ВС РК - Постановление от 10.03.2022 по делу 6001-22-00-3гп/33 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/33

2022 жылғы 10 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.К. Шәріпов,

судьялар А.К. Ескендіров, Т.Ә. Ибрашев,

талап қоюшы Б[...] және оның өкілі – адвокат С[...], жауапкер О[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкерлер О[...], Д[...] үш жыл ішінде жоғалтылған табысты, ай сайын жоғалтылған жалақыны өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы талап қою арызымен қабылданған

Ақтөбе қаласының №3 сотының 2021 жылғы 25 маусымдағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшы Б[...] өкілі – адвокат С[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

Талап қоюшы оқиға болған күнге дейін еш жерде жұмыс жасамағандықтан, соңғы үш жыл ішіндегі жоғалтылған 5 720 337 теңге табысты, ай сайын 181 465 теңге жоғалтылған жалақыны өндіруді және 10 000 000 теңге моральдық зиянды өтеуді сұраған. Ақтөбе қаласы № 3 сотының 2021 жылғы 25 маусымдағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер Д[...] талап қоюшы Б[...] пайдасына 5 000 000 теңге моральдық зиян және мемлекет пайдасына 1 459 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Талап қою арызының қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арыз берушінің өкілі жергілікті соттардың қабылдаған шешімдерімен келіспей, тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, істің біржақты қаралғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Өтінішхатты қолдаған Б[...] және оның өкілі - адвокат С[...], оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған О[...] тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылай отырып, сот алқасы өтінішхат келесі негіздер бойынша қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Осы іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, жауапкер О[...] 2011 жылғы 27 қазанда мемлекеттік тіркеу нөмірі [...] ЗИЛ ММЗ 554 маркалы автокөлігін (бұдан әрі – жүк көлігі) басқарып, артқы жүріс маневрін орындау барысында көліктің артында кетіп бара жатқан Б[...] көлікпен қағып, дөңгелегімен оның белінен төменгі бөлігін басып, оқиға орнынан кетіп қалған.

Аталған жол көлік оқиғасы (бұдан әрі – ЖКО) бойынша О[...] қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 296-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.

Жәбірленуші Б[...] О[...] кешірім бергеніне байланысты ҚК-нің 67-бабына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 37-бабы 1-бөлігінің 12-тармағына сай О[...] қатысты қылмыстық іс тоқтатылған.

951-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан моральдық зиян азаматтың өмiрi мен денсаулығына жоғары қауiптілiк көзi арқылы келтiрiлсе өтелетіні көзделген.

Жергілікті соттар ұсынылған дәлелдемелерді негізге ала отырып, талап қоюшының денсаулығына зиян келтіру фактісін, сондай-ақ орын алған ЖКО-мен себептік байланысты анықтап, ЖКО-дан кейін денсаулыққа зиян келтіру нәтижесінде тән азабынан көрінетін талап қоюшыға келтірілген моральдық зиян өтелуге жатады деген тұжырымға келген.

Бұл ретте оның мөлшері 5 000 000 теңге деп анықталған.

Жергілікті соттар талаптардың моральдық зиянды өндіру бөлігінде дұрыс қорытындыға келген, өйткені мұндай өтемақы ақылға қонымдылық пен әділеттілік өлшемшарттарына, Б[...] зардап шеккен физикалық және моральдық азаптарының сипатына, оған моральдық зиян келтірілген жағдайларға сәйкес келеді.

Дау айтылған сот актілері бұл бөлігінде дұрыс, сондықтан өзгеріссіз қалдырылуға жатады.

Соттар өз кезегінде, талап қоюшы тарапынан жоғалтқан табыс, сондай-ақ денсаулыққа зақым келтіруден туындаған шығыстар және осы шығындарды жәбірленушінің ақылы түрде алғаны туралы, жол көлік оқиғасы болған уақыттан алдыңғы жұмысы және біліктілігі бойынша дәлелдемелер ұсынылмаған деген негізбен қалған талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан. Дегенімен жергілікті соттардың бұл тұжырымдары іс үшін маңызы бар мән-жайлар анықталмай және дәлелдемелерге тиісті баға берілмей жасалған.

