6001-25-00-3г/2081
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 26 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж. Бектұрғанов
талап қоюшы Мөлдір Оразбекқызы Гапиздің жауапкер «Ақтөбе облысының білім басқармасы Ырғыз ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Ырғыз гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Мекеме) бұйрықты заңсыз деп тану, оның күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының өкілі М. Билаловтың келтірген өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
М. Гапиз сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сотының 2024 жылғы 4 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Мекеменің 2023 жылғы 22 қарашадағы № 238 қызметкерге тәртіптік жаза беру туралы бұйрығы және 2023 жылғы 22 қарашадағы № 239 М. Гапизді жұмыстан босату туралы бұйрықтары заңсыз деп танылып, күштері жойылған.
Талап қоюшы М. Гапиз жауапкер Мекеменің бұрынғы тазалықшы қызметіне қайта орналастырлған.
Жауапкер Мекемеден М. Гапиздің пайдасына салықтар мен алымдарсыз 2023 жылғы 22 қарашадан 2023 жылғы 4 желтоқсанға дейінгі лажсыз бос жүрген күндерінің еңбекақысы 40 226 теңге өндірілген.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, М. Гапиздың атына ЕТ-I №0161694 еңбек кітапшасы ашылған.
Талап қоюшы 2020 жылғы 2 қарашада Мекеменің 1,0 штат бірлігі бойынша еден жуушы лауазымына қабылданған.
2023 жылғы 22 қарашада еңбек шарты Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылған.
2023 жылғы 4 желтоқсанда Еңбек кодексінің 36-бабының 1-тармағының негізінде Мекемеге Ырғыз гимназиясына 1,0 штат бірлігімен үй тазалаушысы лауазымына қабылданған.
Мекеменің 2023 жылғы 18 қазандағы № 437/2 бұйрығына сай мекемеде келісу комиссиясы құрылған.
Мекеме директоры Г. Нұрманованың 2023 жылғы 22 қарашадағы № 238 бұйрығымен М. Гапизге еңбек тәртібін өрескел бұзғаны үшін, жұмыс орнында себепсіз болмауына байланысты Еңбек кодексінің 64-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес тәртіптік жаза ретінде еңбек шартын бұзу түріндегі шара қолданылған.
Сол күні, 2023 жылғы 22 қарашада шығарылған директордың № 239 бұйрығына сай Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасының негізінде М. Гапизбен жасалған еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылған.
2023 жылғы 14 қарашадағы № 631 хабарламада қызметкерден 2023 жылғы 13-14 қараша күндері жұмыста болмау себептері туралы жазбаша түсініктеме беру талап етілген. Хабарлама қызметкерге Қазпошта арқылы жолданған.
2023 жылғы 22 қарашадағы № 591 хабарламада М. Гапизге жоғарыда аталған бұйрықтармен танысуы және еңбек кітапшасын алып кетуі қажет екені көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы 19 желтоқсандағы № 462 тексеру актісіне сәйкес М. Гапиздің шағымы негізінде жүргізілген тексеру барысында Мекеме тарапынан еңбек заңнамасының бұзушылықтары анықталмаған.
2023 жылғы 4 желтоқсандағы № 241 бұйрыққа сәйкес М. Гапиз Мекемеге 1,0 штат бірлігімен үй тазалаушы лауазымына 3 (үш) ай сынақ мерзімімен қайта қабылданған. 2023 жылғы 4 желтоқсандағы № 153 еңбек шартына сай ол 3 ай сынақ мерзімімен қабылданған.
Мекеменің 2023 жылғы 27 желтоқсандағы № 611 хатына сәйкес М. Гапизбен жаңа еңбек шарты жасалғаны, ол «enbek.kz» порталында жарияланған бос жұмыс орны арқылы және Ырғыз аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде рәсімделгені көрсетілген. Сонымен қатар, аталған хатта мекеменің кіші қызметкерлеріне еңбек заңнамасын бұзу жағдайларына жол берілген жағдайда тиісті шаралар қолданылатыны ескертілген.
