ВС РК - Постановление от 01.10.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3479 (Административное)

6001-23-00-6ап/3479

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 1 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө. Әлжанов, судьялар - Б. Т. Нажмиденов, Ж.Б. Ермағамбетова болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Б.И.Саттыбаевтің,

талап қоюшының өкілі Ғ.Д.Алтыбаевтің, жауапкердің өкілі А.К.Кеңестің қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер «AIZERE» Данияр Калиевич Суиндиковтің жауапкер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті «Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне кедендік тексеру нәтижесі бойынша хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою және әрекетке дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысына талап қоюшы жеке кәсіпкер «AIZERE» Д.К.Суиндиковтің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жеке кәсіпкер «AIZERE» Д.К.Суиндиков аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 наурыздағы шешімімен әкімшілік талап арыз қанағаттандырылудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, талап арызды қанағаттандыруын сұраған. Тараптардың уәждерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, шағым уәждерін және іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы төмендегі тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша жергілікті соттармен материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол берілмеген.

Шағымданған сот актілерінде істің мән-жайлары толық көрсетілген.

Жергілікті соттар дауды шешіп, талап арызды қанағаттандырудан бас тарта отырып, Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы кодексінің (әрі қарай ҚР-ның Кодексі) 65, 66, 68, 104, 396 және 416-баптарының, ӘРПК-нің 155 және 122 - баптарының ережелерін басшылыққа ала, жауапкер тарапынан заңды іс-әрекеттер жүргізілген деген дұрыс қорытындыға келген.

Сондай-ақ, Кодекстің 66-бабының 1-тармағына, 67-бабының 3 және 4- тармақтарына, 68 және 69-баптарына сәйкес соттар талап қоюшыда импорттық тауарлардың құнын жеткізушілерге төлегенін растайтын тиісті құжаттардың жоқтығын дұрыс көрсетті. Бұл тауарлардың кедендік құнын анықтаудың 3 және 6 әдістеріне сәйкес 224 кедендік декларация бойынша тауарлардың құнын түзету үшін негіз болған.

Жауапкер ұсынған банк деректерінен жалпы сомасы 10 430 407 теңгені құрайтын 32 келісім-шарт бойынша декларацияда көрсетілген импорттық тауарлардың құны мен және жалпы сомасы 19 636 836 теңге құрайтын келісім-шарттар бойынша аударымдардың арасында сәйкессіздіктер бар. Бұл талап қоюшының тауарларды декларациялау кезінде 1-әдісті қолдануының заңдылығының расталмауын көрсетеді (мәміле құны негізінде).

Шағым авторының келісім-шарттарға қосымша келісімдер беру арқылы үшінші тұлғалардың пайдасына тауар құнын төлеуді растауға қатысты уәждерін есепке алуға болмайды, өйткені бұл құжаттар кедендік тексеруден кейін ресімделіп, ұсынылған.

Шағым авторының тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде жауапкердің Кодекстің 69-бабының 3-тармағын бұзуы туралы уәждері есепке алынбайды, өйткені жауапкермен талап қоюшының тауарды әкелу күніне ең жақын декларациялары есепке алынған.

Талап қоюшының кассациялық шағымындағы камералдық кедендік тексеру жүргізуге негіздердің жоқтығы туралы уәждері дәрменсіз.

Кодекстің 416-бабының 1, 3-тармақтарына сәйкес, кедендік тексеру осы Кодексте белгіленген кедендік бақылаудың өзге нысандарын және осы Кодексте көзделген кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдана отырып, тауарлар шығарылғаннан кейін тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында кеден органы жүргізетін кедендік бақылау нысаны болып табылады. Кедендік тексеру осы Кодекстің 393-бабының 9-тармағына сәйкес кедендік бақылау жүргізу кезінде қолдануы мүмкін.

Кодекстің 393-бабының 9-тармағына сәйкес, тауарлардың шығарылу фактісін растайтын мәліметтерді тексеру мақсатында кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы тауарларға қатысты кедендік бақылауды кеден органдарында Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы бұзыла отырып, тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгені және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болуы туралы ақпарат болған кезде жүргізуі мүмкін.

Кодекстің 417-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын ықтимал бұзуды көрсететін және Қазақстан Республикасының кеден және өзге де мемлекеттік органдарының ақпараттық ресурстарында қамтылған мәліметтерді талдау нәтижесінде алынған мәліметтер камералдық кедендік тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады. Қаралып отырған жағдайда Мемлекеттік кірістер комитетінің 2022 жылғы 15 ақпандағы ақпараты тексеру жүргізуге негіз болған, бұл Кодекстің талаптарына қайшы келмейді.

Талап қоюшының кассациялық шағымының істі қарау және сот актісін тапсыру кезінде соттардың іс жүргізу нормаларын бұзуы туралы дәлелдемелері олардың күшін жоюға әкеп соқпайды, өйткені мұндай бұзушылықтар АПК-нің 427 бабының 4-бөлігінде белгіленген бұзушылықтар тізбесіне жатпайды. Жеке кәсіпкер «AIZERE» Д.К.Суиндиковтің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері іс бірінші және апелляциялық сатылардағы сотта қаралу барысында талқыланып, оларға қолданыстағы заң нормаларының талабына сәйкес тиісті дұрыс құқықтық баға берілген және де бұл уәждер шағымды қанағаттандыруға негіз бола алмайды, сондықтан алқа іс бойынша мәнжайларды дұрыс белгілегендіктен, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерін жою немесе өзгерту үшін негіз таба алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшы жеке кәсіпкер «AIZERE» Данияр Калиевич Суиндиковтің келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.