АК-нің 931-бабының 1-тармағына сәйкес қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптiлiкпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк

ұйымдары, өнеркәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптiлiк көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi.

Зиянды өтеу мiндетi меншiк құқығымен, шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе жедел басқару құқығымен немесе кез келген басқа да заңды негiзбен (мүлiктiк жалдау шарты, көлiк құралын басқару құқығына берiлген сенiмхат, көздердi беру туралы құзыреттi органның өкiмi арқылы және т.б.) жоғары қауiптiлiк көзiн иеленушi заңды тұлғаға немесе азаматқа жүктеледi.

2021 жылғы 26 мамырдағы № 1962/32 сараптама қорытындысы бойынша жол көлік оқиғасы салдарынан талап қоюшы Б[...] «омыртқа жұлынының жабық жарақаты, 12 кеуде омыртқасының сынып-шығуы екі жақ доғасымен бірге. Жұлынның осы деңгейде соғылуы. Омыртқа өскінінің жалғамаларының толық жыртылуы. Екі аяғының салдануы. Жұлын-жамбас қызметінің бұзылыстары: зәр және нәжіс бөліністерінің бұзылыстары. Несеп ағар түтігінің аралық деңгейде жыртылуы. Жамбас сүйектерінің сүйек қалдықтарының ығысуы мен жабық сынығы түрінде» ауыр дене жарақаттары келтірілген.

2017 жылғы 03 мамырдағы № 1945647 мүгедектік туралы анықтамаға сәйкес Б[...] қайта куәландыру мерзімінсіз, жалпы сырқаттану санаты бойынша бірінші топтағы мүгедектік тағайындалған.

Көрсетілген мән-жайлар жауапкерлермен сот талқылауы барысында дауланбаған және іс материалдарымен объективті түрде расталған.

«Республика соттарының денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы 1999 жылғы 9 шілдедегі №9 нормативтік қаулысының 4,5,7-тармақтарына сәйкес толық не iшiнара кәсiби еңбек қабiлеттiлiгін, ал олай болмаған жағдайда – жалпы еңбек қабiлеттiлiгiн жоғалтқан зардап шегушiлер денсаулыққа келген зиянды өтеттiруге құқылы.

Қызметi басқа адамдарға қауiп-қатермен байланысты жеке және заңды тұлғалар, егер зиянның келтiрілуi бой бермейтiн күштiң салдарынан немесе зардап шегушiнiң қасақаналығынан болғаны дәлелденбесе, қатерлi орын туғызу арқылы келтiрілген зиянды өтеуге мiндеттi. Қатерлi орын туғызу иесi келтiрiлген зиян үшiн қазiргi заң негiзiнде белгiленетiн мөлшерде жауап бередi.

Жүзеге асырылуы адамның оны толық бақылауға алуына келмейтiндiктен зиян келтiретiн қатерлi орын туғызатын кез келген әрекеттер, сондай-ақ осындай сипаттағы өндiрiстiк, шаруашылық және басқа да бағыттағы заттар мен өзге объектілердi пайдалану, тасымалдау, сақтау жөнiндегi қызмет қатерлi орын туғызушы болып танылады.

Сонымен қатар, АК-нің 937-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес азаматқа жарақат немесе денсаулығына өзге де зақым келтірілген кезде жәбірленуші жоғалтқан, онда болған не анық иелене алатын табыс (кіріс) өтелуге жатады.

Бұл орайда, соттар жоғалтқан жалақысын (табысын) белгiлеген кезде зардап шегушiнiң мертiгуi немесе денсаулығына өзге де зақым келуiне байланысты денсаулығына зиян келтiрiлгенге дейiн және одан кейiн тағайындалған мүгедектiк ақы, сондай-ақ зейнетақы төлемдерi өтеу есебiне кiрмейтiнiн ескеруi тиiс. Сондай-ақ зардап шегушiнiң денсаулығына зиян келтiрiлгеннен кейiн алған жалақысы есептелмейдi.

