ВС РК - Постановление от 27.03.2024 по делу 6001-24-00-3ГП/120 (Гражданское)

6001-24-00-3ГП/120

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 27 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.Шәріпов, судьялар Ғ.Мырзаке, Н.Сұлтанов,

талап қоюшы «Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме, Тапсырыс беруші,) өкілдері Ж[...], Ж[...],

жауапкер «ӘҚҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік, Өнім беруші, Жеткізуші) өкілі Ж[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Мекеменің жауапкер Серіктестікке:

-мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану;

-3 764 475 теңге тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы Серіктестіктің өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Мекеме Серіктестікке жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 17 тамыздағы шешімімен талап қоюдан бас тартылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Серіктестік мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп танылған. Серіктестіктен мемлекет пайдасына 3 764 475 теңге тұрақсыздық айыбы және 112 934 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Арызданушы өтінішхатында апелляциялық сот алқасының қабылдаған шешімімен келіспей, іс бойынша жасаған тұжырымдарының істің мән-жайына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот алқасы жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін тыңдап, талап қоюшының өкілдерінің қарсы пікірлерін тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Алайда, апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Сотпен анықталғандай, Мекеме мен Серіктестіктің арасында 2023 жылғы 17 сәуірде №843 қызметтерді мемлекеттік сатып алу шарты жасалған (бұдан әрі – Ш[...]).

Ш[...] сәйкес Серіктестік Астана қаласының жолдар және көлік инфрақұрылымы құрылыcтарын орташа, ағымдық жөндеу жұмыстары бойынша техникалық қадағалау жөнінде инжинирингтік қызметтерді (1,2 кезең) көрсетуге міндеттенген.

Ш[...] жалпы сомасы №1 қосымшада айқындалып 96 525 000 теңгені құраған және қызметтерді көрсетумен байланысты барлық шығыстарды, сондай-ақ, барлық салықтар мен алымдарды, оның ішінде қосылған құн салығы 10 341 964 теңге қамтиды. Ш[...] жарамдылық мерзімі аумақтық қазынашылық органда тіркелген уақыттан бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.

Ш[...] техникалық ерекшелігіне сәйкес Өнім беруші Ш[...] жасалған күннен бастап бес күннен кешіктірмей жұмыс орнында мамандарды жұмылдыруға міндеттенеді. Сонымен қатар, Өнім беруші мердігер жұмысының барлық уақытында объектіде өзінің конкурстық өтінімінде мәлімделген білікті қызметкерлердің болуын қамтамасыз етеді.

Талап қоюшы жауапкермен Ш[...] бойынша міндеттерді тиісті орындамағанын, объектілерде өзінің конкурстық өтінімінде мәлімделген білікті қызметкерлердің болуын қамтамасыз етпегенін, тиісті жауапты тұлғаларға (10 техникалық қадағалау сарапшысына) бұйрық көшірмесін жолдамағанын көрсетіп, Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танып, одан тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Бірінші сатытағы сот талап қоюдан бас тартып, жауапкер техникалық қадағалау жұмыстарын жүргізгенін дәлелдейтін құжаттарды сотқа тапсырғанымен, талаптар тізімде бұйрықтарды ұсыну міндеттемесі жоқ деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырыммен келіспей, сот шешімнің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы қорытындыларын жауапкер Ш[...] бойынша өзіне алған міндеттемелерін тиісінше орындамағанымен, Өнім беруші Ш[...] бойынша міндеттерін бұзып, жұмысының барлық уақытында объектіде өзінің конкурстық өтінімінде мәлімделген білікті қызметкерлердің болуын қамтамасыз етпегенімен негіздеген.

Кассациялық сот алқасы апелляциялық алқаның бұл тұжырымдарымен келіседі.

АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық сатыдағы сот істе бар және осы Кодекстің 413-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

АПК-нің 413-бабының 1,2-бөліктерінде көрсетілгендей сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Апелляциялық сатыдағы сот істе бар, сондай-ақ, осы Кодекстің 404бабының екінші бөлігіне сәйкес ұсынылған дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде баға береді.

