ВС РК - Постановление от 30.05.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2676 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 30 мамыр 6001-22-00-6ап/2676, (2) Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

жауапкерлер: Сайрам ауданының әкімдігінің өкілі – Ә[...], Қарасу ауыл округі әкімдігінің өкілі – С[...], Сайрам аудандық жер қатынастар бөлімінің өкілі – У[...], мүдделі тұлға М[...] өкілі – Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер Сайрам ауданының әкімдігіне, Қарасу ауыл округі әкімдігіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Сайрам аудандық тіркеу және жер кадастр бөліміне (бұдан әрі – Ж[...] кадастр бөлімі), Сайрам аудандық жер қатынастар бөліміне әкімнің жер учаскесін беруден бас тарту шешімін жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2022 жылғы 4 наурыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысына жауапкер Қарасу ауыл округі әкімдігінің және мүдделі тұлға М[...] келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2022 жылғы 4 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер Сайрам ауданы Қарасу ауыл округі әкімінің 2021 жылғы 17 маусымдағы №163 санды К[...] жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешімі заңсыз деп танылған.

Жауапкер Сайрам ауданы Қарасу ауыл округі әкіміне бір ай ішінде талап қоюшы К[...] Қарасу ауылдық округі, Ақбай ауылы, Яшлик көшесі №[...] үйдің бойында орналасқан пайдаланудағы тұрғын үй және қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскесіне қосымша тұрғын үй ғимаратын кеңейтуге және оған қызмет көрсету үшін 0,03 гектар жер учаскесін беру міндеттелген. Түркістан облыстық сотының сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Ж[...] ауыл округінің әкімдігі және мүдделі тұлға М[...] кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтіндерін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.

Талап қоюшы, жауапкер Ж[...] кадастр бөлімі және мүдделі тұлға Сайрам аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Ж[...] ауыл округінің әкімдігі мен мүдделі тұлға өкілдерінің кассациялық шағымдарын қолдаған түсініктерін, жауапкерлер Сайрам ауданының әкімдігі мен Сайрам аудандық жер қатынастар бөлімі өкілдерінің шағымдармен келіскен пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда К[...] Сайрам ауданы, Қарасу ауылы, Дәстүр (бұрынғы Яшлик) көшесінде № 9 жер учаскесінде (0,2413 га) жеке меншігіндегі тұрғын үйі орналасқан.

К[...] тұрғын үй ғимаратын кеңейту және оған қызмет көрсету үшін өзінің жер учаскесіне қабаттас және бос болған ауданы 0,03 га жер учаскесін алу үшін Қарасу ауылының әкіміне арыз берген.

Сайрам аудандық жер комиссиясы 2020 жылы 2 қарашада К[...] жер учаскесін беру туралы оң қорытынды қабылдаған. Осыған сәйкес жерге орналастыру жобалары, ситуациялық сызбасы, бағалау есебі, жер учаскесін жоспары жасалып, Сайрам аудандық жер қатынастар бөлімімен 2021 жылғы 15 маусымда жерге орналастыру жобасын бекіту туралы бұйрық қабылданған.

Бірақ [...] жылғы 17 маусымдағы шешімімен К[...] қосымша жер беруден бас тартылған. О[...] К[...] көршісі М[...] қарсылық таныту арызы негіз болған.

Әкім шешімімен келіспеген К[...] сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырғанда сұратылып отырған даулы жер телімі оған жақын орналасқан каналдан 6,5 метр арақашықтықта орналасқаны, даулы жер телімінде кіре беріс немесе далалық шаруа жолы қарастырылмағаны, А.М[...] көшесі бойынан жер теліміне кіретін өз жолы бар екені, оның жер телімі сұратылып отырған жермен көршілес учаскелер қатарына жатпайтындықтан келісімі қажет етілмейтіні ескерілген.

Соттардың бұл тұжырымдары қате болып табылады.

Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс анықтамаған және қолданылуға жататын заңды қолданбаған.

Қазақстан Республикасының Ж[...] кодексінің (бұдан әрі – Ж[...] кодексі) 19-бабына сай аудандық маңызы бар қалалар, кент, ауыл, ауылдық округтер әкiмдерiнiң қаланың, кенттiң, ауылдық елдi мекеннiң шекарасы (шегi) шебiнде жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне осы Кодекстiң 13 және 16-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру жатады.

Осы кодекстің 43 бабының 2-тармағына сәйкес жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады.

Яғни, жер учаскесін беру немесе беруден бас тарту әкімдердің айрықша құқығына жатады.

Ж[...] комиссиясының шешімі жер беру рәсімінің бір сатысы болып табылады. Түпкілікті шешімді қабылдайтын әкім. Сондықтан ол өзі қабылдайтын шешім бойынша жерді беруге негіз болатын құжаттардың негізділігі мен заңдылығына баға беруіне заңмен тиым салынбаған. ӘРПК-де көрсетілген әкімшілік рәсімдердің міндеттілігі мен қағидаттары сақталмай қабылданған жер комиссиясының шешімі әкімнің сұрау салған тұлғаға жер беруіне негіз бола алмайды. Жеке немесе заңды тұлғалардың қосымша жер беру туралы арыздарын міндетті түрде қанағаттандыру қажет екендігі заңнамаларда көзделмеген. Қаралып отырған істің мән-жайларына қарағанда М.К[...] көшесінде жеке меншігінде 0,2413 га жер учаскесі бар. Ол өзіне қосымша 0,03 га жер учаскесін сұратуға қандай аса қажеттілігі болғанын жеткілікті негіздемеген.

М[...] арызының мазмұнына қарағанда К[...] қосымша жер учаскесі берілген жағдайда Дәстүр көшесіндегі ғана емес, ауыл тұрғындарының ортақ пайдалауындағы жерді пайдалану және сол жердің бойындаға каналды пайдалану құқықтарын шектейді. Әкім де қосымша жер учаскесін беруден бас тартқанда осы уәждермен келіскен.

Соттарда зерделенген құжаттарға сай Қарасу [...] каналы өтеді.

Сайрам ауданының әкімімен 2018 жылдың 8 қаңтарында (Су ресурстарын пайдалу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының, басқа да уәкілетті органдардың келісімімен) каналдардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ені (технологиялық жолдар, қорғаушы жасыл желектер, каналды тазалау, күрделі жөндеу үшін) белгіленген.

Аталған құжатта «Әсіл-Ақбай» каналы үшін бұл көрсеткіш 6-9 метр болып бекітілген.

Сұратылып отырған жер учаскесі каналдан 6,5 метр қашықтықта орналасқан.

Бұдан басқа даулы жер учаскесі ауыл тұрғындарының каналға қолжетімділігіне (мал суаруға, суға түсуге), шаруашылық жол мақсатында пайдалануға қажет екендігі анықталған. Ақбай ауылының оңтайландырылған бас жоспарына сәйкес шаруашылық жол аз қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқан.

ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 6) тармақшасына сай әкімшілік қалау – әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі.

Осы кодекстің 10-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болса, жарамды деп есептеледі.

Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша аз дәрежеде шектейтін болса, қажетті деп есептеледі.

Егер әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болса, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) пропорциялы деп есептеледі.

Әкім әкімшілік қалау құқығын қолданып дауланып отырған шешімін ауыл тұрғындарының пікірлерін ескере отырып, аталған қағидаттарға сәйкес қабылдаған.

Істің бұл тұрғысында әкімнің шешімін заңсыз деп бағалауға негіздер болмаған. Сондықтан сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2022 жылғы 4 наурыздағы шешімінің және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.

К[...] талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын. Жауапкер Қарасу ауыл округі әкімдігінің және мүдделі тұлға М[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.