АК-нің 938-бабының 4-тармағына сәйкес жәбiрленушi зиян келтiрiлген кезде жұмыс iстемеген жағдайда оның қалауы бойынша жұмыстан босатылғанға дейiнгi табысы не осы жердегi оның бiлiктiлiгiндегi қызметкер сыйақысының жай мөлшерi ескерiледi, бiрақ ол заң актiлерiмен белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiштiң он еселенген мөлшерiнен кем болмауға тиiс.

Осы нормалардың ережелерін соттар назарына алмаған.

Б[...] жауапкер О[...] кінәсінен бірінші топтағы мүгедек атанып, арбамен жүріп-тұруға мәжбүр және үнемі стационарлық емделуді қажет етеді. ЖКО болған кезде Б[...] жұмыс істемегендіктен, сотқа ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша 2018-2020 жылдар аралығындағы жұмыс жасайтын бір қызметкердің орташа айлық жалақысы жөнінде мәліметтер ұсынылған.

Алайда, соттар бұл дәлелдемелерге ешқандай баға бермеген.

Жоғарыда аталған нормативтік қаулының 16-тармағында берілген түсіндірмелерге сәйкес зиянды өтеу үшiн берiлетiн ақшалай сомалар зардап шегушiге денсаулығына зақым келу нәтижесiнде жалақысын (табысын) жоғалтқан кезден бастап, ал қайтыс болған адамның асырауындағы адамдарға - ол қайтыс болған күннен бастап, бiрақ сараптама комиссиясының қорытындысында көрсетiлген мерзiмде немесе өмiрлiк олардың зиянды өтеу үшiн берiлген ақшалай сомаларды алу құқына ие болған күннен кейiн берiлуi тиiс. Бұл орайда, соттар АК-нің 187-бабының 3) тармақшасына сәйкес осындай реттегi өтеуге құқы туындаған кезден үш жыл өткеннен кейiн қойылған талап - талап арыз берiлген жылдың алдындағы үш жылдың көлемiнде қанағаттандырылатынын ескеруi керек. Сот шешiмiнде берiлген сомалардың дәлме-дәл есебi, оларды төлеу мерзiмдерi көрсетiлуi тиiс.

Өз кезегінде, келтірілген нормалардың талаптары, даулы қатынастарға қолданылу мүмкіндігі, жергілікті соттармен ескерілмеген.

Бұдан бөлек О[...] қатысты қылмыстық іс ақталмайтын негіздермен тоқтатылған, алайда бұл мән-жай оны тікелей зиян келтіруші ретінде АК-нің 917-бабының 1-тармағы бойынша оны төлеу міндетінен босатпайды, өйткені орын алған ЖКО-мен жәбірленуші Б[...] денсаулығына келген зиян арасында себептік байланыс анықталған, ал О[...] кінәсі тараптармен дауланбаған.

Аталған норманың талаптарына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.

Бұл тұрғыда адамға жоғары қауіптілік көзі келтірген зиянды өтеу жөніндегі міндетті жүктеу үшін сотқа ұсынылған дәлелдемелер негізінде оның заңды және нақты иелік етуін анықтау қажет.

Қауіптілігі жоғары көзді пайдалану нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу жөніндегі міндет заңмен оның заңды иесі ретінде, өзіне тиесілі меншік, шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқығына не өзге де заңды негізге орай зиян келтірілген сәтте, қауіптілігі жоғары көзді пайдаланатын адам болып табылады.

Іс материалдарына сәйкес соттар ЖКО орын алған уақытта жүк көлігінің О[...] заңды иелігінде болғаны жөнінде сұранысымен шектелген (1 том, іс б. 64, 79).

Осыдан кейін мәліметтерді қайта сұрату және басқа да тиісті көздерден (мысалы, мемлекеттік мұрағаттан нотариалдық әрекеттерді тіркеу реестрін) сұрату жөнінде соттармен шаралар қабылданбаған.