Апелляциялық алқамен жоғарыда аталған азаматтық іс жүргізу құқықтық нормалары толығымен сақталған. Алқаның талап қоюдың негізділігі туралы тұжырымдары материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларын дұрыс қолданылуына негізделген. Соттың тұжырымдары іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келеді және олар сот зертеген дәлелдемелермен расталады.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабының 23-тармағымен көзделгендей тапсырыс беруші мен өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қабылданған міндеттемелерді толық орындаған жағдайда көрсетілген шарт орындалды деп есептеледі.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – Азаматтық кодекс) 272-бабымен ескертілгендей, мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.

Жоғарыдағы келтірген материалдық құқық нормасының мазмұнына сәйкес - міндеттемені орындау мәніне, субъектілеріне, орындалу орны, уақыты мен әдісіне қатысты барлық шарттар мен талаптар орындалған кезде тиісті түрде орындалды деп есептеуге болады.

Сонымен қатар, Өнім беруші Ш[...] бойынша өз міндеттемелерін тиісінші орындамаған.

Бұл мән-жайлар Тапсырыс беруші ұсынған және апелляциялық алқаның тиісті құқықтық бағасын алған дәлелдемелердің жиынтығымен расталады.

Сатып алынатын қызметтердің Техникалық ерекшелігіне сәйкес Серіктестік Ш[...] жасалған күннен бастап бес күннен кешіктірмей жұмыс орнында мамандарды жұмылдыруға міндеттенеді. Сондай-ақ, Өнім беруші мердігер жұмысының барлық уақытында объектіде өзінің конкурстық өтінімінде мәлімделген білікті қызметкерлердің болуын қамтамасыз етеді. Жауапкер Ш[...] міндеттерін бұзып, мердігер жұмысының барлық уақытында объектіде өзінің конкурстық өтінімінде мәлімделген білікті қызметкерлердің болуын қамтамасыз етпеген.

Бұл жағдай Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Астана қаласы бойынша филиалы 2023 жылғы 5 мамырдағы №13-1/53 хатпен Мекеменің мекенжайына жолданған Бөгенбай батыр [...] дейінгі учаскедегі Жеңіс даңғылының бойында асфальтбетон жабын төсеу жұмыстарын орындау барысында Серіктестіктің сарапшысы болмағаны туралы хатымен және Астана қаласының жолдар және көлік инфрақұрылымы құрылыcтарын орташа, ағымдық жөндеу жұмыстары бойынша техникалық қадағалау жөнінде инжинирингтік қызметтер (1,2 кезең) объектісінде техникалық қадағалау қызметкерлерінің жоқ екендігі туралы талап қоюшыға жолданған бірнеше хаттарымен дәлелденеді.

Серіктестіктің сарапшысы 2023 жылғы 4, 21 мамырыда және басқа да уақытта асфальтбетон жабын төсеу жұмыстарын орындау барысында болмағаны анықталған.

Техникалық ерекшеліктің талаптарына сәйкес, жауапкер техникалық қадағалау жұмысын атқару барысы туралы Тапсырыс берушіге әр айдың 25 күнінен кешіктірмей (электронды және қағаз түрінде) есеп ұсынуы тиіс. Есепте атқарылған жұмыстың қысқаша сипаттамасы, туындаған мәселені және ұсынылатын шешімдерді, сонымен қатар, кейінгі іс-әрекеттерге ұсынымдар көрсетілуі керек. Есептің мазмұны мен форматы Қазақстан Республикасының аймағында қолданылатын нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес болуы керек.

Серіктестік аяқтау туралы есеп қабылдау-беруден кейін Техникалық қадағалау объектілерді аяқтау туралы қорытындыны және құрылыс технологиясын, құрылыстың барысын қадағалау бойынша жұмыстарды сипаттаумен жұмыстың аяқталуы туралы, анықталған ақаулар мен бұзушылықтар туралы есепті дайындауы керек. Есеп екі данада болуы тиіс (біреуі Техникалық қадағалауда болады) деп көрсетілген.

