Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/871 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/871 іс

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 19 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы Э.А.Кожагельдиеваның, жауапкер өкілі М.М.Жумашовтың,

үшінші тұлға өкілі З.Ж.Садуахованың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында, Қазалы аудандық сотының 2025 жылғы 3 қарашадағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 22 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Эльнора Амирхановна Кожагельдиеваның жауапкер Қызылорда облысының білім басқармасының «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, жауапкер жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға Қызылорда облысының білім басқармасының «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне еңбек шартын бұзу туралы ескертпе хатпен, шағын орталығын тарату туралы бұйрықтын күшін жою, жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын өндіру жөніндегі электрондық азаматтық істі қарап,

Э.А.Кожагельдиеваның аталған талап қоюы, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 22 қаңтардағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Қазалы аудандық сотының 2025 жылғы 3 қарашадағы шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылған.

Оған соттардың қысқартудың шын мәнінде жүргізілгені және талап қоюдың тиісті емес жауапкерге қойылғаны, даулы бұйрықпен еңбек шартының бұзылмағаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында, соттардың бұл түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты талап қоюын қанағаттандыруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде сот актiсінің заңдылығын тексерiп, талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан,

материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабында бекітілген әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығы еңбек құқықтық қатынастарына қатысушыларға да қолданылады.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 52бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші - жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған жағдайда бұзылуы мүмкін.

Кодекстің 53-бабының 1-тармағының талабы бойынша егер еңбек, ұжымдық шарттарда хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу кезінде еңбек шартын бұзу туралы жұмыскерді кемінде бір ай бұрын хабардар етуге міндетті. Еңбек шартын жұмыскердің келісімімен бұзу хабардар ету мерзімі өткенге дейін жүргізілуі мүмкін.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы «Гаухар» шағын орталығының (бұдан әрі-Орталық) жұмысы тоқтатылатыны туралы 2025 жылғы 20 тамызда №215 хатпен хабардар етілген.

«Қазалы ауданы бойынша білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 29 тамыздағы №110-нқ бұйрығымен Орталық таратылған.

Осы бұйрыққа байланысты жауапкердің 2025 жылғы 3 қыркүйектегі №279-жқ бұйрығымен Орталықтың жұмысы тоқтатылып, оның барлық жұмысшыларымен, оның ішінде талап қоюшымен 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 280-жқ бұйрығымен еңбек шарты бұзылған.

Яғни, Орталықтың қызметі шын мәнінде тоқтатылған.

Алайда, жұмыс берушімен еңбек шартын бұзуда, жоғарыда көрсетілген еңбек заңнамасының бұзылуына жол беріліп, талап қоюшы еңбек шарты бұзылатыны туралы кемінде бір ай бұрын хабардар етілмеген.

«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 Нормативтік қаулысының (бұдан әрі-Қаулы )11тармағының талабына сәйкес, еңбек шартын тоқтату кезінде заңнаманың бұзылуына орай жұмысқа қайта алу туралы шешім қабылдай отырып, сот жұмыс берушінің актісін, талап қоюшы мұндай талапты мәлімдемесе де, заңсыз деп таниды. Осы жағдайда сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптардың негізінде шешу туралы қағиданы бұзбайды (АПК-нің 225-

бабының екінші бөлігі), өйткені жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісі заңсыз деп танылмайынша жұмысқа қайта алу мүмкін болмайды. Қаулының 31-тармағы бойынша, еңбек шарты заңсыз тоқтатылған жағдайда жұмыскер дауды қарау кезінде оның бұрынғы лауазымы іс жүзінде болмағанына (қысқартылғанына) қарамастан, бұрынғы жұмысына қайта алынуға жатады. Жұмыскермен еңбек шартының кейіннен тоқтатылуы немесе бұзылуы заңда белгіленген тәртіп пен негіздер сақтала отырып қана жүргізілуі мүмкін.

Сондықтан еңбек шартын бұзу кезінде заңнаманың бұзылуына жол берілгендіктен, бұл туралы мәлімделмегеніне қарамастан «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 280-жқ еңбек шартын бұзу туралы бұйрығы заңсыз деп танылып күші жойылып, талап қоюшы бұрынғы жұмысына қайта алынуға жатады.

Кодекстің 161-бабының 1-тармағына сәйкес, бұрынғы жұмысына қайта алынған жұмыскерге бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысы немесе басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған кезде төмен ақы төленетін жұмысты орындаған уақыт үшін жалақысындағы айырма, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа төленеді.

