Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 21.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1562 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 21 қазан 6003-25-00-2к/1562 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор О.С.Пернеевтің, талап қоюшының өкілі Ғ.О.Әзімбайдың қатысуларымен,

талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің сенімді тұлғасы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Мария Михайловна Штрукарға, Михаил Михайлович Смолякқа өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 6 қаңтардағы шешіміне, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 6 қаңтардағы шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылған.

М.М. Штукарға 30 148 096 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы, Бестерек көшесі (Чапаев), 32 үй, 1 пәтер мекенжайында орналасқан кадастрлық нөмірі 21-319-015-048, жалпы ауданы 0,0702 га, оның ішінде үлесі 0,0607 га жер телімімен ондағы жылжымайтын мүлік объектісі және құрылыс материалдары бар жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Ақшалай өтемақы төленгеннен кейін М.М.Штукар, М.М.Смоляк Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы, Бестерек көшесі (Чапаев), 32 үй, 1 пәтерден шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, өндірілген 30 148 096 теңге ақшалай төлемді 25 039 511 теңге мөлшеріне дейін азайтуды сұраған.

Кассациялық сот талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың

қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 13 маусымдағы № 510-2019 қаулысымен, 2024 жылғы 4 қазандағы №3070 қаулысының қосымшасымен жауапкерге тиесілі жер участкесі 2024 жылғы 9 қыркүйек пен 2025 жылғы 9 қыркүйек аралығында Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, Чапаев көшесі, 32 үй, 1 пәтер мекенжайы бойынша орналасқан жалпы үлестік меншік құқығында М.М. Штукармен М.М.Смолякқа тиесілі, жалпы ауданы 0,0702, оның ішінде үлесі 0,0607 га, кадастрлық нөмірі 21-319-015-048 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

М.М.Штукардың меншігіндегі жер участкесінде жалпы көлемі 69,8 шаршы метрлі тұрғын үй бар. 2004 жылғы 13 шілдеде үйдің меншік иесі Штукар М.М. үйдің жартысын баласы М.М.Смолякқа сыйлаған.

Уәкілетті органмен жауапкерлерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және 25 039 511 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкерлер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген, «RannurBagalau» ЖШС-нің 2024 жылғы 23 мамырдағы №КТ-9538 есебіне сай 35 268 269 теңге мөлшерінде өтемақы құны төленуі қажет деп көрсеткен.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2024 жылғы 19 қарашадағы № С.143-12.24 сот сараптама қорытындысына сәйкес мүліктің нарықтық құны 30 148 069 теңгеге бағаланған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау

негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі үшін өтемақы мөлшерін 30 148 069 теңге деп анықтауы заңды.

Осыған байланысты талап қоюшының шағымда келтірген уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 6 қаңтардағы шешімі, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар:

В.Е.Тохтарбаева

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.