Алайда, Серіктестік Ш[...] талаптарын бұзып, ай сайын есепті Мекемеге тапсырмаған.

Техникалық ерекшеліктің талаптарына сәйкес техникалық қадағалау қызметі Жеткізуші біліктілік ақпаратында көрсетілген қызметкерлерді қызметтерді ұсынуға тендерлік өтінімге тартуға міндетті. Осы адамдарды басқалармен алмастыру кезінде Өнім беруші Тапсырыс берушінің мұндай ауыстыруға келісімін алуы керек. Жаңа қызметкерлердің біліктілігі конкурстық өтінімде көрсетілген қызметкерлердің біліктілігіне тең немесе одан жоғары болуы керек. Бұл жағдайда Жеткізуші растайтын құжаттарды қолдана отырып ауыстыру қажеттілігі туралы жазбаша негіздеме ұсынады. Өнім беруші жұмысты аяқтағаннан кейін Ш[...] бойынша инженер Тапсырыс берушіге жұмыстың аяқталғаны туралы жазбаша хабарлама жібереді және барлық жұмыс құжаттамасының (журналдар, есептер, есептеулер, аяқталған және жасырын жұмыстарға арналған сертификаттар және т.б.) көшірмелерін жіберу міндетін алған.

Аталған талаптар Серіктестікпен орындалмаған.

Объектіде мемлекеттік сатып алу конкурсына жауапкердің өтініміндегі көрсетілген 10 техникалық қызметкерлер емес, басқа қызметкерлер толық емес көлемде жұмысқа шыққан. Алайда оларды алмастыру туралы Серіктестік Мекеменің келісімін алмаған.

Жауапкер атқарған жұмысын дәлелдейтін, Техникалық ерекшелікте көрсетілген атқару құжаттарды, атап айтқанда: журналдар, есептер, есептеулер, аяқталған және жасырын жұмыстарға арналған сертификаттар және басқа да құжаттарды сотқа ұсынбаған.

Серіктестік Ш[...] бойынша өз міндеттемелерін тиісті орындамағандықтан Мекеме 2023 жылғы 20 маусымда Ш[...] біржақты бұзған. Ш[...] біржақты бұзудың заңдылығы Серіктестіктің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған Астана қаласының апелляциялық сот алқасының 2023 жылғы 5 желтоқсандығы қаулысымен расталады.

Осыған орай, апелляциялық алқа Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп заңды және негізді таныды.

Азаматтық кодексінің 293, 298баптарына сәйкес борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.

Мiндеттеменi бұзғаны үшiн борышқор жауапқа тартылатын жағдай болған кезде мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн айып өндiрiп алынады (осы Кодекстiң 359-бабы).

Сондай-ақ, айып міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі және оларды бұзғаны үшін мүліктік жауапкершілік нысаны болып табылады.

Бұл ретте апелляциялық сот алқасы Өнім берушіден мемлекет пайдасына 3 764 475 теңге мөлшерінде айыпты заңға сәйкес өндірген.

Мұндай жағдайда кассациялық сот алқасы өтініште баяндалған дәлелдер іс жүзінде апелляциялық сатыдағы сот зерттеген істің мән-жайларын қайта бағалауға бағытталған деген қорытындыға келеді.

Сонымен қатар, кассациялық сатыдағы сотта төмен тұрған соттың істі қарау кезінде сот белгілеген нақты мән-жайларға қатысты материалдық және процестік құқық нормаларын қолдануының дұрыстығын тексерумен ғана шектеледі.

Апелляциялық сот алқасы іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толықты, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілген. Шағымданған сот актісінде баяндалған қорытындылар істің нақты мән-жайларына және даулы құқықтық қатынастарды реттейтін материалдық құқық нормаларына сәйкес келеді.

Осыған орай, кассациялық сот алқасы өтінішхатты қанағаттандыруға негіздер жоқ деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

«ӘҚҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші:

Н. Шәріпов

Судьялар

Ғ. Мырзаке

Н. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.