Қ А У Л Ы
2026 жылғы 14 қаңтар №6003-25-00-2к/3284 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.Б.Тоқсанбаев, А.А.Даненова,
прокурор Н.А.Молдаханов, талап қоюшының өкілдері М.Сапарұлы, Қ.У.Құлтаевтың қатысуларымен ашық сот отырысында талап қоюшы Тамара Муртазовна Абдуллаеваның жауапкер Шымкент қаласы әкіміне, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап қоюымен қабылданған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 6 қаңтардағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 сәуірдегі қаулысына талап қоюшы Т.М.Абдуллаеваның кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Т.М.Абдуллаева сотқа аталған талап қоюымен жүгініп, талаптарын өзіне тиесілі емес Шымкент қаласы, Достық шағын ауданы, Сыпыра жырау көшесі, №3140 А үй мекенжайы бойынша орналасқан жер теліміне өз қаражатымен тұрғын үй салып, сол тұрғын үйдің коммуналдық төлемдерін төлеп келгенімен негіздеген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 6 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 сәуірдегі қаулысымен шешім күшінде қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы сот шешімдерімен келіспей соттар тарапынан материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығын және сот қорытындыларының істің мән-жайларына сәйкес келмейтіндігіне өз талаптарын дәлелдей отырып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшының өкілдерінің кассациялық шағымда көрсетілген уәждерін тыңдап, істің құжаттары мен шағымның дәлелдерін зерттеп, сот келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының
бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
Т.М.Абдуллаева құжаттары жоқ бос жатқан жер телімін өз бетінше иемденіп, тұрғын үй құрылысын салған. Талап қоюшы аталған үйде отбасымен тұрады және сол тұрғын үйдің коммуналдық төлемдерін төлеп келеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 244-бабының 3-бөлігіне сәйкес, өзiне тиесiлi емес жер учаскесiне құрылысты жүзеге асырған адамға жер теліміне салынған құрылысты орналастыру үшiн осы адамға белгiленген тәртiп бойынша берiлген жағдайда ғана өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығы танылады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №5 «Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселері туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағына сай, өз бетімен салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап жергілікті атқарушы органға беріледі және талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралады. Егер құрылыстың сақталуы басқа тұлғалардың заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқпаса немесе азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе, мұндай талаптар қанағаттандырылуы мүмкін. Мұндай жағдайлар құрылысы аяқталған объектілерді мемлекеттік қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті органдардың рұқсаттарымен расталуы қажет деп көрсетілген.
Осы қаулының 12-тармағына сәйкес, осындай мақсаттарға арналып бөлінбеген жер телімінде өз бетімен салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап аталған жер телімі талап қоюшыға заңда белгіленген тәртіппен берілетін жағдайда ғана қанағаттандырылуы мүмкін. Сондықтан істі сотта қарауға дайындау кезінде судья талап қоюшыға жер телімі оған берілетіндігі, құрылыстың сәулет және құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетіндігі туралы дәлелдемелерді келтіруге ұсыныс жасау керек.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-бабы 10-тармағына сәйкес, егер облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органының және кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп бағаланады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты көздейдi.
Даулы құрылыс орналасқан жер телімі мемлекеттің меншігіндегі жер.
Талап қоюшы жергілікті атқару органының тиісті жер телімін беру туралы шешiмiн алмаған, жер учаскесінің нақты шекарасын белгiлемей, мемлекетке тиесілі жер телімін өз бетімен иемденіп, заңсыз тұрғын үй тұрғызған.
Жергілікті соттар жоғарыда көрсетілген мән-жайларды және заң талаптарын негізге алып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы негізді тұжырымға келген. Жерді иелену және онда құрылыс жүргізу алдын-ала рәсімделуі тиіс, ондай құжаттар жасалмаған жағдайда жерді иелену заңсыз, ол жерде орналастырылған құрылыс заңдастырылмаған құрылыс болып саналады.
Талап қоюшы өзіне тиесілі болмаған жер телімінде тұрғын үй құрылысын азаматтық және жер заңнама талаптарын, сонымен қатар, құрылыс нормаларын сақтамай салған. Қазақстан Республикасында құрылыс жүргізудің нақты тәртібі мен талаптары бекітілген. Талап қоюшының осы талаптарды сақтамағанын ескеріп, АК-нің 8-бабының 7-тармағына сай, талап қоюшының жергілікті соттар тарапынан құқығын қорғаудан дұрыс бас тартылған.
Сонымен қатар, талап қоюшы тарапынан Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 43-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жер телімдеріне меншік құқығын анықтау және рәсімдеу тек Шымкент қаласының әкімінің құзыреті шегінде жүзеге асырылатыны ескерілмеген.
АПК-нің 72-бабына сәйкес, яғни әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды сот отырысында келтіруі тиіс.
Алайда, талап қоюшының өз бетімен салған тұрғын үйі құрылыстың сәулет және құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетіндігі туралы дәлелдемелері де сотқа берілмеген.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сай жергілікті атқарушы органның заңсыз құрылыс салынған жер теліміне құқық табыстауға келісімі болмаған жағдайда ол нысанға меншік құқығын тануға болмайды, себебі бұл заңның міндетті шарты болып есептеледі. Қаралапы отырған іс бойынша, жергілікті атқарушы органның яғни әкімнің даулы жер телімін талап қоюшыға беруге келісімі туралды дәлел жоқ.
Талап қоюшының өкілдерінің ұсынылған құрылыс нысанының техникалық жағдайының құрылыс нормаларына сәйкес келетіндігі, аз қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқандығы, тұрғын үйдің коммуналдық төлемдерін уақтылы төлеп отырғандығы, үшінші тұлғалардың мүдделерін бұзбайтындығы туралы келтірген уәждері жоғарыда көрсетілгендерге байланысты сот шешімдерінің күшін жоюға негіз болып табылмайды. Жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтап, құқықтық баға беріп, заң нормаларын дұрыс қолданып, негізді сот актілерін қабылдаған. Іс нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуын, шағымда көрсетілген уәждер
растамайды. Талап қоюшының кассациялық шағымдағы уәждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан талап қоюшының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 6 қаңтардағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 сәуірдегі қаулысы осы іс бойынша күшінде, талап қоюшы Т.М.Абдуллаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев Судьялар А.Б.Тоқсанбаев А.А.Даненова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.