Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 25.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2274 (Гражданское)

6003-25-00-2к/2274

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 25 қараша

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.Молдахановтың, аудармашы Р.Таласпаеваның, талап қоюшының өкілі Н.В.Отчиктің, жауапкер А.В.Яцухинның және оның өкілі А.Ж.Калиеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Артем Викторович Яцухинге, Ирина Викторовна Яцухинаға өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған. Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. А.В.Яцухинның, И.В.Яцухинаның жеке меншік құқығында тиесілі, Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Училищный тұйық көшесі, 5А үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-031-217, жалпы ауданы 0,0577 га, оның ішінде үлесі 0,0288 га, жер учаскесіне 123 512 295 теңге ақшалай өтемақы төлеумен мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, өндірілген 123 512 295 теңге ақшалай төлемді 50 538 501 теңге мөлшеріне дейін азайтуды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшін жойып, жаңадан қарауға жіберуді сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 23 мамырдағы №510-1740 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоныр» ауданы, А.Иманов және А.Сембинов көшелерінің қиылысы ауданы мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,4808 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін «Тұрақ» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Алынатын жер учаскесінің шекараларына А.В.Яцухинға 2005 жылдың 11 мамырдағы сыйға тарту шарты негізінде Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы, Училищный тұйық көшесі, 5А үй мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,0577 га, оның ішінде үлесі 0,0288 га кадастрлық № 21-318-031-217 жер учаскесі кіреді.

Уәкілетті органмен жауапкерлерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және 50 538 501 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

2025 жылы 30 қаңтарда «НОК Дом оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі-ЖШС) жасаған мүлікті бағалау туралы №0025/25 ASTANA есебіне сәйкес Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Училищный тұйық көшесі, 5А үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-031-217, жалпы ауданы 0,0577 га жер, оның ішінде үлесі 0,0288 га, учаскесі және онда тұрған жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 50 538 501 теңгені құраған.

Жауапкер талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген, жауапкерлер тапсырыс берген бағалау есебінің қорытындысына сай, жылжымайтын мүліктің және Объектінің нарықтық құны 164 807 805 теңге құраған. Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 12 маусымда № С.85-05.25 қорытындысына сәйкес жасыл көшеттерді ескере отырып, жер учаскесінің

және онда орналасқан жылжымайтын объектінің нарықтық құны 123 512 295 теңге құраған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, сарапшы жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертілген.

Сонымен қатар, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақы мөлшерін 123 512 295 теңге деп анықтауы заңды.

Осыған байланысты талап қоюшының шағымда келтірген уәжі негізсіз,

соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген. Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.

Таплап қоюшының сараптамашының құрылыстар мен жасыл көшеттердің нарықтық құнын баспа газет басылымдарында жарияланған ақпараттар мен хабарландыруларды ақпарат көзі ретінде пайдалана отырып, салыстырмалы сату әдісі негізінде шығаруы жеткіліксіз. Құрылыстар мен жасыл көшеттердің нарықтық құнын анықтау кезінде талдауға, қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы туралы тиісті құқықтық баға беруге дәлелдеме ретіндегі нақты деректердің болмауы сараптамашы жасаған қорытындының сенімділігі туралы шынайы қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді деген уәжі негізсіз.

Өйткені сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыстауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған, жасыл көшеттердің құны талап қоюшымен бағаланбаған.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: В.Е.Тохтарбаева

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.