ВС РК - Постановление от 19.06.2024 по делу 6001-24-00-3гп/266 (Гражданское)

6001-24-00-3гп-266

2024 жылғы 19-маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа судьясы Б.Р.Ералиева, судьялар Е.Ж.Айтжанов, Ғ.Ж.Мырзакенің, талап қоюшының өкілі Б[...], жауапкердің өкілі С[...],

даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін талап қоюшының жағындағы үшінші тұлға «КОК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Б[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобильді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Экология және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкер «C[...]» (С[...]) акционерлік қоғамына (бұдан әрі – «C[...]» АҚ) ерекше қорғалатын табиғи аумақта экологиялық зерттеу-қарау құжаттарынсыз және қоршаған ортаға әсерді бағалау есебіне, белгіленіп отырған қызметтің әсер етуін скринингтеуге мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларынсыз қызмет көрсетуіне тыйым салу туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 27-желтоқсандағы шешіміне, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-наурыздағы қаулысына Департаменттің келтірген өтінішхатымен келіп түскен электрондық азаматтық ісін қарап,

Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 27-желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта Департамент іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, дауланған сот актілерінің

күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін талап қоюшының жағындағы үшінші тұлға «Н[...][...] Н.В.» компаниясы филиалының өкілі кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспады және оның қатыспау себептерін хабарламады, істің қаралуын өздерінің қатысуынсыз өткізуді сұрамады.

Алқа, «Н[...][...] Н.В.» компаниясы филиалының өкілінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын оның өкілінің қатысуынсыз өткізді.

Сот алқасы іс бойынша Департаменттің өкілі Б[...] өтінішхатты қолдап, «C[...]» АҚ-ның өкілі С[...], үшінші тұлға «КОК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Б[...] сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған түсініктерін тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.

Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер жоқ деп санайды.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2021 жылғы 1-қаңтарда бербоут-чартер шарты негізінде «C[...]» АҚ «Каспиан Фалькон» кемесін (бұдан әрі-Кеме) «КОК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-ЖШС) жалға берген.

2021 жылдың мамыр айынан бастап «КОК[...]» ЖШС К[...] «Н[...][...] Н.В.» (НКОК) компаниясының филиалына материалдар мен персоналды тасымалдауды, сүңгуірлік, гидрографиялық, арқандап байлау, айлақтық, резервтік және кез келген басқа жұмыстарды қоса алғанда, теңіз және өндірістік операцияларды жүзеге асыру үшін жалға берген.

Талап қоюшы өзінің талап қоюында жауапкердің К[...] ерекше қорғалатын табиғи аумақта экологиялық зерттеу-қарау құжаттарынсыз және қоршаған ортаға әсерді бағалау есебіне, белгіленіп отырған қызметтің әсер етуін скринингтеуге мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларынсыз қызмет көрсетуіне тыйым салуды сұраған. Аталған талабын талап қоюшы 2023 жылғы 29-қыркүйектегі тексеріс нәтижелері бойынша шығарылған актімен және осы акты негізінде 2023 жылғы 2-қазанда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғанымен негіздеген.

Аталған акті бойынша Кеменің қоршаған ортаға әсерін бағалау, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг, экологиялық зерттеп-қарау жұмыстары жүргізілмегені және оларға мемлекеттік экологиялық сараптама қортындысы алынбай, Солтүстік Каспий экологиялық әрекет ету базасынан Жайықты бойлай Каспий теңізіндегі Қашаған жасанды аралына НКОК филиалының вахталық жұмысшыларын таситыны, яғни ерекше қорғалатын табиғи аумақта қызмет көрсететіні анықталған.

Жергілікті соттар талап қоюшының талабын негізсіз және қанағаттандырылуға жатпайды деген тұжырымға келген. Сот актілерінде жауапкердің кемені пайдаланбайтыны, оны пайдалану кезінде туындайтын барлық міндеттер кеме жалдаушыға өткендігі, кеменің Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) №№ 1, 2 Қосымшаларының 1, 2-бөлімдерінде көрсетілген қызмет түрлерінің ешқайсысын жүзеге асырмайтыны, жауапкер кеменің операторы болып танылмайтыны және кеменің дизайнында балласт танктерінің болмауына, су ығыстырымды болып табылмауына, кеменің әуе көпшігімен су бетімен ұшуына, су бетімен жанасатын қозғалтқыштарының (еспе винттері) болмауына және кеменің бастапқыда Каспий теңізіне, Баутино портына түсірілуіне байланысты экологиялық зерттеп-қарау жүргізу қажеттілігі жоқ екені көрсетілген.

Кодекстің 278-бабының талабына сай Каспий теңізінде өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі объектілерінің кездейсоқ интродукциялануын болғызбау үшін экологиялық зерттеп-қарау жүргізбестен, бұрын өзге су бассейндерінде жұмыс істеген жабдықты және аппаратураны, сондай-ақ кемелерді пайдалануға тыйым салынады.

Кемелерден шығатын шу мен діріл санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларда, гигиеналық нормативтерде белгіленген шудың шекті жол берілетін деңгейінен аспауға тиіс.

