№6003-25-00-2к/4653
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 16 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья Г.Б. Бастаубаев, судьялар Н.О.Косанов, М.Т. Кадырова,
прокурор А. Камашевтың,
талап қоюшының өкілі А.М. Калиакпаровтың,
жауапкердің өкілдері Г.В. Кургановтың, Л.К. Нурмуханованың,
Д.М.Мустафинаның, Р.Ж. Суюндиковтың,
аудармашы Ж.А. Асанованың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына, «ОКС-Тельмана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жер учаскесін жалдау және бірлескен қызмет туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматық істі жауапкердің «ОКСТельмана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-Мекеме) жауапкерлер «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі-Корпорация), «ОКС-Тельмана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-ЖШС) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда жер учаскелері белгіленген тәртіпті бұза отырып, конкурс өткізілместен берілгенін көрсеткен.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешімімен Мекеменің талап қоюы қанағаттандырылған.
Мекеме мен Корпорация арасында 2021 жылғы 6 мамырда жасалған кадастрлық нөмірі 21-320-135-4717 жер учаскесін жалға беру туралы № 41626 шарты жарамсыз деп танылған.
Мекеме мен «ОКС-Тельмана» ЖШС арасында жасалған 2021 жылғы 7 қазанда № 43325 жалдау шарты жарамсыз деп танылған.
Корпорация мен «ОКС-Тельмана» ЖШС арасында жасалған 2021 жылғы 9 қырқүйектегі уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру шарты жарамсыз деп танылған.
Корпорация мен «ОКС-Тельмана» ЖШС арасында жасалған 2021 жылғы 13 тамыздағы № 03-6/127 бірлескен қызмет туралы шарт жарамсыз деп танылған.
Жауапкерлерден мемлекет пайдасына мемлекеттік баж өндірілген. Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қазандағы қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер «ОКС-Тельмана» ЖШС-і кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкер өкілдерін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілдерін, талап қоюшының осы талаппен сотқа жүгінуге өкілеттігі жоқ болғандықтан сот актілерінің күші жойылуға жатады деген прокурордың қорытындысын тындап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
№ 510-1490 қаулысымен Корпорацияға Астана қаласы, Есіл ауданы, Хусейн бен Талал және №38 көшелерінің қиылысы мекенжайында орналасқан жапсарластыра салынған орын-жайлары, паркингі бар көп пәтерлі тұрғын үй кешенін салу үшін ауданы 1,6112 га, 5 жыл мерзімге жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілген.
Мекеме мен Корпорация арасында 2021 жылғы 6 мамырда № 41626 кадастрлық нөмірі 21-320-135-4717 учаскеге жалдау шарты жасалған.
2021 жылғы 13 тамызда Корпорация мен «ОКС-Тельмана» ЖШС арасында №03-6/127 бірлескен қызмет туралы шарт жасалды.
2021 жылғы 9 қыркүйекте Корпорация мен «ОКС-Тельмана» ЖШС арасында № 7170 уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру туралы шарт жасалған. Осы шарт негізінде Мекеме мен «ОКС-Тельмана» ЖШС арасында 2021 жылғы 7 қазанда № 43325 жер учаскесіне жалдау шарты жасалған.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 307 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу Қағидаларына (бұдан әрі - Қағидалар) сәйкес талдау жасалған.
Оның нәтижесінде Корпорация арқылы инвестициялық жобалардың түрі бойынша сауда-саттықсыз жер алу схемасы белгіленген. Әкімдік 2020
жылдан бастап Корпорацияға ауданы 896,6 га болатын 493-тен астам жер телімін бөлгенің, оның ішінде 207-сі көппәтерлі тұрғын үй кешендері мен үйлердің құрылысы бойынша.
Жоғарыда көрсетілгендей, бірқатар заңды тұлғаларды, оның ішінде «ОКС-Тельмана» ЖШС-не жер учаскелерін беру тәртібі қолданыстағы жер заңнамасына және Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес келмейтіні анықталған, осыған байланысты жоғарыда аталған қаулылар мен жер учаскелерін жалдау шарттары заң нормаларын бұза отырып жасалғаны анықталған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыруын сотта жер учаскелерін беру тәртібі қолданыстағы жер заңнамасына және Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес келмейтіні анықталғанымен, аукцион өткізбей даулы жер учаскесі берілгенін, жер заңнамасын өрескел бұзылғанымен негіздеген.
Бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен сот алқасы келіскен.
Алайда, бірінші сатыдағы сот істі қараған кезде аталған талап қою тиісті емес талап қоюшымен берілгенін ескермеген. Апелляциялық сатыдағы сот осы мән-жайға дұрыс баға бермеген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі-ЖК) 147-бабына сәйкес, орталық уәкілетті орган осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреті шегінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді. Аумақтық бөлімшелер жердің пайдаланылуы мен қорғалуына, атап айтқанда:
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығына;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарының жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды жүргізеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 157 - бабының 3 - бөлігіне сай, мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.
Жоғарыда көрсетілген жер заңнамасымен мәмілелерді жарамсыз деп тануды талап етуге тиісті мемлекеттік орган айқындалған.
Мекеме тиісті талап қоюшы бола алмайды, себебі аталған мемлекеттік орган даулы шартты жасасу барысында заңнама талаптарының бұзылуына жол берген. Өзінің жіберген бұзушылықтарына сілтеме жасай отырып, сол бұзушылықтарды даулауға бағытталған талап қоюы құқықты теріс пайдалану деп бағаланады. Мұндай жағдайда талап қою құқығы заңда белгіленген құзыретті мемлекеттік бақылау органына тиесілі.
Осы мән-жайларға соттар дұрыс баға бермеген, істі қараған кезде соттармен материалдық және процестік құқық нормалары елеулi түрде бұзылған.
Аталған бұзушылықтар сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешімінің және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қазандағы қаулысының күші жойылып, жаңа шешім шығарылсын.
Талап қоюшы «Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына, «ОКСТельмана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жер учаскесін жалдау және бірлескен қызмет туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
«Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінен жауапкер «ОКС-Тельмана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына сот шығындары 3932 (үш мын тоғыз жүз отыз екі) теңге өндірілсін.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Г.Б. Бастаубаев
Төрағалық етуші
Судьялар Н.О. Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.