ҚАУЛЫ
2025 жылғы 15 қыркүйек №6003-25-00-4к/1436 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
прокурор О.С. Пернеевтің, талап қоюшы К.Х. Шарипхановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Кайрат Хамитович Шарипхановтың жауапкер «Абай облысы Семей қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) қатысты 2004 жылғы 22 қазандағы №733 қаулыны заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымы мен Абай облыстық сотының әкімшілік істерді жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 3 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшы берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, оны қаулының заңсыздығымен негіздеген.
МАӘС-тің 2024 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қоюды беруге арналған мерзімі өткізіліп алынуына байланысты, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 136-бабының алтыншы бөлігіне, 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасы негізінде талап қою қайтарылған.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 3 наурыздағы ұйғарымымен МАӘС-тің ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы талап қоюды сотқа беру мерзімдері өтпегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлім етпеген.
ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылай отырып, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалаған кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндау бұзушылықтарға соттар жол бермеген.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, дауланып отырған Семей қаласы әкімінің 2004 жылғы 22 қазандағы №733 қаулысына сәйкес меншік құқығындағы тұрғын үйлері бар немесе бау-бақша және саяжай құрылысына арналған жер учаскелері бар, бірақ белгіленген тәртіппен жерге құқық белгілейтін құжаттарды уақтылы ресімдемеген азаматтардың өтініштері қанағаттандырылған. №№1 және 2-қосымшаларда тұлғалардың тегі, мекенжайлары және учаскелерінің аумағы көрсетілген.
ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігінде дау айту туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе ӘРПК-де және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне сай, талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
АПК-нің 126-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер АПК-де белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңдылығын, ал олардың негізіне алынған мән-жайлардың талап қоюды қайтару туралы қорытындылардың дұрыстығын айқындайтынын тұжырымдайды. Тараптардың уәждеріне төмен тұрған соттар тиісті баға берген.
Жоғарыда көрсетілгендей, дауланып отырған әкімнің қаулысы 2004 жылғы 22 қазанда қабылданған.
Талап қоюшының түсіндіруінше, ол бұл қаулы туралы 2015 жылы жер учаскесіне байланысты оның және А.М. Шалғұмбаевтың арасындағы дау туындаған кезде белгілі болған. 2016 жылғы 5 шілдедегі сот шешімімен талап қоюшыға гаражды бұзу міндеттелген. Талап қоюшы бұған дейін де 2004 жылғы 22 қазандағы №733 қаулыны даулап, 2018 жылғы 9 қаңтардағы Семей қалалық сотының ұйғарымымен іс жүргізу тоқтатылған.
Осы әкімшілік іс бойынша талап қоюшы сотқа 2024 жылғы 10 желтоқсанда жүгінген, яғни бір айлық мерзімді өткізіп алған. Талап арыз тек біршама уақыт өткен соң берілген.
Заң шығарушы ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес талап қоюды бір ай ішінде беруге жол береді, алайда бұл жағдайда көрсетілген мерзім өткізіліп алынған. Талап қоюшы мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін келтірмеген. Бұл санаттағы істер бойынша міндетті сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген.
Осылайша, даулы құқықтық қатынастарға ӘРПК-нің 136-бабының алтыншы бөлігі, 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасы қолданылып, талап қоюды қайтару заңды болып табылады.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотта қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Осы мән-жайлар бойынша талап қоюшының кассациялық шағымы
қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі мен АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымы мен Абай облыстық сотының әкімшілік істерді жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 наурыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші
Судьялар
Д. Әбдіғалиев
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.