№6003-25-00-2к/1766
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 27 қараша Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья М.Т.Кадырова, судьялар А.З. Каирбеков, Р.А.Исполова, талап қоюшының өкілі А.Б. Маликованың,
жауапкерлердің өкілдері Ж. Шаймұханбетұлының,
Б.Тәңірбергенұлының,
үшінші тұлғалардың өкілдері Ж.У. Куатовтың, А.О. Дуйшембиевтің, Б.А. Шукуровтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Арал қанат-100» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкерлер «Канағат» коммуналдық базары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, Нуржан Сахиевич Ибраевқа құрылтайшының шешімін заңсыз деп танып, күшін жою, қайта тіркеудің күшін жою туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі жауапкердің өкілі Ж. Шаймұханбетұлының Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 қаңтарындағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Канағат» коммуналдық базары» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (бұдан әрі-ЖШС, серіктестік) құрылтайшысы Н.С. Ибраев 2024 жылғы 5 сәуірдегі шешімімен Арал қалалық шаруашылық жүргізу құқығындағы көпсалалы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының(бұдан әрі-Кәсіпорын) 2017 жылы қызметінің тоқтатылуына байланысты оны «Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-нің құрылтайшысы қатарынан шығаруға, серіктестіктің жарғылық капиталын 1 000 000 теңгеге дейін азайтуға, серіктестіктің жарғысына өзгерістер енгізуге шешім қабылдаған.
Талап қоюшы «Арал қанат-100» ЖШС-гі жауапкер «Канағат» коммуналдық базары» ЖШС-гі заң талаптарын бұза отырып өткізілген құрылтайшылар жиналысының шешімдерің заңсыз деп танып, күшін жою, қайта тіркеудің күшін жою туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 қаңтарындағы шешімімен талап қоюшының талаптары қанағаттандырылып, жауапкер «Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-нің құрылтайшысының 2024 жылғы 5 сәуірдегі шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалы Арал ауданының заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің «Қанағат» коммуналдық
базары» ЖШС-ін мемлекеттік қайта тіркеуден өткізу туралы 2024 жылғы 3 қыркүйектегі № 66 бұйрығының күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкердің өкілі кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, « Арал қанат-100» ЖШС-гі ешқашан құрылтайшы болмағанын , материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.
Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін, үшінші тұлға пікірлерін тындап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс материалдарынан Арал қаласы әкімінің 2006 жылғы 11 тамыздағы № 541 шешімімен Кәсіпорынға жеке тұлға Н.С.Ибраевпен 2 000 000 теңге жарғылық қоры бар, 50 % тең үлеспен «Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-ін ашуға келісім берілген.
2006 жылғы 1 қыркүйекте «Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-і Арал ауданының Әділет органында тіркелген.
Н.С.Ибраев Серіктестіктің 2006 жылдан бастап басшысы болған.
«Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-нің құрылтайшыларының 2016 жылғы 5 желтоқсандағы жалпы жиналысының хаттамалық шешімімен Кәсіпорнының таратылуына байланысты, оның Серіктестіктің жарғылық капиталының 50 % мөлшеріндегі қатысу үлесін талап қоюшы «Арал қанат100» ЖШС-не беруге шешім етілген.
«Арал қанат-100» ЖШС-нің «Арал ауданының экономика және қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен құрылған.
Арал ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 7 желтоқсандағы № 270-қ қаулысымен «Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-нің жарғылық капиталының 50 % мөлшеріндегі қатысу үлесін «Арал қанат-100» ЖШС-не берілген.
«Арал ауданының экономика және қаржы бөлімі» КММ-нің 2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 03-8/380 хатымен жауапкер Н.С.Ибраевқа Кәсіпорынның
таратылуына байланысты Арал ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 7 желтоқсандағы № 270-қ қаулысынан туындайтын шараларды қабылдау тапсырылған. Арал қаласы әкімінің 2017 жылғы 24 ақпандағы № 77 шешімімен Кәсіпорнының жұмысы тоқтатылған.
