ВС РК - Постановление от 23.05.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3001 (Административное)

6001-23-00-6ап/3001

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 23 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,

жауапкер О[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы А[...] Астана қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы О[...] атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 тамыздағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының өкілі С[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

А[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, онда жауапкердің атқарушылық іс жүргізу қозғалғаны туралы уақтылы хабардар етпегенін, жолдаған хабарламасында 2023 жылы 11 қаңтар деп көрсетілгенін, оған сот актісін өз еркімен орындау үшін 10 күн уақыт берілгенін, алайда, берілген мерзім өтпестен сот орындаушы оны мәжбүрлеп орындау шараларын қолдануға көшкенімен негіздеген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 тамыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылудан бас тартылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі С[...] кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, жауапкер О[...] шағым уәждерін қолдамаған пікірін, іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-бөлігінің және Азаматтық процестік кодексінің 21-бабының 2-бөліктерінің талаптары бойынша соттар шешімдерінің Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады және олар орындалуға жатады.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-тармағына сәйкес, атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық іс-қимылдар туралы және мәжбүрлеп орындау шаралары туралы хабарламамен хабардар етіледі. Бұл ретте шақыру қағазы шақырылатын адамның сот орындаушысына уақтылы келу үшін не атқарушылық әрекеттер жасалған жерге жеткілікті мерзімі болатындай есеппен жіберілуге тиіс.

Осы баптың 2-тармағына сәйкес, хабарлама немесе шақыру қағазы, егер атқарушылық іс жүргізуге қатысушы немесе оның өкілі өзге мекенжайды көрсетпесе, атқарушылық іс жүргізуге қатысушының жұмыс орны бойынша тапсырыс хатпен не оларды алғаны туралы хабарламамен өзге де байланыс құралдары арқылы жіберіледі не қолхатпен адресатқа тапсырылады.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Астана қаласы Алматы аудандық сотының 2023 жылғы 8 ақпандағы шешімімен «A[...]» ЖШС-нің талап арызы қанағаттандырылып, жауапкер А[...] «A[...]» ЖШСне тиесілі мүлікті, атап айқанда Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Сембинов көшесі, [...] үй мекен-жайы бойынша ауданы 0,1883 га жер учаскесінде орналасқан жалпы ауданы 91,9 шаршы метр әкімшілік ғимаратты, жалпы ауданы 21,0 шаршы метр әкімшілік ғимарат және жалпы ауданы 281,0 шаршы метр цехті пайдалануға кедергілерді осы ғимараттар мен жер учаскесін босату арқылы жойып, сондай-ақ, А[...] жалдап отырған белгісіз тұлғалардан босату міндеттелген.

Аталған сот шешімін орындау мақсатында сот орындаушысы О[...] 2023 жылғы 13 маусымдағы қаулысымен соттың берген атқару парағы негізінде атқарушылық іс қозғаған.

Атқарушылық өндіріс аясында ЖСО қаулыларымен атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде тиісті шаралар қабылданған, яғни борышкерге атқару өндірісі қозғалғаны жөнінде 2023 жылғы 26 маусымда «Рика» курьерлік қызметі арқылы хабарламаны алған және оның өкілі С[...] де хабарлама берілген.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жеке сот орындаушысының тарапынан атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулысын шығару барысында ешқандай заң бұзушылық фактілері орын алмаған деп дұрыс тұжырым жасаған.

Сондай-ақ, соттар талап қоюшының талабы өз құқықтарын теріс пайдаланып, заңды күшіне енген сот шешімін орындаудан жалтарып, созбалаңдыққа салу әрекеті деп санайтынын негіздеген.

Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшының өкілі С[...] кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 тамыздағы шешімі және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Көшірмесі дұрыс.

Ғ.Ө. Әлжанов Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.