6001-23-00-6ап/1111
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 26 қыркүйек
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
талап қоюшылардың өкілі А[...],
жауапкер өкілі Ш[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар Т[...], Ж[...] жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - ММ, Басқарма) қойған Басқарманың 2022 жылғы 10 маусымдағы бұйрығын және 2022 жылғы 7 шілдедегі шешімін заңсыз деп тану және күштерін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қазандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 наурыздағы қаулысына жауапкермен келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар сотқа жауапкерге Басқарманың 2022 жылғы 10 маусымдағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының ротациялауды жүргізу тәртібі туралы» №364 санды бұйрығының 2022 жылдың ІІ-жарты жылдығында ротациялауға жататын мекеме басшылардың тізімі І-қосымшаға сәйкес бекітілсін деген Т[...] мен Ж[...] тиісті бөлігін, 2022 жылғы 2 шілдедегі Шымкент қаласының мемлекеттік орта білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымының басшыларын ротациялау комиссиясы отырысының хаттамасы негізінде 2022 жылдың 8 тамызынан бастап Басқармаға қарасты №38 «О[...]» атындағы мектепгимназиясының директоры лауазымдық орнынан №28 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры лауазымына ауыстыру (ротациялау), 2022 жылдың 8 тамызынан бастап білім басқармасына қарасты №23 «К[...]» атындағы мектеп-лицейінің директоры лауазымдық орнынан №41 «А.Макаренко» атындағы мектеп-лицейінің директоры лауазымына ауыстыру (ротациялау) жөнінде шешімін заңсыз деп тану және күші жою туралы талап қоюымен жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда жауапкер қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Тараптардың түсіндірмелерін тындап, шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғандай, Шымкент қаласының әкімдігінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы №1523 санды қаулысы негізінде Басқармамен «К[...] атындағы №23 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Басқарманың «К[...] атындағы №23 мектеп-лицейі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорны, Басқарманың «О[...] атындағы №38 мектепгимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Басқарманың «О[...] атындағы №38 мектеп-гимназиясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып 2022 жылы 7 сәуірде қайта ұйымдастырылған (бұдан әрі - мектептер). Талап қоюшы Т[...] Басқарманың «К[...] атындағы №23 мектеп-лицейі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнының директоры лауазымын, ал талап қоюшы Ж[...] Басқарманың «№38 «О[...]» атындағы мектепгимназиясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры лауазымын 2022 жылғы 8 сәуірден бастап атқарады.
Басқарманың 2022 жылғы 10 маусымдағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының ротациялауды жүргізу тәртібі туралы» №364 санды бұйрығымен 2022 жылдың ІІ-жарты жылдығында ротациялауға жататын мекеме басшылардың тізімі І-қосымшаға сәйкес бекітілген.
«Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Шымкент қаласының мемлекеттік орта білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымының басшыларын ротациялау комиссиясының 2022 жылғы 7 шілдедегі хаттамалық шешіміне (бұдан әрі - хаттамалық шешім) сәйкес, Т[...] мен Ж[...] қатысты 2022 жылдың 8 тамызынан бастап білім басқармасына қарасты №38 «О[...]» атындағы мектеп-гимназиясының директоры лауазымынан №28 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры лауазымына ауыстыру (ротациялау), №23 «К[...]» атындағы мектеп-лицейінің» директоры лауазымдық орнынан №41 «А.Макаренко» атындағы мектеплицейінің директоры лауазымына ауыстыру (ротациялау) туралы шешім қабылданған және талап қоюшыларға ротациялау жүргізілетіні туралы хабарлама хаттар жолдаған.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыра отырып, жауапкермен дауланып отырған әкімшілік актілерді қабылдау барысында заң талаптары бұзылғанына, хаттамалық шешімде көрсетілгендей ротациялауға талап қоюшылардың келісімдері болмағанына, мектептердің атаулары өзгеруіне орай мектеп басшылары қайта тағайындалуларына байланысты, олар өз кезегінде ротациялауға жатпайтындығы туралы қорытындыларға келген.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашада №559 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларының» (бұдан әрі - Қағида) 12-тармағына сәйкес комиссия шешімі бірінші басшының портфолиосын комиссияның қарауын ескере отырып, осы ұйымдағы лауазымына тағайындалған күннен бастап 4 (төрт) жыл бойы қызмет атқарған бірінші басшылар үшін қабылданады. Комиссияның шешiмi бойынша бiрiншi басшының осы ұйымдағы қызмет мерзiмi үш жылға ұзартылады. Комиссия ротациялау туралы шешім қабылдайды немесе бірінші басшы еңбек шарты бойынша жұмысын жалғастырады.
