6001-24-00-6ап/3360
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 28 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар - Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,
талап қоюшының өкілі Т.С.Жарылкаповтың, жауапкердің өкілі Ә.Г.Рахымның қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Ауэзхан Сузакбаевич Тулендиевтің жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына 2008 жылғы 5 сәуірдегі №923 санды шартын кадастрдың тіркеу парағынан сот шешімінсіз алып тастау немесе өшіру іс әрекетін заңсыз деп тану, шарттың мемлекеттік құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы тіркелуін алғашқы қалпына келтіруге міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 мамырдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 қазандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.С.Тулендиев сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Корпорация) әрекеттерін даулап, шарттың тіркелуін алғашқы қалпына келтіруге міндеттеуді сұраған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 мамырдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Сот алқасы талап қоюшының өкілі Т.С.Жарылкаповтың кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, жауапкердің өкілі Ә.Г.Рахымның кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2023 жылғы 26 маусымдағы Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Шавкатжон Кулахмадович Халмуратовқа, Махбуба Халидовна Азизоваға, Ауэзхан Сузакбаевич Тулендиевке, нотариус Сабира Орынбасарқызы Көшқалиге 2008 жылғы 5 ақпандағы №869, 2008 жылғы 5 ақпандағы №866 санды сатып-алу – сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырылған. Шавкатжон Кулахмадович Халмуратов пен Ауэзхан Сузакбаевич Тулендиевтің арасындағы 2008 жылғы 5 ақпандағы №869 санды шарты жарамсыз деп танылған.
Махбуба Халидовна Азизова мен Ауэзхан Сузакбаевич Тулендиевтің арасындағы 2008 жылғы 5 ақпандағы №866 санды сатып-алу – сату шарты жарамсыз деп танылған. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымымен Бекжан Амамнгельдиевич Тукеев және Корпорация арасындағы дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі келесі шарттармен бекітілген: 1) Тукеев Бекжан Амамнгельдиевич Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 26 маусымдағы №521523-00-2/1067 санды шешімі заңды күшіне енуіне байланысты талап қою арызын қайтарып алады;
- Корпорацияның Шымкент қаласы бойынша Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 26 маусымдағы №5215-23-00-2/1067 санды заңды күшіне енген шешімін орындау мақсатында, Б.Тукеевке Шымкент қаласы бойынша кадастрлық нөмірі №19-309-178-138 (алдыңғы кадастр №19-309-178-024) жер учаскесінің құқықтық кадастрдың тіркеу парағында жазбасының күші жойылғандығы жөнінде жазбаша хабарлайды.
Жауапкердің тарапынан заңды күшіне енген сот ұйғарымында көзделген шарттарға сай, сот шешімін орындау мақсатында, Шымкент қаласы бойынша кадастрлық нөмірі №19-309-178-138 (алдыңғы кадастр №19-309-178-024) жер учаскесінің құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбасының күші жойылған.
Талап қоюшы А.С.Тулендиев Корпорацияның бұл әрекеттерін даулап, жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жоюды тіркеуші орган соттың заңды күшіне енген сот актілерінің негізінде жүзеге асыруға міндетті деп уәждеп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 7-бабында белгіленген заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі Заң) 33-бабының 1-тармағына сай құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жоюды тіркеуші орган соттың заңды күшіне енген актілерінің негізінде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 22-тармағына сәйкес «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 33-бабына сәйкес құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбалардың күшін жоюды соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде тіркеуші орган жүзеге асырады.
Осыған байланысты талап қоюшының жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жарамсыз, заңсыз деп тану туралы, құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жою туралы талаптары қанағаттандырылуға жатпайды.
Жергілікті соттармен анықталғандай, жауапкердің тарапынан заңды күшіне енген сот ұйғарымында көзделген шарттарға сай, сот шешімін орындау мақсатында, Шымкент қаласы бойынша кадастрлық нөмірі №19309-178-138 (алдыңғы кадастр №19-309-178-024) жер учаскесінің құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбасының күші жойылған.
Демек, Корпорация талап қоюшыға тиесілі кадастрлық нөмірі №19309-178-138 (алдыңғы кадастр №19-309-178-024) жер учаскесінің құқықтық кадастрдың тіркеу парағында жазбасының толық күшін жою барысында ӘРПК-нің нормаларын бұзбаған және Заңда көзделген міндеттерінің аясында жұмысын жүзеге асырған.
Жоғарыдағылар негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюдың уәждері негізсіз, жауапкер тарапынан талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмаған, даулы іс әрекетті заңсыз деп табуға негіз жоқ деген тұжырымдары заңды әрі негізді деп есептейді.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 мамырдағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 қазандағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т.Даниярова Г.К.Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья Г.К.Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.