ҚАУЛЫ
2024 жылғы 29 қазан 6001-24-00-6ап/1329 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
жауапкер және мүдделі тұлға өкілі «Зайсан ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Жер қатынастары бөлімі) Е.Қ.Қайрақбаевтың қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Берик Муратаевич Тамтыковтың жауапкер Зайсан ауданының әкіміне (бұдан әрі – әкім) қаулыны заңсыз деп танып жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы шешіміне, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 наурыздағы қаулысына мүдделі тұлға А.Акыттың және Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 наурыздағы қаулысы мен ұйғарымына мүдделі тұлға Жер қатынастары бөлімінің кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Әкімнің Аскар Акыт пен Еркин Мамиулы Камановқа «Қайсар» шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін жалға беру туралы 2023 жылғы 1 тамыздағы №549 қабылданған қаулысы заңсыз деп танылып күші жойылған.
Сондай-ақ осы сотпен анықталған бұзушылықтар бойынша әкімге, Жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Қ.Қайрақбаевқа қатысты анықталған заң бұзушылықтар бойынша тексеру мен шаралар қабылдау үшін жеке ұйғарым қабылданған.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 наурыздағы қаулысы мен ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлғалар А.Акыт пен Жер қатынастары бөлімі кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер және мүдделі тұлға өкілі Жер қатынастары бөлімі өкілінің кассациялық шағымдарды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жайлы конкурсқа № 6 лот бойынша Зайсан ауданының Қаратал ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 7, 0 км жерде 05-069-010 есептік орамының аумағында орналасқан ауданы - 31,9 га учаскеге конкурс өткізілген.
2023 жылғы 27 шілдедегі Зайсан ауданының жер комиссиясының №3-2 хаттамалық шешімімен №6 лот бойынша А.Акыт пен Е.Каманов жеңімпаз болып анықталды.
2023 жылғы 1 тамызда әкім жер комиссиясының шешімі негізінде А.Акыт пен Е.М.Камановқа 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру туралы №549 қаулы қабылдаған.
Конкурс нәтижесімен келіспеген конкурсқа қатысқан Б.М.Тамтыков сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу, оның тәртібі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 43-1-бабының 3 тармағымен және Қазақстан Республикасы ПремьерМинистрінің Орынбасары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларымен» (бұдан әрі - Қағидалар) реттеледі. Алайда соттармен анықталғандай жоғарыда көрсетілген конкурс өткізілгенде Кодекс пен Қағидалар талаптарын бұзушылыққа жол берілген.
Кодекстің 43-бабы 12-бөлігінің 2-тармағына сәйкес жер комиссиясының құрамы, төрағасын және осы тармақтың жетінші бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында, сегізінші бөлігінің 1) тармақшасында және тоғызыншы бөлігінде аталған адамдарды қоспағанда, бүкіл құрамы ауыстырыла отырып, келесі күнтізбелік он екі ай өткен соң жыл сайын бекітіледі.
Бірақ көрсетілген мерзімде жер комиссиясының құрамы ауыстырылып отырмаған. Даулы конкурс бойынша жер комиссиясы құрамының кейбір мүшелері қатысуға өкілеттіктері болмаған.
Кодекстің 43-1-бабының 15-тармағына сәйкес жер комиссиясының хаттамалық шешіміне отырысқа қатысқан жер комиссиясының төрағасы мен барлық мүшелері, сондай-ақ жер комиссиясының хатшысы қорытынды шығарылған күні қол қояды.
Ал конкурс өткізілгеннен кейін талап қоюшыға берілген комиссия шешімінің данасында комиссия мүшесі К.Болдекбаевтың қолы қойылмаған.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 270-бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы және оны күшінде қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы жоғарыда көрсетілген нормаларға сай қабылданған.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымдар иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 наурыздағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлғалар А.Акыттың және «Зайсан ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар Ғ. Әлжанов
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.