Талап қоюшы сотқа талап қоюмен жүгіне отырып, келісу комиссиясы туралы білмейтінін, іс жүзінде Мекеме басшылығын еңбекке жарамсыздығы туралы ескерткенін көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, 2023 жылғы 13 және 14 қарашада талап қоюшының жұмысқа келмегендігі жөніндегі актілер формальды түрде, оның нақты қатысуынсыз және жазбаша түсініктемесін алу тәртібі сақталмай толтырылғаны сотта өз дәлелін тапты деген тұжырымға келген. Сонымен бірге, 2023 жылғы 14 қарашада талап қоюшы жұмыс орнында болғаны, алайда оған қатысты тәртіптік жаза қолдану рәсімдері Еңбек кодексінің 65-бабында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілмеген. Мекеме басшылығы талап қоюшыға еңбек дауын келісу комиссиясында қарау құқығын дер кезінде және толық көлемде түсіндірмеген, сондай-ақ 2023 жылғы 13 және 14 қарашада М. Гапиздің гимназияға кіруіне жол бермеген. Бұл жайттар талап қоюшының еңбек дауын келісу комиссиясына мерзімінде жүгінбеуіне негіз болған деп көрсеткен. Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот 2023 жылғы 4 желтоқсанда талап қоюшымен жаңадан еңбек шарты жасалғанын және оған үш айлық сынақ мерзімі белгіленгенін атап көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған. Сот алқасы бұл шешімін куәлардың басым бөлігі талап қоюшының 2023 жылғы 13-14 қарашада жұмыста болмағанын растағанымен және талап қоюшының өзі де бұл күндері толық жұмыс уақытында жұмыс орнында болмағанын мойындағанымен негіздеген. Сонымен қатар, сот Еңбек кодексінің 160бабына сәйкес еңбек дауын қарау алдында келісу комиссиясына жүгіну міндетті екенін, ал Мекемемен мұндай комиссия 2023 жылғы 18 қазанда құрылғанына қарамастан, талап қоюшы оған жүгінбегенін көрсеткен. Бұған жұмыс беруші тарапынан ешқандай кедергі жасалмағаны анықталған. Сондай-ақ, талап қоюшы 2024 жылғы 14 тамызда сотқа жүгінгенімен, бұл 2023 жылғы 22 қарашадағы бұйрыққа шағым келтірудің 3 айлық мерзімі өтіп кеткенін білдіреді деп қорытындыға келген. Мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептері ұсынылмаған және оны қалпына келтіру туралы өтініш те берілмеген деп көрсеткен.
Өтінішхат иесі өтінішхатта апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, келесідей уәждер келтірген. Талап қоюшы 2023 жылғы 22 қарашада жұмыстан босатылғаннан кейін гимназия ғимаратына кіре алмаған, бұл куә Л. Байсеитованың түсіндірмесімен және келу журналында талап қоюшының аты-жөнінің болмауымен расталады. 2023 жылғы 24 қарашадағы № 02-359 бұйрығымен құрылған комиссия келісу комиссиясының функцияларына сәйкес келмеген, өйткені ол бітімгершілік рәсім емес, қызметтік тергеп-тексеру сипатында болған. Сонымен қатар, талап қоюшы М. Гапиз комиссия отырысына шақырылмаған және қатысу құқығынан айырылған.
Өтінішхат иесінің пікірінше, сот алқасы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 160-бабын қолдану барысында негізсіз қорытындыға келген.
Талап қоюшы жұмыстан босату туралы бұйрықты 2023 жылғы 23 қарашада алған. Алайда дауды сотқа дейінгі реттеу қажеттілігін ескере отырып, талап қою 2024 жылғы 14 тамызда берілген. Сот алқасы бұл мәнжайды ескермей, сотқа дейінгі реттеу әрекеттеріне тиісті баға бермеген.
Сондай-ақ, 2023 жылғы 15 қарашадағы акт Еңбек кодексінің 65бабының 2-тармағына қайшы түрде, түсініктеме беру үшін белгіленген екі күндік мерзім аяқталмай тұрып жасалған. Түсініктеме беру туралы жазбаша хабарлама талап қоюшыға табысталмаған. Сонымен қатар, куәлар А. Нагметов пен Б. Баймуханова актілерге қысыммен қол қойғандарын, ал талап қоюшының жұмыста болмауы тексерілмегенін көрсеткен. 2023 жылғы 13 қарашадағы актіге сол күні еңбек демалысында болған тұлғалар қол қойғаны көрсетілген, бұл құжаттың шынайылығына күмән келтіреді.
Өтінішхатта талап қоюшы М. Гапиздің 2023 жылғы 14 қарашада жұмыс орнында болғаны, № 631 хабарламаны сол жерде алғаны (тапсыру белгісі бар), сондай-ақ куә Л. Байсеитованың оның сол күні қызметтік міндеттерін орындағанын растағаны келтірілген.
Еңбек кодексінің 52-бабының 8) тармақшасына сәйкес жұмыстан босату үшін жұмыскердің дәл сол күні себепсіз 3 сағаттан астам уақыт жұмыс орнында болмағаны дәлелденуі тиіс. Алайда жауапкер тарапынан бұл мән-жайды растайтын дәлелдемелер, атап айтқанда, келу-кету журналдары, бейнебақылау жазбалары және т.б. ұсынылмаған.
Сондай-ақ, өтінішхатта 2023 жылғы 4 желтоқсандағы бұйрықпен М. Гапиздің қайта жұмысқа қабылданғаны көрсетіліп, бұл жауапкер тарапынан жұмыстан босату туралы бұйрықтың заңдылығын жанама түрде мойындау ретінде бағалануы мүмкін екені атап көрсетілген.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық саты сот отырысында қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының өкілі М. Билаловтың келтірген өтінішхаты азаматтық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья М. Бектұрғанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.