ВС РК - Постановление от 15.08.2023 по делу 6001-23-00-6ап/584 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 15 тамыз 6001-23-00-6ап/584 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Д. Өміралиев болып, талап қоюшының өкілі – Н[...], Б[...],

жауапкер Арыс қаласының «Экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі – Д[...],

жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі – Б[...], мүдделі тұлғалар:

«У[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) өкілі – Т[...],

Арыс қаласының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі – Қ[...],

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «НСC[...]» ЖШС-нің жауапкерлер Арыс қаласының «Экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Экономика және қаржы бөлімі), «Қазақстан Р[...] министрілігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) мемлекеттік сатып алу жөнінде өткізілген конкурс бойынша әрекеттерін заңсыз деп тану, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу нәтижелелері туралы хаттаманың күшін жою, келісім шарттың күшін жою туралы және конкурсты қайта жариялап, жарияланған конкурсқа талап қоюшыны қатыстыруға міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюлармен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу нәтижелері туралы 2022 жылғы 8 тамыз қорытындылар туралы № 7748039-ОК2 хаттаманың күші жойылған, мемлекеттік сатып алу қорытындысы қайтадан қаралуы міндеттелген.

Арыс қаласының «Экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «У[...]» ЖШС-нің арасындағы 2022 жылғы 9 қыркүйек № 103 типтік келісім шарт жарамсыз деп танылған.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің атына Департаментің және Экономика және қаржы бөлімінің қызметкерлерімен келешекте бұзушылықтарға жол бермеуі мақсатында кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту үшін жеке ұйғарым шығарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің талап қоюды қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, ол бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Жеке ұйғарымының күші жойылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында қаулымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды сұраған.

Мүдделі тұлға Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілінің шағыммен келіспеген, мұдделі тұлғалар өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Экономика және қаржы бөлімі «Байырқұм ауылдық округі, Көкжиде елді мекенінде кварталшілік орташа қысымды газ құбырларының құрылысы» жұмысына мемлекеттік сатып алуға конкурс жариялаған.

Конкурсқа талап қоюшы «НСC[...]» ЖШС-мен қатар «У[...]», «KazStroy Capital», «Аша-А», «Авторемстрой ЛТД» ЖСШ-лары да қатысқан.

Талап қоюшының өтініші конкурстық құжаттамасына сәйкес болмауынан, яғни талап етілген лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрлері көрсетілмеуі себебінен қабылданбаған.

Мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы «У[...]» ЖСШ-гі танылып, онымен шарт жасалған.

Бірінші саты соты талапты қанағаттандыру туралы шешімін «У[...]» ЖШС-гі мен «НСC[...]» ЖШС-гі конкурстық құжаттаманың 9-қосымшасында көзделген біліктілігі туралы мәліметтерді ұсынбаған. Осыған қарамастан конкурстік комиссия бұл өнім берушілерді конкурсқа жіберген деп негіздеген.

Апелляциялық саты соты «У[...]» ЖШС-гіне қатысты бұл тұжырыммен келіспей, шешімнің күшін жойып жаңа шешім қабылдағанда мына мән-жайларды ескерген. «У[...]» ЖШС-де II санаттағы құрылыс-монтаждау жұмыстарына екі лицензиясы бар екен анықталған (19.06.2014 жылғы №14008963, 16.07.2021 жылғы №21022710).

Екіншісі лицензиясында күрделі жөндеу мен қайта құруды қамтитын инженерлік желілер мен жүйелердің лицензияланатын қызметінің кіші түрі бар, оның ішінде: жоғары және орта қысымды газбен жабдықтау, газ тарату желілерін/жүйелерін, объектілерін, станцияларын салу жөніндегі жұмыстар көрсетілген .

«У[...]» ЖШС-нің газбен жабдықтау желілерін орнатуға лицензиясының болуы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен расталған. Еркін және қолжетімді бұл ақпаратты конкурстық комиссияның тексеруі қолданыстағы заң талаптарына қайшы келмейді.

Сот алқасы апелляциялық саты сотының бұл тұжырымдарын негізді деп табады.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «НСC[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ғ.Ө.Әлжанов

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.