6001-24-00-3г/4444
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 9 қыркүйек
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Г.Қ.Жүсіпбекова,
талап қоюшылар Айбике Палтамуратовна Джумамурадова, Жайнагүл Жангалиқызы Тыныстық, Нұржан Жанғалиұлы Тыныстық, Жігер Жанғалиұлы Тыныстықтың жауапкерлер Ақтау қаласының жекеше нотариусы Салия Насипкалиевна Смагуловаға, Ержан Габитович Нурбосиновқа, Айбек Адайұлы Адайға мұраны қабылдау туралы арызды, мұраға құқық беру туралы куәліктерді, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы,
талап қоюшы Ануар Сарсенгалиевич Рыскалиевтің жауапкерлер Айбике Палтамуратовна Джумамурадова, Жайнагүл Жангалиқызы Тыныстық, Нұржан Жанғалиұлы Тыныстық, Жігер Жанғалиұлы Тыныстыққа мұрагерлерден қарыз сомасын өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қаңтардағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы А.С.Рыскалиевтің өкілі – А.Е.Кустановтың өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
А.П.Джумамурадова, Ж.Ж.Тыныстық, Н.Ж.Тыныстық, Ж.Ж.Тыныстық жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгініп, онда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 159-бабының 7, 8, 9-тармақтарының талаптарына сілтеме жасап, мұраны қабылдау туралы, мұраға құқық беру туралы куәліктерді, ЖШС-нің жарғылық капиталдарын және автокөлікті сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды сұраған. А.С.Рыскалиев жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгініп, онда қайтыс болған Ж.Т.Асабаевтың мұрагерлерінен 36 330 578 теңге қарыз сомасын өндіруді сұраған.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 31 қазандағы шешімімен А.П.Джумамурадова, Ж.Ж.Тыныстық, Н.Ж.Тыныстық, Ж.Ж.Тыныстықтың талаптары ішінара қанағаттандырылған.
А.П.Джумамурадова мен Е.Г.Нурбосиновтың арасында жасалған 2021 жылғы 1 қазандағы «Aktobe ROM Group» ЖШС-нің жарғылық капиталының 100% үлесін, «КазЭкоСтройАктобе» ЖШС-нің жарғылық капиталының 100% үлесін, 2021 жылғы 1 қазанда «БИЛДИН ТРЕЙД-СК» ЖШС-нің жарғылық капиталының 100% үлесін сатып алу-сату шарттар жарамсыз деп танылған.
А.Н.Джумамурадова мен А.А.Адайдың арасында жасалған 2021 жылғы 19 қазандағы «KIA К5» маркалы, 2021 жылы шығарылған, түсі сұр, мемлекеттік нөмірі 331ABL12 автокөлікті сатып алу-сату мәмілесі жарамсыз деп танылған.
А.С.Рыскалиевтің талап қоюы қанағаттандырылған.
Жауапкерлер А.П.Джумамурадова, Ж.Ж.Тыныстық, Н.Ж.Тыныстық, Ж.Ж.Тыныстықтан талап қоюшы А.С.Рыскалиевтың пайдасына ортақтасқан тәртіпте 36 330 578 теңге қарыз сомасы өндірілген.
Сот шығыстары өндірілген.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен аудандық соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің талаптарды қанағаттандыру бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюларды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхатта арызданушы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрап, келесідей уәждер келтірген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Талап қою А.С.Рыскалиевпен орыс тілінде берілген, сондықтан Ақтөбе қалалық сотының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы ұйғарымымен сот ісін жүргізу тілі орыс тілі болып белгіленген.
Ақтөбе қалалық сотының 2023 жылғы 25 сәуірдегі шешімімен А.С.Рыскалиевтің талабы қанағаттандырылған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 шілдедегі қаулысымен аудандық соттың шешімінің күші жойылып, іс соттылығы бойынша Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотына жолданған.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қою қабылданып, сот ісін жүргізу тілі орыс тілі белгіленген.
Алайда, осы сот өзінің ұйғарымымен АПК-нің 14-бабының 2-бөлігінің талаптарын бұза отырып, А.С.Рыскалиевтің орыс тіліндегі талап қоюы бойынша қозғалған азаматтық ісін талап қоюшылар А.П.Джумамурадова, Ж.Ж.Тыныстық, Н.Ж.Тыныстық, Ж.Ж.Тыныстықтың мұраны қабылдау туралы арызды, мұраға құқық беру туралы куәліктерді, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қою бойынша қазақ тілінде қозғалған азаматтық іспен біріктірген.
Сот ұйғарымы қазақ тілінде шығарылған.
Сонымен, аудандық сот А.С.Рыскалиевтің талап қоюы орыс тілінде берілуіне қарамастан, екі тілдегі азаматтық істерді біріктіріп, біріктірілген азаматтық істі қазақ тілінде қарап, шешім шығарған.
Бұдан басқа, апелляциялық сот алқасымен А.С.Рыскалиевтің өкілі аталған істін қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбаған.
Сонымен қатар, 2019 жылғы 10 тамыздағы заем шартқа сәйкес А.С.Рыскалиев Ж.Т.Асабаевқа қарызға 36 330 578 теңге берген, соңғысы ақшаны 2022 жылғы 11 тамызға дейін қайтаруға міндеттенген.
Аталған мәміле істі қарау кезінде ешкіммен дауланбаған, заңды күшінде.
Ж.Т.Асабаев 2021 жылғы 5 шілдеде қайтыс болған.
Ж.Т.Асабаевпен қайтыс болғанға дейін аталған қарыз ақшыны А.С.Рыскалиевке қайтарылмаған.
2021 жылғы 9 қыркүйекте нотариус С.Н.Смагуловамен қайтыс болған Ж.Т.Асабаевтың мұрагерлері А.П.Джумамурадоваға және оның кәмелетке толмаған үш баласына мұраға құқық туралы куәліктері беріліп, олармен мұра қабылданған.
Мұрагерлік бойынша мұрагерлерге өткен мүліктер қайтыс болған Ж.Т.Асабаевтың меншігінде болған, ал мұра қалдырушының мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен міндеттемелері оның мирасқорларына өткен. Осыған орай, арызданушының жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.
АПК-нің 444-бабының 1 бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
А.С.Рыскалиевтің өкілі – А.Е.Кустановтың Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қаңтардағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысатын тұлғаларға жолдансын.
Судья Г.Жүсіпбекова Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Жүсіпбекова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.