Іс құжаттарында талап қоюшының жалақысы туралы мәлімет жоқ. Тіркелген есеп айырылысу парағы бойынша оған еңбек шарты бұзылғаннан кейін бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде 177 147 теңге өтемақы есептелген.

Талап қоюшы сотта өзінің айына 150 000 теңге жалақы алып келгенін көрсетті, жауапкермен бұл жалақы мөлшері дауланған жоқ.

Сондықтан жалақы көлемі осы мөлшерде белгіленіп, жауапкерден алты айға 900 000 теңге жалақы өндірілуге жатады.

Талап қоюдың еңбек шартын бұзу туралы ескертпе хаттың күшін жою туралы бөлігі бойынша, АПК-тің 277-бабының 1-бөлігі негізінде бұл талаптың азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпағандықтан іс жүргізу тоқтатылуға тиіс.

Себебі, жұмыс берушінің еңбек шарты бұзылатыны туралы жұмыскерге жолдаған хаттың құқықтық салдары жоқ, онымен тараптар арасында белгілі бір азаматтық құқық пен мiндеттер туындамайды, пайда болмаған, өзгермеген және тоқтатылмаған.

Талап қоюдың 2025 жылғы 3 қыркүйектегі №279-жқ бұйрықтың күшін жою туралы бөлігін қанағаттандыруға құқықтық негіздер болмаған, Орталықтың жұмысының шын мәнінде тоқтатылғаны расталған, аталған мәнжайлар талап қоюшымен жоққа шығарылмаған.

Осы мән-жайларға байланысты бірінші сатыдағы соттың талап қоюшымен еңбек шартының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес бұзылғаны туралы, апелляциялық сатыдағы соттың даулы ескертпе хатта

немесе даулы жұмыс берушінің бұйрығында талап қоюшымен еңбек шарты бұзылғаны туралы көрсетілмегені жөніндегі тұжырымдары негізсіз болып табылады.

Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы сотпен талап қою тікелей жұмыс берушіге емес мектеп директоры М.М.Жумашевқа, яғни тиісті емес жауапкерге қойылғаны жөнінде формальды пайымдау жасалған.

Талап қоюда жауапкер қатарында тікелей «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, мектептің мекенжайы, мектептің бизнес сәйкестендіру нөмірі көрсетілген.

Дау жеке М.М.Жумашев арасында емес еңбек қатынасынан туындаған, талап қоюдың нысаны мен негізі еңбек шартының заңсыз бұзылуы туралы.

Одан бөлек, бірінші сатыдағы сотта іске мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Е.Абишев пен оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.Ж.Калыбекова мектептің атынан берілген сенімхат негізінде қатысқан. Олар сотта істі қарауда тікелей М.М.Жумашевқа өкілдік етпеген.

Осы мән-жайларға байланысты іс бойынша дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін, даудың мән-жайы толық анықталғанын ескере отырып, сот актілері өзгертілуге, шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.

Тараптардың екеуі де сот шығыстарын төлеуден босатылғандықтан, іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар бюджет қаражаты есебіне жатқызылады. Талап қоюшыға іс бойынша төленген 1966 теңге мемлекеттік баж қайтарылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармағын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қазалы аудандық сотының 2025 жылғы 3 қарашадағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 22 қаңтардағы қаулысы өзгертілсін.

Шешім мен қаулының талап қоюшы Эльнора Амирхановна Кожагельдиеваның талап қоюының бас тарту туралы бөлігінің күші ішінара жойылып, осы бөлігінде талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

Қызылорда облысының білім басқармасының «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 280-жқ еңбек шартын тоқтату туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылсын.

Талап қоюшы Эльнора Амирхановна Кожагельдиева Қызылорда облысының білім басқармасыныңі «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік

мекемесінің жанынан ашылған «Гауһар» шағын орталығының «тәрбиеші» жұмысына қайта орналастырылсын.

Талап қоюшы Эльнора Амирхановна Кожагельдиеваның пайдасына Қызылорда облысының білім басқармасыныңі «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен 900 000 (тоғыз жүз мың) теңге бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысы өндірілсін.

Талап қоюдың Қызылорда облысының білім басқармасыныңі «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еңбек шартын бұзу туралы ескертпе хатының күшін жою туралы бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылсын. Талап қоюшы Эльнора Амирхановна Кожагельдиеваға іс бойынша төленген 1966 (мың тоғыз жүз алпыс алты) теңге мемлекеттік баж қайтарылсын.

Сот актілерінің қалған бөлігі күшінде қалдырылсын. Кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.