6001-20-00-3гп/112
ҚАУЛЫ
2020 жылғы 10 маусым Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Ш.С.Иманиязова, судьялар Б.Р.Ералиева, Р.А.Қуанышбаева талап қоюшы Д[...]
жауапкерлер Б[...], Б[...], Т[...] және бірден үшінші тұлға мүддесін білдіріп отырған Ж[...] қатысуымен мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] жауапкерлер Б[...], Б[...], Ж[...], Т[...], үшінші тұлға «ЗК[...]» өндірістік кооперативіне (бұдан әрі – ӨК) жер учаскесінен шығарып тастау және жауапкерлерді жер учаскесін иеленуге, пайдалануға кедергі келтірмеуге міндеттеу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 3 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы үшінші тұлға «ЗК[...]» ӨК-і өкілінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ :
Д[...] сотқа жауапкерлерді өтеулі пайдалануға (жалға) алу құқығымен 10 жыл мерзімге берілген кадастрлық № [...] жер учаскесінен шығарып тастау және оларды жер учаскесін иеленуге, пайдалануға кедергі келтірмеуге міндеттеу туралы талап қою арызымен жүгінген.
Түркістан облысы Қазығұрт аудандық сотының 2019 жылғы 3 маусымдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 3 қазандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхат иесі апелляциялық сот актісімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) өтінішхат уәждерін талқылап, іс бойынша жауапкерлердің, үшінші тұлға өкілінің өтінішхат уәждерін қолдаған түсініктерін, талап қоюшының өтінішхатқа қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, дау айтылған апелляциялық қаулы күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатымен жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, «ЗК[...]» ӨК-і 2002 жылғы 23 қаңтарда тиісті мемлекеттік тіркеуден өтіп, оның құрамына Б[...], Б[...], Ж[...], Ж[...], Ж[...], Ж[...], Т[...], Т[...], Ж[...] кірген және соңғысы 2018 жылғы 13 желтоқсанан бастап өндірістік кооперативтің басқарушысы болып табылады.
2002 жылғы 8 ақпанда Қазығұрт ауданы әкімдігінің № 72 «а» қаулысымен Жаңа базар ауылдық округінде орналасқан 97,5 га жер учаскесі «ЗК[...]» ӨКне ұзақ мерзімге 49 жылға жалға берілген.
Кейіннен, Қазығұрт аудандық әкімдігінің 2013 жылғы шілдедегі № 350 қаулысымен 2002 жылғы 8 ақпандағы № 72 «а» қаулысының күші жойылып, Жаңабазар [...] тиесілі жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына қайтарылған.
Осыдан кейін, Қазығұрт аудандық жер комиссиясының 2019 жылғы 5 ақпандағы № 2 хаттамалық шешімі негізінде Қазығұрт ауданы әкімінің 2019 жылғы 11 ақпандағы № 47 қаулысына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін талап қоюшы Д[...] 10 жыл мерзімге 10,0 га егістік жер уақытша өтеулі пайдалану құқығымен берілген.
2019 жылғы 12 сәуірде «Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Д[...] арасында жер учаскесін жалға беру туралы № 17 шарт жасалып, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылдық округі, 052 квартал, № 3136 мекенжайында орналасқан көлемі 10,0 га кадастрлық № 19289-052-3135 нысаналы мақсаты: шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен жер учаскесі 2029 жылдың 10 ақпанына дейін берілген.
Талап қоюшының жер пайдалану құқығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жергілікті филиалында тіркеліп, тиісті Акт алынған және бірыңғай мемлекеттік жер тіркеліміне 2019 жылғы 22 ақпанда еңгізілген.
Сонымен қатар, Д[...] 2019 жылғы 26 сәуірде салық органында жеке кәсіпкер «Әдепкүл» атауымен тіркеуден өткен.
Сот сатыларында талап қоюшыға берілген жер учаскесін жауапкерлер пайдаланып, егін егіп жүргені және толық иеленуге кедергі жасап отырғаны анықталған, бұл мән-жайды тараптар жоққа шығармаған.
Дауды шешкен кезде бірінші сатыдағы сот даулы жер учаскесін «ЗК[...]» ӨК-і иемденіп отырғанын, ал жауапкерлер оның мүшелері болғанымен, талап қою арызын жауапкер ретінде жеке тұлғаларға негізсіз берген деп санап, талап қоюшы талабын қанағаттандырусыз қалдырған.
Апелляциялық сатыдағы сот бұл даулы жер учаскесін «ЗК[...]» ӨК-і емес, аталған жеке тұлғалар заңсыз пайдаланып жүргенін анықтаған. Сол себепті бірінші сатыдағы соттың талап арыз тиісті жауапкерге берілмеген деген түйіндісін негізсіз деп тапқан.
Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымымен төмендегі негіздерге байланысты келіседі.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 164-1-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы жер учаскесін бөгденің заңсыз иеленуінен қайтаруды талап етуге құқылы.
Талап қоюшы Д[...] жер пайдалану құқығы тиісті түрде тіркелгендіктен, ол өз құқықтарының бұзылуынан қорғануға құқығы бар.
Яғни, талап қоюшы бұзылған құқықтарын жоюды талап етуге құқылы.
Сонымен қатар, жоғарыда айтылғандай, Қазығұрт аудандық әкімдігінің 2013 жылғы шілдедегі № 350 қаулысымен «ЗК[...]» ӨК-і жер пайдалану құқығынан айырылғаны ескеріледі.
Сондықтан «ЗК[...]» ӨК-і емес жеке тұлғалар жауапкер ретінде сотқа тартылғаны заңға қайшы келмейді, ал «ЗК[...]» ӨК-і болса үшінші тұлға ретінде іске қатыстырылған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешім қабылдау барысында материалдық, процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын анықтап, іс бойынша қабылданған шешімнің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешімді заңды қабылдаған.
Сонымен бірге алқа, жауапкерлерге Қазығұрт ауданы әкімінің даулы жер учаскесіне қатысты қаулыларын жарамсыз деп тану туралы талабы соттарда қаралуы, іс бойынша қабылданған сот шешімнің күшін жоюға негіз бола алмайтынын, олардың бұл талабы сот шешімімен қанағаттандырылған жағдайда, осы іс бойынша қабылданған сот шешімін жаңадан ашылған мәнжайлар бойынша қайта қарауға негіз болатынын түсіндірген.
Қазіргі таңда, жауапкерлер жергілікті атқарушы органның аталған қаулысын сотта даулағанмен, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 9 қазандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Өтінішхатта келтірілген Д[...] даулы жер учаскесін заңсыз алғандығы жөніндегі басқа уәждері негізге алынбайды, өйткені сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешкен.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары негізді және жер пайдаланушының құқығын қорғауға бағытталған деп санайды.
Апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайларына объективті баға берген және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған, сондықтан сот алқасы дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 3 қазандағы қаулысы күшінде, үшінші тұлға өкілінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ш. Иманиязова
Судьялар Б. Ералиева
Р. Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.