ВС РК - Постановление от 12.07.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3488 (Административное)

6001-23-00-6ап/3488 (2)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 12 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында, өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] жауапкер Алматы қалалық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Р[...] мүліктен өндіріп алу туралы 2023 жылғы 17 шілдедегі қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 тамыздағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қазандағы қаулысы мен ұйғарымына жауапкердің келтірген кассациялық шағымдарымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Д[...] жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгінген.

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 тамыздағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.

Жеке сот орындаушысы Р[...] 2023 жылғы 20 ақпанда қозғалған № 29/23-75-2897 атқарушылық іс жүргізу өндірісі бойынша мүліктен өндіріп алу туралы 2023 жылғы 17 шілдедегі қаулысы заңсыз деп танылған.

Талап арыздың қалған қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сонымен қатар, бірінші саты сотының жеке ұйғаруымен жеке сот орындаушысы Р[...] тарапынан орын алған заң бұзушылықтары жөнінде Қазақстан Республикасы жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасының назарына жеткізілген.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қазандағы қаулысымен және ұйғаруымен іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер Р[...] кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, әкімшілік іс құжаттарын зерттеп, кассациялық шағымдардың уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, Алматы қаласының Алатау аудандық сотының 9 қыркүйек 2022 жылғы шешімімен Д[...] талап қоюшы «МҰFGФГ[...]» ЖШС-нің пайдасына 29 767 870 тенге негізгі қарызы, 6 732 942 теңге сыйақысы, 240 196 теңге өсімпұлы және 1 102 230 теңге сот шығыны өндірілген.

Атқару парағы негізінде 20 ақпан 2023 жылы сот орындаушысы Р[...] атқарушылық өндіріс қозғап, осы жылдың 17 шілдесінде қарыз соммасын борышкер Д[...] тиесілі Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ақбұлақ шағын ауданы, Шарипов көшесі, №123 мекенжайда орналасқан жеке тұрғын үйінен және жер учаскесінен, яғни аталған жылжымайтын мүлкінен өндіріп алу туралы қаулы қабылдаған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда сот орындаушысы Р[...] қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамаған деп тұжырымдаған.

Сот алқасы төмеңгі саты соттырының талап арызды қанағаттандыру туралы тұжырымдарымен төмендегі негіздер бойынша толық келіседі.

АПК-нің 250-1-бабының 1-бөлігіне сай, сот шешімін мәжбүрлеп орындау барысында берешекті өзге мүлік есебінен өтеу мүмкін болмаған кезде не мүлік жеткіліксіз болған кезде өндіріп алушы не сот орындаушысы борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы екені көрсетілген.

Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 55-бабының 1, 8-тармақтарына сай, борышкердің мүлкінен өндіріп алу мүлікті алып қоюды және (немесе) оны мәжбүрлеп сатуды не өндіріп алушыға беруді қамтиды. Борышкердің банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сақтандыру ұйымдарындағы ақшасына, сондай-ақ жалақысына және борышкердің кірістерінің өзге де түрлеріне өндіріп алуды қолдануды қоспағанда, борышкердің мүлкіне, оның ішінде ортақ мүліктегі үлесіне өндіріп алуды қолдануды сот орындаушысы прокурор санкциясымен жүзеге асыратыны қарастырылған.

Алайда, сот орындаушысы аталған заң талаптарын сақтамай, сот шешімімен өндірілуге тиіс барлығы 37 873 238 теңгені борышкердің мүлкінен өндіру туралы сотқа арызбен жүгінбеген, прокурордың санкциясын алуға ұсыныспен шықпаған.

Нәтижесінде сот орындаушысы борышкердің берешегін жылжымайтын мүлкінен өндіріп алу туралы заң талаптарына сай келмейтің қаулы қабылдап, талапкердің құқықтарының бұзылуына жол берген.

Сот орындаушысы Р[...] тарапынан орын алған заң бұзушылықтардың келешекте қайталанбауы мақсатында және тиісті шаралар ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасы жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасының назарына заңды әрі негізді жеке ұйғарым қабылдаған.

Төменгі сатыдағы соттарымен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкердің сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 тамыздағы шешімі және жеке ұйғарымы, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қазандағы қаулысы және ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Р[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Б.Т. Нажмиденов

Г.К. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.