістік кооперативінің жауапкерлер С[...] аумақтық сот орындаушылар бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы К[...] (бұдан әрі - сот орындаушысы), Түркістан облысының Әділет департаменті мемлекеттік мекемесіне, мүдделі тұлғалар «НК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, жеке кәсіпкер У[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, "ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамына, «BITEC A» акционерлік қоғамына («Би-Логистик» акционерлік қоғамы), Оңтүстік Қазақстан облысы сот актілерін орындау жөніндегі Департаментінің С[...] аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы К[...] борышкер «ҚА[...]» ӨК-не қатысты 2013-2014 жылдары атқарушылық құжаттарды орындау кезінде уақытша жер пайдалану құқығымен ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскелерін сауда-саттыққа шығарып, сату жөніндегі барлық әрекеттері заңсыз деп тануды және бастапқы қалпына келтіру және т.б. әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша,

Түркістан облысы С[...] аудандық сотының 2022 жылғы 22 шілдедегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлғаның кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы С[...] аудандық сотының 2022 жылғы 22 шілдедегі шешімімен «ҚА[...]» өндірістік кооперативінің талап қою арызы қанағаттандырылып, Оңтүстік Қазақстан облысы Сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің С[...] аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы К[...] борышкер «ҚА[...]» ӨК-не қатысты 2013-2014 жылдары атқарушылық құжаттарды орындау кезінде уақытша жер пайдалану құқығымен ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскелерін сауда-саттыққа шығарып, сату жөніндегі әрекеттері заңсыз деп танылып, бастапқы қалпына келтірілген.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысымен бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылған.

Мүдделі тұлғалар «НК[...]» ЖШС-нің өкілі Т[...] және жеке кәсіпкер У[...] өкілі Ж[...] кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы іске қатысушылардың кассациялық шағымдар бойынша пікірлерін тыңдап, шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 126-бабының 1-тармағының 1-тармақшасына, 3-тармағына сәйкес, сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен: орындауға қатысты мәселелер бойынша қаулылар шығаруға құқылы.

Сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.

ӘРПК-нің 84-бабының 1-бөлігіне, 6-бөлігінің 4-тармағына сай, Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады. Әкімшілік рәсімге қатысушы, егер: әкімшілік акт әкімшілік рәсімге қатысушының заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен, прокурордың, қылмыстық қудалау органының, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органның (лауазымды адамның) қаулысымен белгіленген құқыққа қарсы әрекеттерді жасауы нәтижесінде қабылданса сенім құқығын қорғау қағидатына сілтеме жасауға құқылы емес. АПК-нің 76-бабының 3-бөлігіне сай, соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтыққұқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, мемлекеттік сот орындаушысы К[...] «ҚА[...]» ӨК-не қатысты жасаған заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының «Жер кодексінің» және «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының талаптарын өрескел бұзылуына жол берген.

Сот орындаушысы К[...] заңды күшіне енбеген сот актісі бойынша атқару өндірісін қозғап, оны өндірісіне қабылдап, өндіріс бойынша борышкердің жылжымайтын мүліктерін саудаға шығарып сатқанын, қарызды толығымен жабуды қамтамасыз ететін борышкердің жылжитын активтері бола тұра, саудаға тек жер учаскелерін ғана шығарып, атқару өндірісі қозғалған соң 28 маусым 2013 жылдан соң, борышкердің жылжымайтын және жылжитын мүліктер туралы және банктік шоттағы қаражаттары туралы мәліметтер алмастан, Жер кодексінің 33-бабы 2-тармағы 7-тармақшасында көзделген шектеулеріне қарамастан, борышкердің жер учаскесін сатуға шығарған.

К[...] мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды адам бола тұра, Заң талаптарын қасақана бұзып, Х.Сармановтың мүддесі үшін оған пайда мен артықшылықтар алу мақсатында «ҚА[...]» ӨК мен оның 757 үлескерлеріне тиесілі уақытша пайдалану құқығындағы жалпы 6 001,6948 гектар жер телімдерін «БиЛогистикс» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы филиалы арқылы сауда - саттыққа заңсыз шығарып «НК[...]» ЖШС-не 39 385 355 теңгеге және 196,2 гектар жер телімін У[...] 1 960 640 теңгеге сатып, жер телімдері бойынша жалпы 41 345 995 теңге, яғни барлық шығындар бойынша 46 979 595 теңге елеулі материалдық шығын келтіріп, ауыр салдарға алып келетін іс-әрекет жасап лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған.

Түркістан облысы С[...] аудандық сотының 2021 жылғы 12 қарашадағы үкімімен К[...] Қазақстан Республикасы ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігінің 3) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған.

«ҚА[...]» ӨК-нің Жарғысының 4-2 тармағына сәйкес, кооперативтің меншігіндегі мүлік оның мүшелерінің пайларына бөлінеді. Жарна ӨК мүшелерінің кооператив мүлкіндегі үлесі болып табылады.

Алайда, ӨК-нің төрағасы Х.Сарманов өзінің қызмет бабын теріс пайдаланып, қасақана, аса iрi мөлшерде сеніп тапсырылған 61 009 600 теңге ақша қаражатын ысырап етіп, өз қажеттілігіне жұмсағаны үшін С[...] аудандық сотының 2021 жылғы 19 тамыздағы үкімімен Қазақстан Республикасы ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігінің б) тармағымен және ҚК-нің 228 бабымен кінәлі деп танылып, жымқырған 61 009 600 теңге толығымен «ҚА[...]» ӨК-не қайтарылған.

Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Мүдделі тұлғалардың кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал мүдделі тұлғалардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы С[...] аудандық сотының 2022 жылғы 22 шілдедегі шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлғалар «НК[...]» ЖШС-нің өкілі Т[...] және жеке кәсіпкер У[...] өкілі Ж[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Қайыпжан Н.Ү. Судьялар Дуйсенбаев Г.Б. Нажмиденов Б.Т. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.