№6001-25-00-6ап/47
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 29 мамыр
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры Н.А.Молдахановтың қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Магрипа Муратовна Утепбергенованың (бұдан әрі – ЖК «Утепбергенова») жауапкерлер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма), «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2024 жылғы 22 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-301436, 2024 жылғы 22 шілдедегі №431010000КпОПО-32-301383, 2024 жылғы 17 шілдедегі №431010000-КпОПО-32300929, 2024 жылғы 23 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-301689 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды заңсыз деп танып, күшін жою, 2024 жылғы 28 маусымдағы және 2024 жылғы 25 шілдедегі №12404077-1, 2024 жылғы 28 маусымдағы және 2024 жылғы 25 шілдедегі №12401987-1, 2024 жылғы 25 маусымдағы және 2024 жылғы 24 шілдедегі №12318454-1, 2024 жылғы 2 шілдедегі және 2024 жылғы 24 шілдедегі №12372101-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға ЖК «Нұр»-дың келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
ЖК «Утепбергенова» жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Департаменттің 2024 жылғы 22 шілдедегі №431010000-КпОПО-32301436, 2024 жылғы 22 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-301383, 2024 жылғы 17 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-300929, 2024 жылғы 23 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-301689 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалары заңсыз деп танылып, күштері жойылған;
Басқарманың 2024 жылғы 28 маусымдағы және 2024 жылғы 25 шілдедегі №12404077-1, 2024 жылғы 28 маусымдағы және 2024 жылғы 25 шілдедегі №12401987-1, 2024 жылғы 25 маусымдағы және 2024 жылғы 24 шілдедегі №12318454-1, 2024 жылғы 2 шілдедегі және 2024 жылғы 24 шілдедегі №12372101-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күштері жойылған;
2024 жылғы 11 тамызда жасалған №26, 2024 жылғы 31 шілдеде жасалған №47, 2024 жылғы 31 шілдеде жасалған №54, 2024 жылғы 8 тамызда жасалған №33 қызмет көрсету туралы шарттары жарамсыз деп танылған; Басқармаға балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметіне конкурсты қайта жариялау міндеттелген. Осы соттың 2024 жылғы 25 қыркүйектегі жеке ұйғарымдарымен әкімшілік істі қарау барысында Басқарма тарапынан жіберілген заң бұзушылықтары жөнінде Қызылорда облысы әкімінің, Департамент тарапынан жіберілген заң бұзушылықтары жөнінде «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Комитет) назарына аударылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот шешімінің қарар бөлігінен Басқармаға балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметіне конкурсты қайта жариялау туралы міндет алынып тасталған.
Осы соттың 2024 жылғы 5 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы кассациялық шағымда жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Басқармамен Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №№272, 273, 274 және 275 орта мектептерінің тапсырысы бойынша балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін сатып алуға конкурстар ұйымдастырған.
Аталған мектептер бойынша конкурс қорытындыларымен ЖК «Нұр» жеңімпаз деп танылған.
Конкурс қорытындыларымен келіспеген әлеуетті өнім берушілер «Өрлеу-сапа» өндірістік бірлестігі» ЖШС-ы мен ЖК «Утепбергенова» Департаментке шағымданып, Департамент тарапынан 2024 жылғы 22 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-301436, 2024 жылғы 22 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-301383, 2024 жылғы 17 шілдедегі №431010000КпОПО-32-300929, 2024 жылғы 23 шілдедегі №431010000-КпОПО-32301689 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар берілген.
Хабарламалар негізінде конкурс нәтижелері қайта қаралып, конкурстық комиссияның 2024 жылғы 24 шілдедегі және 25 шілдедегі хаттамаларына сәйкес ЖК «Нұр» қайтадан жеңімпаз деп танылған.
№№272, 273,274 және 275 орта мектептерімен ЖК «Нұр» арасында қызмет көрсету туралы шарт жасалған.
Талап қоюшы сотқа жүгініп, конкурс қорытындылары туралы хаттамаларды және камералдық хабарламаларды заңсыз деп тануды сұраған. Оған негіз ретінде конкурс жеңімпазы болып танылған ЖК «Нұр»-дың 2017, 2018 және 2019 жылдардағы шот фактураларды кейінгі мерзіммен жасағанын, 2021-2023 жылдарға да жалған шот-фактура ұсынғанын, біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат бергенін алға тартқан. ЖК «Нұр»-дың ұсынған технолог маманының да біліктілігі конкурс талаптарына сай келмейтінін келтірген. Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларымен» (әрі қарай - Қағида) реттеледі.
Аталған Қағидаға сәйкес конкурс жеңімпазы төменгі өлшемшарт бойынша айқындалады: қызмет көрсету нарығында тиісті аймақта өткен 7 жылдағы жұмыс тәжірибесі; арнайы білімі, біліктілі бар аспаздың болуы; аспаздың еңбек өтілі 1 жылдан кем емес болуы; арнайы білімі, біліктілігі бар диетологтың болуы; қоғамдық тамақтану саласында жоғары, орта - техникалық білімі бар технологтың немесе техник – технологтың болуы.
Осы өлшемшарттар бойынша барынша көп балл жинаған әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылады.
Екі және одан да көп әлеуетті өнім беруші бірдей балл санын жинаған жағдайда, жұмыс тәжірибесі өлшемшарты бойынша ең көп балл жинаған конкурсқа қатысушы жеңімпаз деп танылады.
Жұмыс тәжірибесі бойынша баллдар саны тең болған кезде конкурсқа қатысуға өтінімі басқа әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдерінен бұрын түскен конкурсқа қатысушы жеңімпаз деп танылады. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 27) тармақшасына сай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі -ЕШЕБЖ) енгізіп отыруға міндетті.
ЕШЕБЖ-ден мәліметтер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арқылы электрондық немесе қағаз түрінде сұрау салу негізінде беріледі.
Конкурстық комиссиямен әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерінде қамтылған мәліметтерді, оның ішінде еңбек ресурстарына қатысты мәліметтерді нақтылау мақсатында ақпарат алуға мүмкіндігі болғанымен бұл мәліметтерді тиісті түрде тексермеген.
Жергілікті соттар әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесі бойынша ұсынған бухгалтерлік құжаттардың заң талаптарына, ұсынған жұмысшылармен еңбек шарты ЕШЕБЖ тіркелмеуі және олардың зейнетақы жарналары бойынша ұсынылған құжаттарға дұрыс баға берілмеуінен, конкурс қорытындыларын заңсыз деп тапқан. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-303/2020 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға қосымша және формальды емес білім беру қағидалары және қосымша және формальды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін тану қағидаларының (бұдан әрі - №ҚР ДСМ-303/2020 Қағида) 2-тармағында біліктілікті арттыру - бұрын алған кәсіптік білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге, сондай-ақ негізгі мамандық ішінде жаңа (қосымша) құзыреттерді игеруге мүмкіндік беретін қосымша білім беру нысаны деп көрсетілген.
№ҚР ДСМ-303/2020 Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламаларының деңгейлері базалық, орта, жоғары, мамандандырылған болып бөлінеді.
Аталған конкурсқа ұсынылған барлық әлеуетті өнім берушілердің құжаттары конкурс құжаттамасына сай келмеген, яғни денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатымен расталмаған. Бұл мән-жайлар ЖК «Нұр» еңбек ресурстарына толық көлемде ие емес екендігін көрсетеді.
Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне апелляциялық саты сотымен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға ЖК «Нұр»-дың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев
Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.