Серіктестіктің құрылтайшысы Н.С. Ибраевтың 2024 жылғы 5 сәуірдегі шешімімен екінші құрылтайшы Кәсіпорнының қызметінің тоқтатылуына байланысты, оны «Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-нің құрылтайшысы қатарынан шығаруға, Серіктестіктің жарғылық капиталын 1 000 000 теңгеге дейін азайтуға, Серіктестіктің жарғысына өзгерістер енгізуге, Серіктестіктің жарғылық капиталының азайтылғаны туралы Серіктестіктің кредит берушілеріне хабарлау мақсатында баспа басылымдарда хабарлама жариялауға шешім етілген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалы Арал ауданының заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің 2024 жылғы 3 қыркүйекте № 66 бұйрығымен «Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-і мемлекеттік қайта тіркеуден өткізілген.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағатандырып, құрылтайшылар жиналысының шешімдерің заңсыз деп танылып, күші жойылуға, қайта тіркеудің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келген.
Кассациялық сот соттардың тұжырымдарымен толық келіседі, себебі Серіктестік жалпы жиналысының шешімін белгіленген тәртіпті бұза отырып қабылдаған.
Н.С.Ибраев басшы ретінде «Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-нің 2016 жылғы 5 желтоқсанда өткізілген құрылтайшыларының жалпы жиналысының хаттамасына сәйкес, «Арал қанат-100» ЖШС-не берілген 50 % үлесін мемлекеттік тіркеуді белгісіз себептермен орындамаған.
Атқарушы орган ретінде Н.С.Ибраевтың 2024 жылғы 5 сәуірде екінші құрылтайшысы болып табылатын «Арал қанат-100» ЖШС-не хабарлама бермей, оның өкілдерін қатыстырмай, заң талаптарын бұза отырып өткізілген Құрылтайшылар жиналысының хаттамалық шешімі жарамсыз болып танылуы тиіс деген тұжырымға соттар дұрыс келген.
Қазақстан Республикасы «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңының (бұдан әрі-Заң) 11бабының 1-бөлігіне сәйкес ж ауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар осы Заңда және серіктестік жарғысында көзделген тәртіппен серіктестік істерін басқаруға қатысуға құқылы.
Сонымен қатар, Заңның 42-бабының 2-бөлігіне сәйкес ж ауапкершілігі шектеулі серіктестіктің барлық қатысушыларының жалпы жиналысқа
қатысуға, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қатысуға және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге құқығы бар.
Жаупкерлер «Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-гі және Н.С. Ибраев талап қоюшының аталған құқықтарын бұзып, оның серіктестік істерін басқаруға қатысуға және жалпы жиналысқа қатысуға кедергі жасаған.
Кассациялық шағымдағы талап қоюшы құрылтайшылар қатарына жатпайды деген жауапкердің уәжі негізсіз. Себебі жауапкерлердің кінәсінен Серіктестіктің қатысушыларының құрамының өзгеруі тиісті түрде уақытында тіркелмегені сотта өз дәлелін тапты.
Сонымен қатар, жауапкер 2021 жылғы 11 қарашада «Арал қанат-100» ЖШС-не жиналысқа құрылтайшы ретінде қатысу қажеттілігі туралы жіберілген хабарлама жауапкердің екінші қатысушының бар екені өзіне белгісіз болғаны жөніндегі уәждерін жоққа шығарады.
Яғни, жауапкер «Арал қанат-100» ЖШС-гі «Қанағат» коммуналдық базары» ЖШС-нің құрылтайшысы екенін біле тұра, Заңда көрсетілген талаптарды бұза отырып, 2024 жылғы 5 сәуірдегі шешімді қабылдаған. Сондықтан кассациялық шағымда келтірілген жалпы жиналысының хаттамалық шешімі З аң талаптарына сәйкестігі жөніндегі уәждер іс бойынша анықталған мән-жайларға қайшы келеді. М ұндай жиналысты өткізетін заңнамалардың қағидалары өрескел бұзылған, сол себепті жіберілген бұзушылықтар қабылданған шешімді бұзуға және тіркеуді заңсыз деп тануға негіз болады. Соттардың Серіктестің жалпы жиналысының шешімі талап қоюшының құқықтарын бұза отырып, қабылданғаны жөніндегі тұжырымдары дұрыс.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда тараптардың уәждері зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған. Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 сәуірдегі қаулысы күшінде, жауапкердің өкілі Ж.Шаймұханбетұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
М.Т. Кадырова
Судьялар А.З. Каирбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.