ВС РК - Постановление от 30.03.2022 по делу 6001-21-00-6КА/1163 (Об административном правонарушении)

6кп/27-22

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 30 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева,

судьялар М.Т.Балкен, М.Т.Таймерденов,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры Т[...],

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 21 мамырдағы және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 25 маусымдағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен жеке кәсіпкер С[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 159-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен С[...] ӘҚБтК-нің 159-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, монополиялық кіріс 1 432 520 теңге тәркіленіп, монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған кірістің үш пайызы, яғни 42 976 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген.

Ұсыну дәлелдерін қолдаған прокурор Т[...] қорытындысын тындап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай негіздер бар.

Іс құжаттарына сәйкес уәкілетті орган жеке кәсіпкер С[...] қатысты тергеп-тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 2019 жылдың қыркүйек айының 3,4,5,6,9,10,11,12,13,16 күндері деңгейлес сұйытылған мұнай газын өткізетін нарық субъектілерімен Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде тыйым салынған бәсекелестікке қарсы деңгейлес келісім бойынша Жаңаөзен қаласы Теңге ауылы «Тазалық» мекемесінің жол бойында орналасқан «Нұр» Автогаз құю станциясында 1 литр сұйытылған мұнай газының бағасын 60 теңгеге белгілеп, ұстап тұрғаны анықталған. Ұсынуда ӘҚБтК-нің 159-бабының 1-бөлігі бойынша С[...] іс-әрекеттерін саралаудың дұрыстығы дауланбайтыны, алайда тәркіленуге жататын кіріс мөлшері бөлігінде сот тағайындаған жазаның дұрыс еместігі көрсетілген.

Сот уәкілетті органның 2020 жылғы 12 ақпандағы қорытындысында көрсетілген есепті басшылыққа алып, 1 509 600 теңге монополиялық кірістен 77 080 теңге шығындарды шегеріп, монополиялық кіріс – 1 432 520 теңгені құрайды деген тұжырымға келіп, қаулыда осы 77 080 теңге ақша қаражаты қандай шығындар мен салықтың қай түрі үшін ұсталғанын толық атап көрсетпеген.

ӘҚБтК-нің 159-бабының 1-бөлігінің санкциясы жазаның мына түрлерін қамтиды:

  • монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістен (түсiмнен) айыппұл,

  • монополистiк қызметтi бiр жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асыру нәтижесiнде алынған монополиялық кірісті тәркiлеу.

Жаза тағайындау кезінде сот екі түрлі ұғымды араластырып, олардың арасына теңдік белгісін қойған:

  • монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кіріс (түсiм);

  • монополиялық кіріс;

және айыппұл мөлшерін монополистiк қызметтен емес, монополиялық кірістен есептеген.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің (бұдан әрі - КК) 225-бабында осы Кодекспен шектелген монополиялық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде нарық субъектісі алған кіріс монополиялық кіріс болып табылады деп көрсетілген.

Монополиялық кіріс нарық субъектісі қаралып отырған жағдайда бәсекеге қарсы келісім немесе нарық субъектілерінің келісілген іс-әрекеті сияқты шектелген монополиялық қызмет нәтижесінде алуы мүмкін және нарық субъектісі осы әрекеттерді жасаған кезден бастап осы әрекеттер тоқтатылғанға дейін айқындалады.

Монополиялық кіріс нарық субъектісі бәсекеге қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер жасаған кезде осы әрекеттерден алынған, тауарларды өндіруге және (немесе) өткізуге қажетті негізделген шығыстарды және нақты төленген салықтарды шегеріп тастағандағы барлық кіріс ретінде айқындалады.

Монополиялық қызметтен түскен кірістен монополиялық кірістің айырмашылығы нарық субъектісі КК-пен шектелген монополиялық қызмет нәтижесінде алған кірістер емес, нарық субъектісінің тиісті өнім нарығындағы барлық қызметінен алынған кірістер кіреді.

КК-нің 167-бабының 1-бөлігіне сәйкес жағдайы тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тиісті тауар нарығындағы тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін нарық субъектілерінің қызметі монополистік қызмет болып табылады.

ӘҚБтК-нің 159-бабының 1-бөлігінің санкциясында айыппұл көлемі монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістің (түсiмнiң) пайыздық үлесімен анықталған.

ӘҚБтК-нің 44-бабының 1-бөлігінің 8) тармақшасына сәйкес айыппұл көлемі монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кіріс (түсiм) сомасынан пайызбен белгіленеді.

Жергілікті соттардың екі түрлі ұғымды шатастырып қана қоймай, ККнің 225-бабының ережелеріне қайшы келетін монополиялық кіріс мөлшерін анықтаған.

Сот уәкілетті орган есептеген монополиялық кіріс сомасын оның есебін тексермей негізге алған. Уәкілетті органның 2020 жылғы 12 ақпандағы қорытындысына сәйкес, онда келтірілген есептеуден қандай салықтар ұсталғаны көрсетілмеген, тек салық сомасы көрсетілген.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отыра, алқа сот істің мәнжайын және тағайындалған жаза мөлшеріне әсер ететін дәлелдемелерді дұрыс зерттемеген деп есептейді.

ӘҚБтК-нің 768-бабының 2-бөлігіне сәйкес егер ұсынылған дәлелдемелер жеткiлiксiз болса, iстi қарап жатқан сот не орган процеске қатысушыларға қосымша дәлелдемелер ұсынуды не оларды өз бастамашылығымен жинауды ұсынуы мүмкiн.

Осыған байланысты алқа сот қаулыларының күшін жойып, істі қайтадан қарауға жолдау туралы қорытындыға келіп отыр. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге сот назар аударып процестік нормаларды сақтай отырып, негізді шешім қабылдауы тиіс. Қазақстан

Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 21 мамырдағы және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 25 маусымдағы қаулыларының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Судьялар

М. Балкен

М. Таймерденов

Көшірмесі дұрыс Судья А. Қыдырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.