Жергілікті соттар жүк көлігін жүргізу кезінде О[...] оны басқаруға заңды негізде құқық берілмегенін тұжырымдап, оны мерзімінен бұрын азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатқан.

Сонымен қатар, талап қоюшының келтірген уәждеріне сәйкес жауапкер О[...] шаруа қожалығы бар, ауылшаруашылығы өндірісімен айналысады, техникасы мен мемлекеттен жалға алған жері бар. Ол жүк көлігін үнемі қолданады және тиісінше ЖКО болған 2011 жылдың қазан айында оны басқару құқығына ие сенімхаты болған.

О[...] төменгі сатыдағы соттарда және кассациялық сатыда жүк көлігін басқаруға сенімхаттың болғанын өзі растап, тек қай нотариуста рәсімделгені есінде жоқ екенін көрсетті.

АПК-нің 68-бабының 3-бөлігіне сәйкес егер бір тарап екінші тарап ұсынған дәлелдемелерге дау айтпаса және оларды мойындаса не дәлелдемелерге дау айту жауапкердің қарсылығынан немесе жауапкердің дәлелдеріне қарсы талап қоюшының қарсылығынан тікелей туындамаса, мән-жайлар анықталды деп есептеледі.

Қарастырылып отырған жағдайда ЖКО орын алған уақытта О[...] жүк көлігіне заңды негізде иелік еткені құжат жүзінде расталмағанымен, тараптармен сенімхаттың болғаны дауланып отырған жоқ, сәйкесінше оның ауызша айғақтарына соттар тиісті баға бермеген. ЖКО-мен Б[...] денсаулығына О[...] тікелей зиян келтірген әрекеті үшін оны азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босату, АПК-нің 6-бабының 5-бөлігінде көзделген азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарына қайшы келеді.

Ал бұл норманың талаптарында егер заңда немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып шешуге міндеттілігі бекітілген.

Сонымен қорыта келе, жоғарыда келтірілген істің дұрыс шешілуіне елеулі маңызы бар мән-жайлар соттармен толық анықталмаған.

Мұндай жағдайда, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюшының соңғы үш жыл ішінде жоғалтылған табысты, ай сайынғы төлемді өндіру бөлігінде талаптарын қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімдерін заңды деп тануға негіз жоқ.

Олар істің нәтижесіне әсер ететін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуы арқылы қабылданған, оларды жоймай, талап қоюшының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкін емес.

Бұл АПК-нің 427-бабы 1-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес көрсетілген бөлікте дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға және істі апелляциялық сатыдағы сотқа, бірінші сатыдағы соттың ережелері бойынша, жаңадан қарауға жіберуге негіз болып табылады.

Істі жаңадан қараған кезде сот жоғарыда келтірілген кемшіліктерді жойып, ЖКО орын алғанға дейінгі Б[...] кәсіби біліктілігін анықтап, болмаған жағдайда АК-нің 938-бабының 4-тармағында айқындалған мөлшерден кем емес төлемақы белгілеу мүмкіндігін қарастыруы, тараптардың ұсынған дәлелдемелерін толық және объективті зерттеуге құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасауы, дау тараптарының жақын қарымқатынастарын назарға алып, татуластыру рәсімдерін қолдану мүмкіндігі туралы мәселені қарауы қажет.

Азаматтық процестік заңнаманың қағидаттарын ескере отырып, заңды және әділ шешім қабылдау үшін заңда көзделген барлық шараларды қабылдау қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақтөбе қаласының №3 сотының 2021 жылғы 25 маусымдағы шешімі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.

Соңғы үш жыл ішінде жоғалтылған табысты, ай сайынғы төлемді өндіру талаптарын қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінде күші жойылып, бұл бөлігінде іс Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жіберілсін.

Қалған бөлігінде дауланған сот актілері күшінде қалдырылсын.

Б[...] өкілі – адвокат С[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н. Шәріпов

Судьялар А. Ескендіров

Т. Ибрашев Көшірмесі дұрыс Судья Т. Ибрашев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.