Бұл ретте, бірінші басшының бір білім беру ұйымындағы лауазымында болуға рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі жеті жылдан аспайды. Жеті және одан да көп жыл қызметте болған бірінші басшылар ротациялауға жатады.
Қағиданың (оған өзгерістер енгізілгеннен кейінгі) 5 және 21-тамақтарына сай мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысының бір білім беру ұйымында 7 (жеті) жыл жалпы өтілі бар, қайта ұйымдастырылуына (бірігуіне, бөлінуіне, бөлінуіне, қайта құрылуына), білім беру ұйымының атауын өзгертуіне, сондай-ақ жұмыстан босатылу және сол білім беру ұйымына басшы лауазымына оралу кезеңіне қарамастан бірінші басшылар ротациялауға жатады.
7 (жеті) жыл өткеннен кейін мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы жұмыс берушінің актісімен міндетін орындаушы болып тағайындалады және осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген комиссия шешім шығарғанға дейін білім беру ұйымының бірінші басшысының міндетін атқарушы тағайындайды және функцияларын орындайды.
Қағиданың 22-тармағымен бірінші басшы комиссия шешімімен келіспеген жағдайда оған ӘРПК-нің 91-бабының 5-тармағына сәйкес білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне немесе оның аумақтық бөлімшелеріне шағымданатындығы көзделген.
Қағиданың жаңа редакциясы, оның ішінде 5 және 21-тамақтары, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 желтоқсандағы №492 бұйрығымен бекітілген.
Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының 43-бабымен нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайтындығы көзделген. Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу туралы актiде көзделген, сондай-ақ кейiнгiсi азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайтын немесе олардың жағдайын жақсартатын жайттар осы баптың 1-тармағының қағидаларына кірмейтіндігі түсіндірілген.
Яғни, мектептер қайта ұйымдастырылуына орай олардың басшылары қайта тағайындалған болып саналмайтыны туралы нормалардың кері күштері жоқ, өйткені ол түзетулер 2022 жылдың желтоқсанында күштеріне енген, ал дауланып отырған қарым-қатынастар, яғни әкімшілік актілер 2022 жылдың сәуір айында орын алған. Даулы әкімшілік актілерді шығару уақытында талап қоюшылар жаңадан тағайындалған боп саналған, сондықтан жауапкермен оларды ротациялауға жататын тұлғалардың тізіміне енгізуі заңсыз болып табылады.
Ал, шағымдану құқығы жағдайды жақсартуға бағытталған жайт болып табылатындықтан, ол оны қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға да қолданылады, сондықтан ӘРПК-нің 91-бабының 5- тармағы осы қарым-қатыстарға таралады.
ӘРПК-нің 79-бабының бірінші бөлігімен әкімшілік актінің заңды және негізделген болуға тиістігі қарастырылған.
ӘРПК-нің 84-бабының төртінші бөлігінде заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт міндетті түрде күші жойылуға жататындығы көрсетілген.
Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдарымен келіседі, өйткені сотқа шағымданылған әкімшілік актілердің заңсыздығы сот отырыстары барысында өз растауын тапқан.
Сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.
Сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күштерін жоюға не өзгертуге дәлелді негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қазандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» ММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.