Кеме қатынасы режимі жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша белгіленеді.

Кодекстің 69-бабының 1-тармағы бойынша белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг осы Кодекстің 70-бабында белгіленген өлшемшарттар негізінде қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізудің қажет немесе қажет емес екенін айқындау мақсатында жүзеге асырылатын, белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер етуін анықтау процесін білдіреді.

Осы Кодекстің 12-бабының талаптарына сәйкес қоршаған ортаға болмашы жағымсыз әсер ететін объектілер (III санаттағы объектілер) деп есептеледі. Объектіні санаттарға жатқызу осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес:

  1. осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсері міндетті бағалануға жататын, белгіленіп отырған қызметке қатысты – қоршаған ортаға әсеріне міндетті бағалау жүргізу кезінде;

  2. осы Кодекске сәйкес белгіленіп отырған қызмет әсерінің міндетті скринингіне жататын, белгіленіп отырған қызметке қатысты – белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу кезінде жүзеге асырылады;

  3. осы тармақтың 1) немесе 2) тармақшаларында көрсетілмеген өзге белгіленіп отырған қызметке қатысты – осы Кодекстің талаптарын ескере отырып, оператор дербес жүзеге асырады.

Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектінің санатын айқындау жөніндегі нұсқаулықты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Объектілерді тиісті санатқа жатқызу кезінде:

  1. қызмет түрлері (сала, саланың бөлігі, өндіріс, объект) бойынша қоршаған ортаға жағымсыз әсер ету деңгейлері;

  2. ластағыш заттардың шығарындыларындағы, төгінділеріндегі ластағыш заттардың уыттылық деңгейі, канцерогендік және мутагендік қасиеттері, сондай-ақ қалдықтардың сыныпталуы ескеріледі.

Осы Кодексте объектінің операторы деп меншігінде немесе өзге де заңды пайдалануында қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объект бар жеке немесе заңды тұлға түсініледі.

Демек, объектінің операторы тек қана меншік иесі емес, өзге де заңды пайдалануында қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектісі бар заңды тұлға бола алады.

Сондықтан жергілікті соттар объектінің операторы Кемені жалға алған «КОК[...]» ЖШС деген түйінге дұрыс келген.

Аталған кодекстің 110-бабының 1-тармағына сәйкес ІІІ санаттағы объектілерде қызметті жүзеге асыратын тұлғалар (бұдан әрі – декларант) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынады.

Істі қарау барысында «КОК[...]» ЖШС-нің 2021 жылы 28-қазанында Маңғыстау облысының экология департаментінен теріс әсер ететін объектінің санатын анықтау үшін өтініш беріп, оның нәтижесінде Кеменің ІІІ санаттағы объектіге жататыны анықталған, яғни ол қоршаған ортаға болмашы жағымсыз әсер ететін объект болып табылған.

Алқа отырысында «C[...]» АҚ-ның өкілі С[...] пен үшінші тұлға «КОК[...]» ЖШС-нің өкілі Б[...] 2022 жылы 30-желтоқсанда, 2023 жылы 29-желтоқсанда әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына Кеменің қоршаған ортаға әсер етуі туралы декларацияны 2023-2026 жылдар аралығына ұсынғанын, жалға беру шартының мерзімінің 2025 жылдың 31-желтоқсанына дейін созылғанын көрсетті.

Департаменттің өкілі Б[...] үшінші тұлғаның Кеменің ІІІ санаттағы объектіге жататыны туралы шешім алғанын және оның декларация өткізгенін жоққа шығармады.

Д[...] жалға беру шартының мерзімі тараптармен 2025 жылдың 31-желтоқсанына дейін созылғаны қосымша келісіммен расталады.

АПК-нің 65-бабының 3-бөлігі бойынша істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайлардың ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.

Аталған кодекстің 68-бабының 1-бөлігіне сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Сот алқасы Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ағымдағы жылдың 31-қаңтарындағы шешімімен Департаменттің 2023 жылғы 29-қыркүйектегі № 35/077-3 нұсқамасының күшін жойғанын ескермейді, себебі ол сот актісі Қазақстан Республикасының Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің талабына сай заңды күшіне енбеген. Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхаттағы Департаменттің келтірген уәждерімен келіспейді, сондықтан жауапкердің қызмет көрсетуіне тыйым салуға заңды негіздер жоқ.

Сонымен қатар, даулы Кемеге қажетті құжаттар, оны жалға алып отырған үшінші тұлғамен өкілетті органдардан алынып, заң талаптарына сай ерекше қорғалатын табиғи аумақта қызметтерін атқарып жатыр.

Сол себепті жергілікті соттар істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, Департаменттің талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы заңды және негізді шешім қабылдаған.

Сондықтан сот алқасы, АПК-нің 427-бабында көрсетілген сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ деген қорытындыға келіп, Департаменттің өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 27-желтоқсандағы шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

«Қазақстан Республикасы Экология және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші Б.Р.Ералиева Судьялар Е.Ж.Айтжанов Ғ.Ж.Мырзаке

Көшірмесі дұрыс:

Судья Б.Р.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.