ВС РК - Постановление от 07.06.2022 по делу 6001-22-00-6ап/203 (Административное)

6001-22-00-6ап/203

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 7 маусым

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья С.Ү. Баймаханов, судьялар Н.Ү. Қайыпжан, Ж.Б. Ермағамбетова болып, талап қоюшы Ж[...] өкілі П[...],

жауапкер: жеке сот орындаушы К[...], мүдделі тұлға: А[...] өкілі Е[...], аудармашы М[...], Д[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы Ж[...] жауапкер жеке сот орындаушы (бұдан әрі - ЖСО) К[...] әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша әкімшілік ісін

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 12 қазандағы жеке ұйғарымы және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Ж[...] сотқа ЖСО К[...] әрекетін заңсыз деп тануды, ЖСО К[...] 2021 жылғы 7 шілдедегі алимент берешегін анықтау туралы қаулысының күшін жою туралы талап қою арызымен жүгінген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 12 қазандағы ұйғарымымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабының 2- бөлігінің 15)-тармақшасына сәйкес талап қою арызы қайтарылған.

Сонымен қатар, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 12 қазанындағы жеке ұйғарымымен талап қоюшы Ж[...] және оның өкілі П[...] тарапынан жіберілген заң бұзушылықтар бойынша Алматы қаласының прокуратурасына тиісті шараларды қабылдау үшін хабарланған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымдарымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы және жеке ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшы өкілінің шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.

Тараптар іс бойынша талап қоюды қайтару туралы жергілікті соттардың ұйғарымдарына кассациялық тәртіпте шағым түсірмеген.

Талап қоюшы өкілі П[...] жеке ұйғарыммен келіспей, кассациялық шағымында жеке ұйғарым негізсіз шығарылғанына орай, оның күшін жоюды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымда келтірген уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер мен мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты шағымдалынған сот актілері өзгертуге жатады деген қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Істі қарау барысында жергілікті соттар мұндай бұзушылықтарға жол берген.

Жергілікті соттармен анықталғандай талап қоюшымен талап қою арызын беруге өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш хат үсынған және мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептерін растайтын дәлелдеме ретінде анықтама ұсынған.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрілігінің 2021 жылғы 7 қазандағы және «Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасы» коммуналды мемлекеттік кәсіпорынының 2021 жылғы 8 қазандағы жауаптарына сәйкес Ж[...] 2021 жылғы 16 шілдеден 25 шілдеге дейінгі кезеңінде аталған мекемеге медициналық көмек сұрап жүгінбеген және оған қатысты карантиндік шаралар жүргізілмеген. Яғни, талап қоюшының өкілімен талап қою арызына тіркелген анықтама жалған.

Бұндай жағдайларда, бірінші сатыдағы сот, әкімшілік іс бойынша іс жүргізу барысында заңдылық бұзылған жағдайларды анықтап, құқыққа сыйымды жеке ұйғарымын шығарып, Алматы қаласының прокуратурасына жолдаған.

АПК-нің 4-бабына бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру сот ісін жүргізудің міндеттерінің бірі болып табылады, сот жеке ұйғарымдар шығару арқылы шешеді.

АПК-нің 270-бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 664-бабына сәйкес соттың жеке ұйғарымы бойынша шара қолданбағандығы үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Ұйғарымның ұәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы сот заң талаптарына сәйкес келмейтін құжат беру фактісі бойынша медицина қызметкерлеріне шаралар қабылдау қажеттігі туралы қорытындыға келген, аталған қорытынды оның қарар бөлігінің мазмұнына сәйкес келмейді.

Атап айтқанда, бірінші сатыдағы сот прокурорға талап қоюшы Ж[...] пен оның адвокаты П[...] қатысты, олардың сотқа жалған құжаттар ұсынуына байланысты шаралар қабылдау қажеттігі туралы көрсеткен.

Сонымен қатар, соттың тұжырымдары мерзімінен бұрын болып табылады.

Адвокат кассациялық сатыдағы сотта берген түсініктемелерінде көрсеткендей медициналық анықтама көшірмесін, ол «Whatsapp» арқылы талап қоюшыдан алған, дәрігердің қолы мен медициналық ұйымның мөрі болғандықтақтан, оның шынайлығына күмәні болмаған. Сондықтан сот құжаттың жалғандығы үшін жауапкершілікті оған негізсіз жүктеген.

Алқаның пікірінше, заңнама талаптарына сәйкес келмейтін құжаттарды қолдан жасау не анықтамалар беру фактілері жеке ұйғарымды орындау барысында кінәлі тұлғаларды анықтай отырып тексерілуге жатады.

Осыған байланысты жеке ұйғарым заңдылықты бұзу фактісі бойынша бұған ықпал еткен барлық кінәлі адамдарды тексеру және анықтау үшін шығарылуға жатады.

Баяндалған мән-жай бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымының қарар бөлігін түзету үшін негіз болып табылады.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 12 қазандағы жеке ұйғарымы мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымы өзгертілсін.

Жеке ұйғарымның қарар бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«Осы әкімшілік іс бойынша анықталған заң бұзушылықтар фактілерін тексеру және тиісті шаралар қолдану үшін Алматы қаласының прокурорына хабарлансын».

Сот актілерінің қалған бөліктері күшінде қалдырылсын. П[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Н. Қайыпжан Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.