ВС РК - Постановление от 06.10.2022 по делу 6001-22-00-6ап/988 (Административное)

№6001-22-00-6ап/988

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 6 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа судьясы - С.Ү.Баймаханов, судьялар - Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, талап қоюшының өкілі Ш[...], жауапкерлер:

Шу ауданы әкімінің өкілі Б[...],

«Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі) өкілі Б[...],

мүдделі тұлға С[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкерлер Шу ауданының әкіміне, Жер қатынастар бөліміне Шу ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 24 қарашадағы №456, 2019 жылғы 22 қазандағы №480 санды қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою, жер учаскесін жалға алу шартын жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі қаулысына талап қоюшы С[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы С[...] Шу ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 24 қарашадағы №456, 2019 жылғы 22 қазандағы №480 санды қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жойып, жер учаскесін жалға алу шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Осы соттың 2021 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қоюшы С[...] 2019 жылғы 13 қарашадағы №345 келісім шартт жарамсыз деп тану туралы бөлігінде талап қоюы кері қайтарылған.

Осыған қоса, 2021 жылғы 24 желтоқсандағы жеке ұйғарымымен Жер қатынастар бөлімінің қызметінде анықталған заң бұзушылықтар туралы Жамбыл облысы әкімінің назарына жеткізілген.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың 2021 жылғы 24 желтоқсандағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілеріннің күшін жоюды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы және мүдделі тұлғаның пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша жергілікті соттар мұндай кемшіліктерге жол бермеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Шу ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы №190-42 санды қаулысымен С[...] шаруа қожалығын жүргізу үшін С[...] атындағы өндірістік кооперативінің (бұдан әрі - ӨК) жерінен барлығы 2 720,41 гектар жер учаскесі уақытша ұзақ мерзімге жер пайдалану құқығымен 49 жылға берілген.

Осыған қоса 2011 жылы 28 ақпандағы № 98 санды қаулысымен шаруа қожалығын жүргізу үшін С[...] атындағы ӨК-гі мемлекеттік жер қорынан берілген С[...] - 89,0, Х[...] - 22,15, Х[...] - 24,0, О[...] - 20,3, Қ[...] - 36,0, Б[...] - 14,4, Б[...] - 14,4, Б[...] - 14,4, С[...] - 22,12, К[...] - 16,4 гектар тәлімді егістік жерлерінің орны сызылған жобаға сәйкес өзгертілген.

Яғни осы қаулымен 10 шаруа қожалығының жерлерін, барлығы 273,17 гектар жер телімдерінің орнын өзгерту көзделген.

Бірақ осы қаулының негізінде 2012 жылғы 13 наурыздағы уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беретін актіге сәйкес, талап қоюшыға шаруа қожалығын жүргізу үшін 400 гектар жер телімі бөлініп, аталған жер теліміне [...] санды кадастрлық нөмір берілген.

«Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-сі мен С[...] арасында 400 гектар ауыл шаруашылығы алқабы жерін жалға беру жөніндегі 2012 жылғы 23 қазанда №1114 санды шарт жасалған. Бұдан әрі, Шу ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 24 қарашадағы № 456 санды қаулысымен 2011 жылғы 28 ақпандағы № 98 санды қаулының күші жойылған.

Осыған қоса, Шу ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 22 қазандағы № 480 санды қаулы негізінде С[...] С[...] атындағы ӨК-нің жерінен 3,48 гектар суармалы егістік, 22,12 гектар тәлімі егістік, 58,02 гектар жайымдылық жер телімдері С[...] уақытша жер пайдалану құқығына 32 жыл мерзімге берілген.

Аталған қаулылармен талап қоюшы келіспеген.

Шу ауданы әкімдігінің 2011 жылғы 28 ақпандағы № 98 санды қаулысымен талап қоюшыға 400 гектар жер телімі берілмеген, яғни қаулыда жер телімінің жалпы көлемі тек 273,17 гектар бола тұра, шарт 400 гектар жер теліміне, яғни 126,83 гектар жер теліміне жасалған.

Бұл ретте осы 126,83 гектар жер телімін талап қоюшыға беру туралы жергілікті атқарушы органның тиісті қаулысы қабылданбаған, сондықтан жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымға келген.

Соттардың бұл тұжырымы негізді және іс құжаттарымен қуатталған. Арызданушының Шу ауданы әкімдігінің қаулыларымен С[...] талап қоюшының 400 гектарынан жалпы 83,62 гектар заңсыз жер пайдалану құқығы берілгені туралы уәждері негізсіз.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, соттар, атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы өз шешімін онда көрсетілген талаптар орындалғанға дейін, мәселен, тұлға жер учаскесіне мемлекеттік акті алғанға дейін, өзгертуі, жоюы мүмкін екенін назарға алуы керек. Аталған құжаттарды алған сәттен бастап жер пайдаланушы жеке меншік, тұрақты немесе уақытша жер пайдалану түріндегі жер пайдалану құқықтарына ие болады, сондықтан құқық туралы туындаған дау сот тәртібімен ғана шешілуі тиіс.

Демек, жергілікті атқарушы орган жер учаскесіне құқық беру туралы өз шешімін онда көрсетілген талаптар орындалғанға дейін жоюға құқылы.

Осыған орай, соттар шешім қабылдағанда жауапкермен бұрынғы 2011 жылғы 28 ақпандағы №98 қаулының күші жойылғанға дейін талап қоюшымен оның талаптары орындалмағаны ескерілген.

Атап айтқанда, даулы қаулының негізінде С[...] Жер қатынастары бөлімі арасында 400 гектар ауыл шаруашылығы алқабы жерін жалға беру жөніндегі 2012 жылғы 23 қазанда №1114 санды шарт жасалған.

Аталған шарт әкімнің 2011 жылғы 28 ақпандағы қаулының тараптарына сәйкес келмейді, яғни бұл қаулы жүзеге асырылмаған деп саналады, сондықтан бұл мәселеде атқарушы орган өз шешімін жоюға құқылы.

Бұл жағдайда, атқарушы органның өз шешімін жою әрекеті өз құзыреті шегінде жасалған. Мұндай жағдайда, соттар даулы қаулылардың күшін жоюға негіздер жоқ екені туралы дұрыс тұжырымға келген.

ӘРПК-нің 8-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

ӘРПК-нің 10-бабының 1-тармағына сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.

Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған апелляциялық сот алқасының сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан аталған сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.